Жаңалықтар

Биыл заңсыз ағаш кесу бойынша 112 факті анықталды

Биыл заңсыз ағаш кесу бойынша 112 факті анықталды
Фото: t.me/KZgovernment 24.12.2024 11:24 273

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоршаған ортаны қорғау саласында ақпараттық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, олар өздігінен қоқыс полигондарының пайда болуы және ағаштарды заңсыз кесу сияқты экологиялық мәселелерді шешудің ажырамас құралына айналды. Мысалы, спутниктік суреттер мен жасанды интеллект бақылаушы органдардың осы қауіптермен күресу мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Биыл заңсыз қоқыс орындарын жою шараларын қолданбаған 159 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 2024 жылы заңсыз ағаш кесу бойынша 112 факті анықталды. Оның 56-сы бойынша материалдар сотқа жолданды.

Аумақтық экология департаменттері стихиялық қоқыс үйінділерінің анықталғаны туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» спутниктік деректері негізінде жұмыс жүргізуде. Әрбір анықталған факт бойынша мамандар үйінділер орналасқан жерге барып, оларды тіркейді. Одан кейін әкімдіктерге осы үйінділерді жоюға нұсқама беріледі. Егер белгіленген мерзімде тиісті шаралар қабылданбаса, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар заңсыз ағаш кесу мәселесі бойынша да жұмыс жүргізілуде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» спутниктік деректері негізінде анықталған фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі. Жасанды интеллект технологияларын пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау мен жоюдың тиімді құралы болып саналады, – деп атап өтті экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға