Коллаж El.kz

Биыл Виктор Мозес келді, «Қайсар» алғашқы үштікте болады – Бақтияр Артаев

03.02.2026 15:02

Қазақстанда соңғы жылдары спорт саласында бір құбылыс жиі байқалады. Кеше ғана халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған спортшылар біртіндеп басқару қызметіне келіп жатыр. Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары бүгінде спорт федерацияларында, өңірлік басқармаларда, министрлік құрылымдарында түрлі деңгейде қызмет атқаруда. Осы тұрғыда бір жыл бұрын Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев басшылыққа тағайындалды. Жақында басқарма басшысымен аз-кем сұхбаттасуға мүмкіндік туды. 

Бұл тағайындау өңір спорты үшін жаңа кезеңнің басталуымен тұспа-тұс келді. Бір жыл ішінде қандай шешімдер қабылданды, қандай бағыттар өзгерді, ал қандай мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр? Осы сауалдарға басқарма басшысы жауап берді. 

Басқару жүйесіндегі өзгерістер

Бақтияр Артаевтың айтуынша, алғашқы кезекте өңір спортындағы басқару тәсілі мен ұйымдастыру мәселелеріне назар аударылған. Оның сөзінше, бұрын жинақталған проблемалар бір жылда толық шешіле қоймайды, алайда жүйені қайта қарау қажет болған.

Соңғы бір жылда Қызылорда спорты бойынша белгілі бір жұмыстар атқарылды. Инфрақұрылым, басқару жүйесі қайта қаралды. Бұл – бір күннің немесе бір айдың жұмысы емес. Біз алдымен жүйені түсініп алуымыз керек болды. Қандай спорт түрлеріне басымдық беріледі, қай бағытта нәтиже бар, қай жерде шығын көп – осының бәрін сараладық, – дейді ол.

Оның айтуынша, өңірде спорт нысандарын пайдалану, жарыстарды жоспарлау, қаржы бөлу тәртібі қайта қаралған. Бұл өзгерістердің нәтижесі алдағы уақытта көрінуі тиіс.

«Қайсар» және жекешелендіру мәселесі

Әңгіме барысында «Қайсар» футбол клубының болашағы да қозғалды. Қазіргі таңда клубты жекешелендіру мәселесі қоғамдық деңгейде жиі талқыланып жүр. Бұл бағытта нақты шешім қабылданбағанымен, келіссөздер жүріп жатқаны белгілі.

Президент тапсырмасына сәйкес, “Қайсар” футбол клубын жекешелендіру мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер бар. Кәсіпкер Исламбек Қозбақовпен бірқатар мәселе талқыланды. Оның ішінде инфрақұрылым, база, академия салу секілді жобалар бар. Бірақ бұл – жоспар деңгейіндегі жұмыстар. Нақты іске асуы алдағы уақытта белгілі болады, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жекешелендіру клубтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қарастырылып отыр.

Олимпиадалық спорт түрлері және балалар спорты

Сараптамада ерекше назар аудартатын мәселенің бірі — олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру. Бұл тақырып соңғы жылдары республикалық деңгейде де жиі көтеріліп жүр.

Қазіргі таңда спорттағы негізгі өлшем — Олимпиада ойындары. Әлем чемпионы болу — үлкен жетістік, бірақ ол әрдайым тұрақты көрсеткіш бермейді. Сондықтан біз балаларды ерте жастан олимпиадалық спорт түрлеріне бағыттау мәселесін көтеріп отырмыз. Егер бұл бағытта жүйелі жұмыс болмаса, нәтиже де болмайды, – дейді Артаев.

Оның айтуынша, кикбоксинг, бокс, самбо секілді спорт түрлерін бір орталыққа шоғырландыру арқылы ресурсты тиімді пайдалану көзделіп отыр. Бұл өзгерістер бірден нәтиже бермегенімен, ұзақ мерзімді мақсатқа бағытталған.

Қаржы мәселесі: себеп пен салдар

Өткен жылы Қызылорда спортында қаржы тапшылығына қатысты сын айтылды. Оның айтуынша, былтыр жыл соңына төрт ай қалғанда басқарма қаражаты таусылған. Бұған басты себеп – бұрын ұлттық құрама сапындағы спортшыларды республикалық бюджет қаржыландырса, былтыр олардың барлығы облыстық бюджет есебінен қамтамасыз етілген.

Былтыр жылдың соңында қаржылық қиындық болды. Ұлттық құрамаға кірген спортшылар бұрын республикалық бюджеттен қаржыландырылатын. Өткен жылы бұл шығын облыс бюджетіне өтті. Соның салдарынан жылдың соңғы төрт айында қаржы жетіспеушілігі байқалды. Бұған қоса тоғызқұмалақ пен шахмат секілді спорт түрлерінің жарыстары айтарлықтай шығынды талап етеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, биыл қаржы бөлу жүйесі өзгертіліп, шығындар алдын ала жоспарланатын болған.Қаражат айлар бойынша нақты жоспарланған. Енді федерациялар спортшыларды тек Қазақстан чемпионаттарына, сондай-ақ әлем және Азия біріншіліктеріне ғана жібереді. Ұсақ турнирлер мен жергілікті жарыстарға қатысуға шектеу қойылған.

Қазір біз әр жарысты жеке қарастырамыз. Басымдық Қазақстан чемпионаттарына беріледі. Бұл — мәжбүрлі шешім, бірақ қаржыны бақылауда ұстау үшін қажет, – дейді басқарма басшысы.

«Қайсардың» қарызы және кадр саясаты

Сұхбатта «Қайсар» клубының қарызы да қозғалды. Артаевтың айтуынша, ол қызметке келген кезде клубтың берешегі 760 миллион теңгені құраған.

Қазіргі таңда оның 130 миллион теңгесі жабылды. Қалған қарыздың басым бөлігі бұрыннан жиналған салық пен жалақы берешегі. Бұл мәселе облыс әкімдігімен бірлесіп қаралып жатыр. Бюджетке өтінім берілді, – дейді ол.

Кадр мәселесіне қатысты басқарма басшысы мемлекеттік клубтар легионер алмауы тиіс деген талап сақталып отырғанын айтты.

Қазір “Қайсар” құрамында 30-ға жуық қазақстандық ойыншы бар. Былтыр бұл көрсеткіш төмен болатын. Биыл негізгі құрамдағы ойыншылардың басым бөлігі — жергілікті спортшылар, – деді ол.

Футбол бағытына қатысты жоспарлар да нақтыланып отыр. Бақтияр Артаевтың айтуынша, қазіргі таңда команда құрамын күшейту мәселесі күн тәртібінен түспеген. Бұл жұмыс алдағы маусымға нақты мақсат қоюмен байланысты.

«Әлі де мықты ойыншыларды қарастырып жатырмыз. Сол ойыншыларды тартудың арқасында Қазақстан Премьер лигасында үштікке кірсек деген мақсат бар. Жанкүйерлердің талабы өте жоғары, біз оны жақсы түсінеміз. Қашанғы ұшып кетеміз деп қорқамыз. Биыл футболдан да үздік өңірлердің қатарында болсақ деген үмітіміз бар. Бұйырса, сол матчтарға барлық қазақстандық жанкүйерлердің басын Қызылордада қоссақ деген ниет бар», – деді ол.