Биыл "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ел көлемінде 573 экологиялық іс-шара өткізілді
Биыл "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ел көлемінде республикалық және халықаралық деңгейде 573 экологиялық іс-шара өткізілді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Министрдің мәліметінше, биылғы акциялардың нәтижесінде 189 мың тонна қоқыс қалдығы жиналып, 735 мың гектар аумақ тазартылған. Сонымен қатар, 2 миллионнан аса ағаш отырғызылды. Бүкіл ел бойынша өткен экологиялық акцияларға 2 миллионға жуық адам қатысқан. Оның ішінде 156 мың волонтер бар. Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, "Таза Қазақстан" бастамасына тек мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер де белсенді араласып жатыр. Мысалы, "Ауыл" партиясының "Таза 25 шақырым" жобасы аясында халық жиі баратын су айдындарының жағалауы тазартылу үстінде. Осының арқасында, қазірдің өзінде 102 шақырым қамтылып, 470 тонна қоқыс жиналған. Оның айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 шақырымға жетпек. Сонымен қатар, тазалық шараларында бизнес өкілдері де назардан тыс қалмаған. Олар 281 іс-шара мен түрлі акция ұйымдастырған.