Жаңалықтар

Биыл талапкерлерге 88 мың грант бөлінді

Биыл талапкерлерге 88 мың грант бөлінді
Фото: El.kz 22.05.2023 15:30 1744

Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан бойынша жалпы ҰБТ-ға қатысуға 166 мың талапкер өтініш білдірді. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары орындалатын болады. Яғни гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар тығыз орналасқан жаңа құрылғылар және Батыс аймақтағы жастар үшін арнайы гранттар бөлінген.

2023 жылы өңірлік жоғары оқу орындарына бөлінетін педагогикалық квоталар саны артты. Яғни 6280 грант бөлінді. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді. «Серпін» бағдарламасына қатысты биыл екі өзгеріс енді. Аталған бағдарламаның өтеу мерзімі қысқарды. Бұған дейін ол 3 жыл болса, қазір 2 жылдық мерзімді құрайды, - деді Қуаныш Асылханұлы.

Сонымен қатар вице-министр биыл жалпы білім беруге 88 мың грант бөлінгені жайлы айтты.

73 мың грант бакалавриатқа, 13 мың грант магистратураға, 1890 грант докторантураға бөлінді. Биыл грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде өзгеріс жоқ. Яғни 13-20 шілде аралығында грантқа құжаттарды қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін ұсыну 10 тамызға дейін жариялауды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарына қабылдау әдеттегідей 25 тамызға дейін жүзеге асырылады, - деді ол.

Грантқа қатысу үшін қазір басталған мамыр-маусым аралығындағы ҰБТ-ның нәтижесі қабылданады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға