Жаңалықтар

Биыл студенттердің стипендиясы 20%-ға өседі

Мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайады
Биыл студенттердің стипендиясы 20%-ға өседі
Фото: kzvesti.kz 02.01.2023 11:15 2245

Еліміздің жоғары оқу орындары шәкірттерінің стипендияларын арттыру бойынша жұмыс жалғасты, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту жоспарланған.

Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық жоғары оқу орындарын зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау процесі жалғасады. Атап айтқанда, 2023 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жаңа мәртебеге ие болады. Бұл оның ғылыми әлеуетін және ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, жатақханаларды қайта жөндеу және салу ісі МЖӘ тетігі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ЖОО-лар жатақханаларда орындардың қажетті саны болған жағдайда ғана қосымша мамандықтар аша алатын болады.

Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және сыйлықтармен көтермелейді.

Сонымен қатар қазақстандық жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жүргізіледі. Биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланған.

Республиканың жаңа өңірлерінде ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға да ерекше назар аударылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру мәселелері пысықталатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға