Жаңалықтар

Биыл ШҚО-ға 280 мыңнан астам турист келді

Биыл ШҚО-ға 280 мыңнан астам турист келді
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 07.12.2023 01:37 850

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Алқалы жиынға өңір азаматтары, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, өңірлік спорт федерацияларының басшылары, туризм саласының кәсіпкерлері, спортшылар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңір тұрғындарымен кездесуде Ермек Маржықпаев министрліктің биылғы жұмысы, туризм және спорт саласында жүргізіліп жатқан реформалар және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Мәселен, биыл Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының Айыртау ауылында спорт модулінің құрылысы аяқталды, сондай-ақ Алтай қаласы мен Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде, Күршім (Күршім ауданы), Үлкен Нарым (Қатонқарағай ауданы) және Белоусовка (Глубокое ауданы) ауылдарында стадиондарды қайта жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Министр еліміздің барлық өңірінде спорт нысандарын ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде спорттық инфрақұрылымға аса мұқтаж өңірлердің, атап айтқанда ауылдық жерлердің тізбесі айқындалады. Түгендеу қорытындысы бойынша ШҚО-да 1859 нысанның 10 пайызы немесе 186 объектінің қажетті параметрлерге сәйкес емес екені анықталды.

Еліміз тәуелсіздік алғалы Шығыс Қазақстан облысының 40 тумасы Олимпиадаға қатысты. Бұл шығыс өңірінің спорттық әлеуеті жақсы екенін көрсетіп тұр. Қытайда өткен Азиада қорытындысы бойынша жергілікті спортшылар семсерлесу, байдарка және каноэда ескек есу, есу слаломы бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінгенімен, 2023 жылғы Азия ойындарында алғаш рет ШҚО атлеттері алтын медальсіз қалды. Өкінішке қарай, спортшыларымыздың өнерін жалпы қарастырар болсақ, олардың өнеріне көңіліміз толмайтынын, әсіресе бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі және басқалары бойынша лайықты нәтиже көрсете алған жоқ, - деп сөзін түйіндеді Ермек Маржықпаев.

Жыл соңына дейін Шығыс Қазақстан облысында 7 инвестициялық жоба жоспарланған, оның үшеуі жүзеге асырылып үлгерді. 2023 жылы Өскемен қаласында халықаралық дәрежедегі Best Western Plus төрт жұлдызды қонақ үйінің, «Мұзтау» эко-қонақ үйі, 3 қонақ үйдің құрылысы аяқталды, сонымен қатар Қатонқарағай ауданындағы «Топқайың» базасы кеңейтілді. Биыл Өскемен қаласында «Диамант» қонақ үйінің және Күршім ауданында ауыр жүк тасымалдайтын көліктерге арналған жол бойындағы қонақ үй құрылысы аяқталады. 2024 жылы Бұқтырма су қоймасының жағасында Shale la Bale демалыс орнының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Министр қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуеті толық ашылмағанын атап өтті:

Облыстарыңыз табиғат ресурстарының бірегейлігімен, ландшафтардың әр алуандығымен және бай тарихи мұрамен ерекшеленеді. Мұның бәрі туризмнің барлық түрін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. ЮНЕСКО тізіміне енген Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі әлемдік санаттағы көрнекі жер саналады. Әлеуеті үлкен екенін айта кету керек, бізге оны толықтай пайдалану қажет. Себебі бұл аймақ отандық қана емес, шетелдік туристерді тартатын орталықтың біріне айналуға тиіс, - деді Ермек Маржықпаев.

2023 жылдың 9 айында Шығыс Қазақстанға 281,2 мың жергілікті турист келген, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы өсім – 13,7%. Шетелдік саяхатшылар саны 14,7 мың адамды құраған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ке көп.

Министр есеп бергеннен кейін азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға