Жаңалықтар

Биыл шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы болады – премьер-министр

Биыл шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы болады – премьер-министр
Фото: t.me/KZgovernment 10.05.2024 11:44 4391

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы мәселесіне тоқталып, биыл шегірткенің табиғи таралуы жоғары болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдады. Бұл мақсатқа 140 млрд теңге бөлінді. Форвардтық сатып алу бағдарламасы да жалғасын тапты. Биыл оған 40 млрд теңге көзделген. Менің тапсырмам бойынша дизель отынының қосымша көлемі бөлінді. Отандық зауыттар тыңайтқыштарды бөліп төлеу мүмкіндігімен жіберіп отыр. Сонымен бірге біз фермерлерден агротехнологияларды қатаң сақтау, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын уақытылы қолдану сияқты қарсы міндеттемелердің орындалуын күтеміз, - деді Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, егіс жұмыстарын жүргізген кезде ауа райының ұзақ мерзімді болжамын назарда ұстау қажет екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірге көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы керек.

Бектенов осы салаға байланысты бірқатар мәселені атап өтті.

Бірінші. Қаржы, Экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға берілетін қаражат есебінен шаруаларға кредит беруге қосымша қаржы бөлуді жеделдетуі қажет. Облыстардың әкімдіктері шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамтуы қажет.

Екінші. Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауға тиіс. Су ресурстары министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді ол.

Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктермен бірге егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында жем-шөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етуі керек.

Төртінші. Әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет. Диқандар тарапынан отандық зауыттарда тыңайтқыштар жетіспейді деген шағым түсіп жатқанын айта кеткім келеді. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.

Бесінші. Фитосанитариялық жағдайға ерекше назар аударған жөн. Шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы биылға – 2024 жылға келіп тұр. Бұл мәселеге қатаң жауапкершілікпен қарау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырамын. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуға тиіс. Туындаған мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет, - деді Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға