Жаңалықтар

Биыл полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалатын жыл - инспектор

Биыл полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалатын жыл - инспектор
Фото: El.kz 20.01.2023 19:00 1666

Ішкі істер органында учаскелік инспекторлар ең көп функционалды қызмет атқарады. Олар қылмыстың 12 құрамы бойын­ша іс жүргізсе, әкімшілік құқық бұзушы­лықтың 47 құрамын қарап, жаза қолдана алады. Мемлекет басшысы аталмыш саланың мамандарын «Ұлттық сервистік қызмет» үлгісіндегі басты тұлға ретінде белгілеген болатын. Басты міндеттері қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз етіп, профилактикалық жұмыстар жүргізетін азаматтардың мәртебесі биылғы жылы артатыны туралы да ақпарат бар, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Осындай қызметтің алдыңғы шебінде жүрген мамандардың қызметі жайлы 17 жылдық тәжірибесі бар, оның ішінде инспектор болып 8 жыл қызмет атқарып жүрген Ұлан Жүнісбеков айтып берді. Бұл саланың қызметкерлері өте ұстамды әрі кез келген іске қатаңдау болғанымен Ұлан Нұрманұлы қызметінің маңыздылығымен бөлісті.

Тәуелсіз бейбіт мекенде өмір сүріп жатқанымызбен, бәрінің әлеуметтік жағдайы бірдей емесі анық. Салдарынан қоғамда түрлі оқиғалар орын алып жатады. Білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Сотқа жетпейде шешіліп жатқан қаншама ауыр емес қылмыстық оқиғалар күнделікті тіркеліп отырады. Ал оның бас аяғында жүретін, істің анық-қанығына көз жеткізіп,  ұлт тыныштығын қорғайтындардың бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Олар халықпен тікелей байланыста жұмыс істеп, әкімшілік қадағалауды және профилактикалық жұмыстың негізгі көлемін жүзеге асырады.

Әскери азаматтар мен ІІМ-нің полиция қызметкерлері жайлы ауыз толтырып айтып жатамыз. Дәл солардай ел мен қоғамға адал қызмет етіп жүрген учаскелік полицейлердің әлеуеті байқалмай қалыс қалып жататындай. Негізінен істің басында тұратын осы мамандар. Бейнебақылау камералары арқылы тексеріп қана қоймай, күнделікті әр үйдің есігін қағып қауіпсіздіктеріне тікелей көз жеткізіп отыратын қызметкерлердің жұмыстары насихаттауға тұрарлық.

 «Бізге берілетін аймақта алдымен қылмыстың алдын-алу жұмыстарын жүргізу маңызды рөл атқарады. Учаскелік инспектордың міндеттеріне қызмет көрсетілетін учаскедегі халықтың тыныштығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініш-шағымдарымен жұмыс жасай отыра, басшылықтың жекелеген тапсырмаларын орындау кіреді. Бірінші кезекте халықпен сенімді қарым-қатынас орнатып, азаматтарға көмек көрсету және құқыққа сай келмейтін әрекеттерді болдырмау арқылы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеміз», - дейді ол.

- Ұлан Нұрманұлы, бірінші сізбен жақын таныс болу үшін сұхбатымызды бұл салаға қалай келгеніңізден бастасақ.

- Халықпен жұмыс істеп, адамдарға көмек қолын созуды дұрыс деп санағандықта. Осы қағиданы өмірлік мамандығым ретінде таңдаған едім. 2006-2008 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы «Экономика және құқық академиясында» білім алдым.  Бұл жолда жүргеніме 16 жылдан асып, 17 жылға жетіп жатыр.

- Күн-түн демей халыққа қызмет көрсетіп жүрген инспекторлардың басты міндеттері қандай?

- Біздің сала олқылықты кешірмейді. Ұсақ-түйек немесе жай құқық бұзушылық деген болмайды. Жағдай белгілі болғаннан кейін соңына дейін тексеру жұмыстары жүргізіліп, жеке қадағаланады. Қызметкер күн сайын өзінің әкімшілік учаскесінде аралау жұмыстарын жүргізу арқылы маңызды ақпарат жинайды. Ал нақтылайтын болсам:

- Құқыққа қарсы қол сұғушылық, жазатайым оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсіз не өмірі мен денсаулығына қауіпті өзге де күйдегі жеке тұлғаларға көмек көрсетеді;

- Құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

- Полицияның арнайы күштерінің жасақтарымен өзара іс-қимыл жасайды;

- Жергілікті халықты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға тартады;

- Тұрғындарға әкімшілік учаскедегі құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы хабарлау, оның қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенім деңгейін арттыру мақсатында тоқсан сайын халықпен есептік кездесулер өткізеді;

- Ұлт тыныштығын сақтап, тәртіпті қамтамасыз етуде қандай қиыншылдықтар бар?

- Атап айтарлықтай қиыншылықтар жоқ. Заңнамаға сай әрекет етіп және берілген тапсырманы орындасаң болғаны. Мен жұмыс істейтін учаскелік пункте 10 адам қызмет атқарады. Әр қайсысының өзіне бекітілген әкімшілік аймағы беітілген. Сол бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп, аймақтың тыныштығын қадағалайды. Қару сақтайтын тұрғындарды жіті бақылап, құжаттарын белгіленген уақыт тәртібі бойынша тексерістер жүргіземіз. Сонымен қатар, қылмыс үшін жазасын өтеп шыққан немесе уақытынан бұрын босатылғандарды қатаң бақылауда ұстаймыз.

- Қазіргі таңда тіркелетін заңға қарсы әрекет жасаушылар қандай жас ерекшелігін қамтиды? Тәртіп бұзу деңгейі қандай?

- Қазақстан Республикасында тәртіптік деңгейі бірқалыпты. Заң бұзушылардың басым көпшілігі 25-35 жастағы жастар.

- Республикада кадр тапшылығы байқалады. Мамандықтарыңызға деген сұраныс әлемде болып жатқан факторлар әсер етіу мүмкін бе?  

- Шет жақтарда болып жатқан геосаяси процестер бізге және біздің елге қауіп төндіріп тұрған жоқ. Қоғамға да алаңдаудың себебі жоқ деп білемін. Ол жағдайлар біздің мамандығымызға да еш әсерін тигізбейді. Әрбір қазақ азаматы өзінің елі мен жерін қорғауға әрқашан да дайын.

- Мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі жалақы көрсеткіші көңіліңізден шығады ма?

- Үкіметпен беріліп жатқан айлық деңгейі әрине көңілден шығады. Баланы балабақшаға берерде кезек және пәтер алу бойынша жеңілдіктер беріледі. Сонымен қатар, бәріне мәлім Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2023 жыл  полиция қызметкерлері үшін, қолайлы жағдай жасау жылы екенін атап өткен болатын. Тағы да өзгерістер орын алады деген сенімдеміз.  

- Маңызды саланың қызметкері ретінде қатаң шектеулер қойылары анық. Жеке өмірге немесе басқа да тұстарынан әсер етеді ме?

- Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың өзіндік ауыр тұстары мен ерекшелігі бар. Бізде дәл солай ұлт тыныштығын қамтамасыз етіп, халыққа көмек көрсетеміз. Біздер Қазақстан Республикасының Әдеп кодексінде, Ішкі істер органдары туралы, Мемлекеттік қызмет туралы, Құқық қорғау туралы  Заңдары мен басқа нормативті құқықтық актілерінде көрсетілген міндеттерді орындауға міндеттелеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Жалдамалы пәтерлер, сауда орындары, тұрмысы төмен отбасылар мен кәмелетке толмаған жастар шоғырланатын орындар да учаскелік полицейлердің назарында.  Оған қоса, қызметкерлер жылына бір рет 3 ай көлемінді әр үйді аралап тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Бірақ мұндағы басты мақсат – тұрғындармен тығыз қарым қатынас орнату. Шара негізінен қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында өтеді.

ІІМ-нің келтірген мәліметіне сүйенсек, бүгінде республика бойынша 7 мыңға жуық учаскі инспекторлары бар. Ал нормативтер бойынша салыстырар болсақ, бір маман қала ішінде 2 300 тұрғынға, ал ауыл аймақтарда 1800 азаматқа қызмет көрсете алады екен. Салыстырмалы түрде айтқанда елге 3 мыңнан астам учаскелік полиция инспекторлары керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға