Жаңалықтар

Биыл Мәжілісте жастар мен әйелдердің қатары көп – сарапшы

Биыл Мәжілісте жастар мен әйелдердің қатары көп – сарапшы
Фото: El.kz 28.03.2023 18:00 1203
Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары Әсел Кайдарова ҚР Парламенті Мәжілісіне партиядан сайланған депутаттарға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіне 6 партия өз депутаттарының тізімін шығарды. Тізімде елімізге белгілі біраз азаматтарды көруге болады. Ең бастысы барлық партия 30 % жастарға берілген квотаны дұрыс пайдаланған. Партиялардан ұсынылған депутаттардың 30 % -ы жастар болды. Respublica партиясының 50 %-ы жастар, 6 депутаттың 3-і жас депутат. Биылғы сайлауда партиялардың жастарға үлкен көңіл бөліп, олардың пікірімен кеңесіп жатқаны қуантады, - деді ол.
 
Жаңа партиялардан жаңа депутаттар сайланып жатыр. Биыл Мәжілісте жастар мен әйелдердің қатары көп. Тіпті сайлау алды теледебат бұрын-соңды болмаған жоғары дәрежеде өткенін айта кетті.
 
Теледебат кезінде-ақ бірнеше адам өзінің өткір пікірімен көзіме түсті. Нақтырақ айтқанда, Respublica партиясынан Динара Шүкіжанованың ойтолғауы ұнады. Сонымен қатар, «Amanat» партиясынан Асхат Аймағамбетов сыңды нар тұлғалы азаматтарымыздың билік басына қайта келуін көпшілік күтті деуге болады. Қазақстан халық партиясынан Ирина Смирнова да Мәжіліс депутаты болды. Бұл сайлаудан жаңа леп пен өзгерісті көп байқап отырмыз, - деді.
 
Сондай-ақ, депутаттардың жас ерекшелігіне ғана емес, мүмкіндігіне де ешқандай шектеу қойылмағанын қолдады.
 
Шетелде мүмкіндігі шектеуі жандар қоғаммен тең өмір сүреді. Оларды кез келген ортадан көруге болады. Оларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Біздің елде де сондай қолайлы жағдай жасау керек. Ол үшін Мәжіліске оларды түсінетін мүмкіндігі шектеулі жан келіп, ортаны өзгертуге әсер етуі керек. Ерекше жандардың билікте отырғанын және өздеріне қатысты мәселе жөнінде шешім қабылдай білгенін дұрыс деп есептеймін, - деді Әсел Кайдарова.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға