Жаңалықтар

Биыл елордада қанша бала бірінші сыныпқа барады

Биыл елордада қанша бала бірінші сыныпқа барады
Фото: Астана қалалық әкімдігі 14.08.2024 16:47 622

Оқу жылының басында елордада 282 150 оқушы оқитын 187 мектеп болады. Оның ішінде 110 мектеп – мемлекеттік (233 006 бала), 70 мектеп – жекеменшік (42 674 бала) және 7 республикалық мектеп (6 470 бала). Бұл туралы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, жаңа 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныбына 28 мың баланы қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінгі күнде 24 100 бала қабылданды.

Оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымдық және бала саны шамадын тыс 16 мектеп болды. Мектептердегі орын тапшылық 27 800 мың оқушы орнын құрады. Осы мәселені шешу үшін биыл бір ауысымда 49 790 мың орынға арналған 32 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бір ауысымда 30 290 мың орынға есептелген 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қыркүйек айында бір ауысымда 15 850 мың орынға арналған 12 мектеп пайдалануға беріледі (3 – БИП, 8 – Жайлы мектеп, 1 – жекеменшік мектеп).
Желтоқсан айында бір ауысымда 14 440 орындыққа арналған қосымша 9 мектеп (7 – Жайлы мектеп, 2 – жекеменшік мектептер) пайдалануға беріледі, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Осылайша, биыл жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселесі шешілді. Ал үш ауысымда оқитын 2 мектептің және бала саны шамадан тыс 7 мектептің орын тапшылығы мәселесі 2025 жылы шешіледі.

Серік Әділбаевтың айтуынша, барлығы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың орындық 24 мектеп салынады, оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады.

2024 жылға барлығы 33 білім беру нысанында жөндеу жұмысы жүргізілді. Оның ішінде 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, 31 мектепке ағымдағы жөндеу жұмытары жасалды. Бүгінгі таңда 25 білім мекемесінде барлық жұмыстар аяқталды қалған 8 мекеме жұмыстары жиырма бесінші тамызға дейін аяқталады, – деді ведомство өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға