GOV.kz

Биыл елімізге келетін туристер саны үш есеге артқан

Қазақстанға тур сататын онлайн-платформалар арасында жүргізілген зерттеу нәтижесі саяхатшылардың елге қызығушылығы айтарлықтай өскенін көрсетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Kazakh Tourism» ҰК мәліметінше, 5 мемлекеттегі шетелдік туристік агенттіктерде Қазақстанға арналған 962 тур тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Ең көп ұсыныс Алматы мен Алматы облысына бағытталған. Астана үшінші орында тұр. Сонымен қатар, бірден бірнеше өңірді қамтитын турлардың саны да 2023 жылмен салыстырғанда 7 есе артқан, бұл шетелдік туристердің ұзақ әрі мазмұнды маршруттарға қызығушылығының өскенін білдіреді.

Зерттеу нәтижелері Қазақстанның негізгі нарықтардағы қатысуын айтарлықтай күшейткенін көрсетеді. Туроператорлар осы деректерге сүйене отырып, жаңа даму мүмкіндіктерін нақты бағалай алады, - деді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ Турөнімдерді дамыту департаментінің директоры Маржан Трайыспаева.

Зерттеу шетелдік туристердің Қазақстандағы түрлі бағыттарға сұранысын да көрсетеді:

Еуропалық саяхатшылар экологиялық-шытырман турларды, этно-мәдени бағдарламаларды және қалалық турларды жиі таңдайды.

Қытай туристері трансшекаралық немесе бірнеше елді қамтитын аралас сапарларға қызығады. Ctrip платформасында ұсынылған турлардың жартысынан көбінде осындай маршруттар бар.

Оңтүстік кореялық қонақтар белсенді демалысты мәдени және табиғи орындармен үйлестіретін турларды қалайды.

Парсы шығанағы елдерінен келген туристер Қазақстандағы эко және этно-туризм элементтері бар қалалық турларға басымдық береді.

Еске сала кетейік, қыс мезгілінде еліміздің қай өңіріне саяхаттауға болатыны жөнінде жазған едік.