Биыл елімізде 400-ден астам қосымша білім беру ұйымы ашылды
Биыл балаларды қосымша біліммен қамту оқушылардың жалпы санынан 3,2 млн-нан 3,4 млн-ға дейін өсті. Олардың 62 пайызы тегін үйірмелер мен секцияларға барады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгінге елімізде 380 түрлі бағыттағы үйірмелер бойынша қызмет көрсететін 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Мұндай мәліметті Оқу-ағарту министрлігі ұсынды.
Қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі 2020 жылы 63,5% болса, 2025 жылы 87,2%-ға дейін өсті.
Оқу-ағарту министрлігі тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың барлық санаттары үшін қосымша білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Өткен жылы елімізде 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс істесе, биыл олардың саны 25%-ға артып, 400-ден астам жаңа қосымша білім беру ұйымы ашылды, - деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 5 қосымша білім беру нысаны Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында пайдалануға берілді.

