Жаңалықтар

Биыл елдегі ішкі туристердің саны 9 млн-ға жетуі мүмкін

Биыл елдегі ішкі туристердің саны 9 млн-ға жетуі мүмкін
Фото: El.kz 26.05.2023 19:41 837

Биыл Қазақстандағы ішкі туристердің саны 9 млн-ға жетуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен кеңесте туристік маусымға дайындық және курорттық аймақтарды дамытудың проблемалық мәселелері талқыланды.

Үкіметтің баспасөз қызметі пандемиядан кейін елдегі туризм саласы қалпына келгенін мәлім етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн-ға жетті. Биыл ел ішінде демалуға шешім қабылдаған қазақстандықтардың саны 9 млн адамға жетуі мүмкін деп болжануда.

Мәдениет және спорт министрінің деректеріне сай еліміздегі қонақ үйлер саны 4 мыңға жуықтады. Олар бір уақытта 203 мыңнан астам демалушыны қабылдай алады.

Туризм саланың дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Кеңесте Алматы – Өскемен, Астана – Балқаш – Алматы, Қызылорда – Жезқазған автожолдарын жөндеуді тезірек аяқтау қажеттігі айтылды, бұл осы өңірлердің курорттық аймақтарына туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Республикада туристерді қызықтыратын көптеген әдемі орындар бар. Мемлекет басшысының ерекше назарын, сондай-ақ халық пен бизнестен түсетін мәселелерді ескере отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту, инвестицияларды ұлғайту қажет. Туризм саласының әлеуеті зор. Оның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашады және бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтады, - деді Алтай Көлгінов.

Алакөлдің әуе қатынасы бойынша қолжетімділігін арттыру үшін рейстердің жиілігін көбейтіп, тасымалдауға неғұрлым кең әуе кемелерін тарту тапсырылды. Бұл шаралар ұшақпен саяхаттайтын қазақстандықтардың санын едәуір арттырады деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға