Жаңалықтар

Биыл Қазақстанға Ресейден 262 мыңға жуық адам келді - министр

28 мың шетелдік қызметкерге квота берілген
Биыл Қазақстанға Ресейден 262 мыңға жуық адам келді - министр
Фото: kazaknews.kz 26.09.2022 18:35 1722

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ресейден елімізге қанша адам жұмыс мақсатында келгенін айтты, деп хабарлайды El.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 262 мыңға жуық адам келді. Оның ішінде 6 518 адам – «жұмысқа бару» мақсатын жазған адамдар. Бұл осында жұмыс істегісі келетіндер туралы ақпарат. Екіншіден, бізде 8,7 млн адам жұмыспен қамтылған. Шетелден қанша маман шақыратынымызды ескерсек, биыл біз 28 мың шетелдік қызметкерге квота бердік, қазір тек 15 мың адамға ғана рұқсат берілді. ЕурАзЭҚ елдері аумағында тұратын адамдарға қатысты бізде квота жоқ, Қазақстан азаматтары онда рұқсатсыз жұмыс істей алады және осы елдердің азаматтары бізге рұқсатсыз жұмыс істеуге келе алады», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Т. Дүйсенованың айтуынша, тіпті пандемияға дейінгі кезеңде Ресей Федерациясынан 24 816 адам, содан кейін 2019 жылы – 30 мың, 2020 жылы – 33 мың, ал өткен жылы – 32 мыңға жуық адам келген.

«Қазір келгендер мен кеткендерді ескере отырып, біздің қызметтеріміздің мәліметтері бойынша елге жұмыс мақсатында келген және нарықта жүрген 25 301 ресейлік бар. Оған жыл басынан бері келген 6 мың адамды қоссақ, 31 мыңға жуық ресейлік жұмыс істеп жүр. Жалпы Қазақстанға жұмысқа келген адамдарды бақылау жүргізіліп жатыр, тиісті ақпараттық жүйелер бар, олар біздің ұлттық еңбек нарығымызға қатты әсер етуі мүмкін деп қорқудың қажеті жоқ. Бізде қазір жастарымызды жұмысқа орналастыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде, әзірге бүкіл электронды еңбек биржасын цифрландырдық», - деді Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға