Жаңалықтар

Биыл әскери жиынға 3 мың қазақстандық шақырылады

Биыл әскери жиынға 3 мың қазақстандық шақырылады
Фото: ОКҚ 12.07.2024 17:50 538

Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Генерал-майор Сәкен Жүсіпов 30 күнге созылатын әскери жиын жыл сайын өткізілетінін айтты. Былтыр оған 1500 адам қатысса, бұл жолы олардың саны екі есе артты.  

Әскери жиынға шақырылатындар санының артуы әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жолымен әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігіне байланысты. Әскери жиынға қатысу әскери міндеттілердің білімін өзектендіруге және олардың әскери істегі дағдыларын қалпына келтіруге мүмкіндік береді, – деді ол. 

Спикер әскери жиынға шақырылатын азаматтардың заңнамада белгіленген жасы және шақырудан босатылатын адамдардың санаттары туралы түсіндіріп өтті. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттық құрам өкілдері 50 жасқа дейін, ал офицерлер 60 жасқа дейін шақырылады. Егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар, оқу жылы ішінде күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдарының педагогтері, он сегіз жасқа дейінгі үш және одан да көп баласы бар адамдар әскери жиынға шақырудан босатылады. Одан бөлек азаматтар шақырылғанға дейін міндетті түрде медициналық комиссиядан өтуі тиіс.

Әскери жиынға шақырылған азаматтар әскерде қызмет ететін әскери қызметшілермен тең дәрежеде заттай мүлікпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

Әскери жиын уақытында әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, яғни оларға орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге – мемлекет есебінен ең төменгі 85 000 теңге жалақы төленеді. 

Әскери міндеттілерді жиынға жеткізу және кері қарай тасымалдау Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен теміржол және автомобиль көлігімен жүргізіледі. Жиын оқу полигондарында өткізіледі, оның барысында әскери міндеттілерді далалық лагерьге орналастырады. 

Бас штаб бастығының орынбасары әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызметші мәртебесіне ие болатынын және казармалық жағдайда тұратынын да атап өтті. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен босатуды ішкі қызмет жарғысында белгіленген ережеге сәйкес жиын бастықтары жүргізеді.

Брифинг соңында генерал-майор Сәкен Жүсіпов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға