Биыл Ақмола облысының фермерлері 6,6 млн тонна астық жинады
Ақмола облысы биыл әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, өткен агрокезеңде өңір айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, елдің негізгі астық алқабы мәртебесін дәлелдеді.
Негізгі міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының басты драйверіне айналдыру. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 триллион теңгеден астам кіріс түседі. Өңір диқандары 6,6 миллион тонна рекордтық астық жинады. Өнімділігі гектардан 14 центнерге асты. Астықтың 60%-дан астамы тауарлық сапасы жоғары бидай, – деді Марат Мұратұлы.
Әкім бұл көрсеткіш диқандардың қажырлы еңбегі, мемлекеттің қолдауы мен заманауи технологияларды тиімді әрі уақтылы қолданудың нәтижесі екенін атап өтті.