Жаңалықтар

Биыл 302 мектеп пайдалануға берілмек

Биыл 302 мектеп пайдалануға берілмек
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 06.08.2024 10:31 494

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім алуға қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда республика бойынша 7 859 мектеп жұмыс істейді. Оның 6 387-сі жақсы жағдайда. Десе де министр кейбір аймақтар Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында жөндеу бойынша ең үлкен қажеттілік байқалатынын атап өтті. Министрлік бұл мәселені 2027 жылға дейін шешуді жоспарлап отыр.

Білім алуға қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 222 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс. Ал 58-де құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгіленген мерзімдеріне сәйкес аяқтау көзделген, – деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ министр су тасқыны болған өңірлерде 5 нысанды қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын айтты. Ал 16 нысан бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде.

Жалпы 2024 жылы 536 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің проблемаларын шешуге бағытталып отыр. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет, – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға