ortcom

Биыл 195 ұлытаулық жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант берілді – әкім

03.12.2025 13:07

Ұлытау облысында кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары қарқын алды. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рыспеков ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкімнің айтуынша, өңірде биыл 195 жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант берілген.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингі бойынша Ұлытау облысы 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы өңір деп танылып, алғашқы орынға шықты, – деді Дастан Рыспеков.

Биыл аймақта жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды. Әлемдік және отандық брендтердің франшизалары да көбейген.

Әкім өңір экономикасы мен әлеуметтік әлеуетіне серпін беретін бастамалар жалғасатынын атап өтті.

Бұл жұмыстар облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Бастамалар кезең-кезеңімен жалғаса береді, – деді ол.

Дастан Рыспеков ерекше мысал ретінде Жезқазған қаласындағы 25 жылдан астам уақыт бойы қараусыз тұрған тоқыма фабрикасы ғимаратының мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті.

Ғимарат толық жаңғыртылуда. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. Бұл кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді әкім.