Жаңалықтар

Биыл 149 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті
Биыл 149 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған
Фото: Үкімет 03.02.2023 15:43 1075

Биыл Қазақстанда жалпы құны 1,1 трлн теңгеге 149 инвестициялық жобаны іске асырып, оның нәтижесінде өндіріс орындарында 16,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп көзделген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жобалардың дені құрылыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау мен металлургия салаларына қатысты. Инвестициялық жобалардың көшін Астана қаласы мен Ақтөбе және Алматы облыстары бастап тұрғанын айта кету керек.

Мәселен, ірі жобалардың қатарында «Богатырь» кенішіндегі «Көмір өндірудің циклдік-ағындық технологиясын» айтуға болады. Оның мақсаты электр стансаларын қатты отынмен үздіксіз қамтамасыз етуге байланысты ескірген технологиялық жабдықты жаңарту, сондай-ақ 230 метр тереңдіктен көмір қорын толық әрі тиімді өндіруге бағытталған.

Сонымен қатар Екібастұзда ферроқорытпа зауытын іске қосу жоспарлануда. Оның өндірістік қуаты жылына 240 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Жаңа зауыт іске қосылған бойда оның өнімдері әлемдік стандарттың барлық талабына сәйкес келеді деп күтіліп отыр.

Бұдан басқа «Шұбаркөл Көмір» АҚ арнайы кокс өнімін шығаратын зауыттың жұмысын жолға қоймақ. Осы кәсіпорынның салынуы импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған тағы бір табысты жобаға айналады. Жаңа өндіріс орнында 400 мың тоннаға дейін өнім дайындалады деп межеленіп отыр. Осы арқылы «Шұбаркөл Көмір» АҚ қосылған құны жоғары өнім өндіріп, импорт тәуелділігінен арылуға мүмкіндік алады.

Ал Topan Chemical Industries компаниясы каустикалық сода мен тұз қышқылын өндіретін химия зауытының жобасын қолға алғанын айта кеткен жөн. Аталған химиялық өнім өндірісі маңызды өнеркәсіптік реагенттердің импортын едәуір төмендетіп, Қазақстан мен таяу шет мемлекеттердің кәсіпорындарын отандық өндірістің сапалы химиялық өнімдерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға