Жаңалықтар

Бішкектегі "Барселона" академиясы: спорттық нысан қандай болады?

Бішкектегі "Барселона" академиясы: спорттық нысан қандай болады?
Фото: facebook.com/KyrgyzPresident 29.08.2023 21:17 747

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 30 тамызда Бішкек қаласында "Барселона" испан футбол клубы академиясының құрылысына капсула салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спорт кешені Бішкектің оңтүстік бөлігінде салынады, оның ауданы 15,85 гектарды құрайды. Кешеннің инфрақұрылымына сыйымдылығы 10 мың адамды құрайтын үлкен футбол стадионы, 2 үлкен алаң және бірнеше шағын футбол алаңы бар футбол академиясы енеді.

Сондай-ақ кешен аумағында "Барселона" (Barça) брендімен спорт залы, заманауи бассейн, 7 қабатты медициналық клиника, мұражай, кафе және қонақ үй салынады. Кешен жобасына 1000 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп және 700 орындық балабақша кіреді. Академияда тұрақты негізде 240-300 тәрбиеленуші және өңірлерден тағы 2 мыңға жуық бала футбол академиясының секцияларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Жобаны іске асыру үшін тартылған инвестициялар көлемі шамамен 10 млрд сомды құрайды. Кешеннің құрылысы 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.

Капсула салу рәсімі "Барселона" футбол клубының президенті Джоан Лапортаның, сондай-ақ каталондық команданың бұрынғы ойыншыларының қатысуымен өтті.

Жапаров өз сөзінде атақты футбол клубы Орталық Азияда алғаш рет өз жобаларын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Өздеріңіз білетіндей, кеше Жалал-Абад қаласында "Барселона" футбол клубы академиясының салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиғаны қырғызстандықтар үлкен қуанышпен қабылдады. Академия Орталық Азиядағы клубтың алғашқы ауқымды жобасы болып табылады, осыған байланысты ол қырғыз футболының тарихында ерекше орын алады. Бүгін біз елордада осындай заманауи халықаралық академияның құрылысына капсула салып жатырмыз, - деді Садыр Жапаров.

Сонымен қатар, президент Қырғызстанда қазіргі заманғы спорттық инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

Спорт академиялары болашақта жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ дені сау ұрпақ пен дені сау ұлтты қалыптастыруға оң әсер етеді. Бұл академиялардың тәрбиеленушілері футбол туралы жан-жақты білім алады, жаттықтырушылар өздерінің тәлімгерлік дағдыларын кеңейте алады, бұл өз кезегінде республикада футболдағы бәсекелестікті күшейтеді. Академиялар ұлттық құрамамыз үшін халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жететін үздік ойыншыларды тәрбиелеп отыр, - деді Жапаров.

Сөз соңында Садыр Жапаров "Барселона" футбол клубының президенті Джоан Лапортаға, осы команданың аты аңызға айналған ойыншыларына Қырғызстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларға жеке қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Жалал-Абад пен Бішкектегі академия тәрбиеленушілері ұлы футболшылардың жолымен жүретініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға