Жаңалықтар

Бішкекте 11 журналист изоляторға қамалды

Бішкекте 11 журналист изоляторға қамалды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 18.01.2024 16:29 963

Қырғызстанда бір топ журналист уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бішкек қаласы Первомайский аудандық сотының шешімімен елді жаппай тәртіпсіздікке шақырған деген күдікпен тәуелсіз медиада жұмыс істейтін 11 журналист ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

24.kg-нің хабарлауынша, БАҚ-тың барлық 11 өкілі екі айға Бішкектегі №1 тергеу изоляторына қамауға алынды. Олар 13 наурызға дейін тергеу абақтысында отырады.

Изоляторға қамалған БАҚ өкілдерінің қатарында журналист-зерттеуші Болот Теміровтің әйелі Махабат Тәжібекқызы, Тemirov LIVE және «Айт, Айт Десе» редакциясының қызметкерлері Сапар Аманбеков пен Азамат Ишенбеков, Тemirov LIVE редакциясының қызметкерлері Мақсат Тәжібекұлы, Айке Бейшекеева мен Ақыл Орозбеков, Temirov Live-тың бұрынғы қызметкерлері, қазір «Алға Медиада» (NextTV) жұмыс істейтін Сайпидин Сұлтаналиев мен Ақтілек Капаров, бұрын Temirov Live-та істеген, қазір «ПолитКлиника» басылымында жұмыс істеп жүрген Тыныстан Асыпбеков, Жоодар Бузумов пен Жұмабек Турдалиев бар.

Еске сала кетсек, 15 қаңтарда 24.kg интернет-басылымы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері басылым редакциясының кеңсесіне келгенін хабарлаған болатын. Редакцияға тінту жүргізілген. Редакциялық құрал-жабдықтар мен қызметкерлердің жеке телефондары тәркіленген.

Бас директорлар Әсел Оторбаева, Антон Лымар мен Махинур Ниязова жауап алуға полиция учаскесіне жеткізілген. Жауап алынған соң, олар үйлеріне жіберілген.

Ішкі істер министрлігі ұсталған журналистердің үстінен «Билік өкілдерінің талаптарына бағынбау және жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеген. Журналистер тағылған айыпты мойындамай отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға