Жаңалықтар

Біржыныстылық, педофилизм. Депутат азғындықтың басты себептерін атады

Біржыныстылық, педофилизм. Депутат азғындықтың басты себептерін атады
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.03.2024 13:55 693

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, материалдық емес рухани мұраға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Материалдық емес рухани мұра деген ұғым бар. Қазақ халқының материалдық емес рухани мұрасы үлкен екі саладан тұрады. Біріншісі, Материалдық емес мәдени мұра, екіншісі, Материалдық (заттық) мәдени құндылықтар. Материалдық құндылықтар бойынша Үкіметтің арнайы Қаулысымен тарихи-мәдени ескертікштердің жұмысы жүйелі жүргізілуде. Мұндағы оңбай тұрғаны материалдық емес рухани мұралар. Жалпы, материалдық емес мәдени мұра дегеніміз не? Бұл – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар, қысқасы ресми түрде қағазға түскен 87 элемент, - дейді Жанарбек Әшімжан.

Мәжіліс депутаты материалдық емес құндылықтарды ұлттың иммунитеті деп есептейді. Оның сөзінше, көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді.

Бүгінгі біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ! Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер, - дейді депутат.

Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев басшысы өткен жылғы Ұлттық құрылтайда: «Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени коды. Оны жан-жақты зерттеп, сақтап, ой елегінен өткізуге, дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», - деп атап айтқан болатын.

2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда № 613 Қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 Қаулысымен, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған. Алайда, бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ.

Әлемде 150 ел халықаралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар «Манас» туралы жеке заң, материалдық емес рухани құндылықтарды қорғау туралы жеке заң қабылдады. Тіпті, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізбесіне қырғыздың материалдық емес мәдени мұрасының үш теңдессіз туындысы енгізілді, - дейді ол.

Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту бағытында Латын Америкасы елдері, Азияда Корея, Жапония бастаған елдер оқ бойы озық тұр. Ал, бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар.

2003 жылғы Париж Конвенциясына сәйкес Қазақстан ЮНЕСКО-ға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау, зерттеу туралы бес жыл сайын есеп беруге міндетті. Жасалмаған жұмыстардың есебі қалай жасалып жатқаны беймәлім... Материалдық емес мәдени мұраны сақтаушы негізгі нысан – адам. Егер рухани мұраны ұстап отырған адам (сақтаушы, ұстанушы мұрагер) өмірден өтсе, мұра да бірге өледі. Бүгінгі таңда ел аумағында ондай кісілер күн санап азаюда. Олармен бірге құндылықтар да жойылуда. Төл құндылықтардың атадан балаға жалғастығы үзіліп, дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады, - дейді мәжілісмен.

Осы орайда Жанарбек Әшімжан тиісті мемлекеттік орган жеделдетіп мына мәселелерді жүзеге асыруы тиіс екенін атап өтті:

  1. 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі керек.
  2. Материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс.
  3. Материалдық емес мәдени мұраны жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет.
  4. Материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылу керек.
  5. Жетекші арналарда Материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға