Жаңалықтар

Бірыңғай уақыт белдеуі: ұшу уақытын шатастырып алмас үшін жолаушыларға нені білу керек

Бірыңғай уақыт белдеуі: ұшу уақытын шатастырып алмас үшін жолаушыларға нені білу керек
Фото: © Pixabay.com 12.02.2024 15:44 858

FlyArystan әуе компаниясы елімізде сағат белдеуі ауысатындығына байланысты жолаушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Компания азаматтардың есіне рейстің бір сағат ерте орындалатындығын салды.

Өздеріңіз білетіндей, Үкіметтің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-сағат белдеуі қолданылады. Тиісінше 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа ауыстырылмақ. Осы орайда жолаушыларды рейстердің қалай орындалатындығы туралы сұрақ мазалайтыны рас. Бұл сауалға аталған әуе компания жауап берді.

7 ақпанға дейін (қоса алғанда) билет сатып алып, 2024 жылдың 1 наурызы күнгі сағат 00:01-ден бастап (Астана қ. уақыты бойынша) Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Өскемен, Семей қалаларына немесе осы қалалардан ұшатын жолаушыларға рейстің билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат бұрын орындалатынын ескертеді, - делінген FlyArystan таратқан мәліметте.

Компания жолаушыларға бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейінгі ұшудың нақты уақыты белгіленген жаңа билетті қалай жүктеу керектігі туралы жан-жақты ақпараты бар жеке хабарлама жіберілетінін алға тартты.

Яғни 8 ақпаннан кейін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Өскемен және Семей қалаларына немесе осы қалалардан орындалатын рейстерге сатылған авиабилеттерде бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, нақты уақыт көрсетілген.

Әуе тасымалдаушы ресми сайттағы немесе арнайы қосымшадағы рейстің орындалу уақытын тексеруді, сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, ұшудың жаңа уақытына мұқият қарауды сұрайды.

2021 жылғы 14 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігінің алаңында барлық жергілікті атқарушы органдардың, орталық мемлекеттік органдардың және ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен Қазақстан аумағында уақытты есептеу тәртібі бойынша жұмыс кеңесі өткізілген. Кеңес бір уақыт белдеуіне көшудің тиімділігін дәлелдеп, бұл ұсынысты Үкіметке ұсынған болатын. Бірақ ол

2023 жылғы қаңтарда министрлік елімізде бір сағат белдеуін орнату туралы көптеген ұсыныс түсіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар бұл мәселені жан-жақты талқылайтын жұмыс тобы құрылатындығы да белгілі болды.

Ал 2024 жылғы 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа қалай әсер ететіні туралы айтылған.

Сонымен қатар Ақтөбе және Қостанай облыстары жаңа белдеуге даярлығы қалай екені де белгілі болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға