Бірнеше рет тәртіп бұзған шетелдік азамат елден шығарылды
Тараз қаласының соты бірнеше рет алаяқтықпен айналысқан шетелдік азаматты Қазақстан аумағынан шығару жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Белгілі болғандай, Әзербайжан азаматы екі жылдан астам уақыт бұрын Жамбыл облысында түрлі алаяқтық әрекеттерге барған. 2023 жылы Тараз қалалық №2 соты оны қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
Жуырда жергілікті полиция басқармасы ер адамды елден шығару жөнінде қайтадан сотқа жүгінді. Құқық қорғаушылар оның қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартқан.
Сотталушы бұл шешімге қарсы емес екенін білдіріп, Қазақстанда отбасы мен жақындарының жоқ екенін айтты.
Сот «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңға сүйене отырып, талапты қанағаттандырды және шетелдік азаматқа бес күн ішінде ел аумағын тастап шығуды міндеттеді.

