Жаңалықтар

«Бірі өлуге шақ қалған»: Көкшетауда 44 сарбаз ауруханаға түсті

«Бірі өлуге шақ қалған»: Көкшетауда 44 сарбаз ауруханаға түсті
Фото: Видеодан алынған кадр 29.08.2023 10:25 1092

Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімшесінің сарбаздары жаппай ауруханаға жеткізіліп жатыр. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Олардың қызуы көтеріліп, басы ауырған. Сондықтан жауынгерлер инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Қазірдің өзінде науқас саны 44-ке жетті.

Олардың бесеуінен менингококк бактериясы табылған. Дәрігерлер біреуінің жағдайы тым ауыр екенін айтады. Қазір әскери бөлімшенің сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайтын болған. Себебі бөлімшедегі басқа жауынгерлер де толық тексеруден өтуде.

Науқастарды қабылдаған дәрігерлер олардың бірі өлуге шақ қалғанын айтады. Жедел әрекеттің арқасында жүрегі тоқтаған жігіттің есін жиғызыпты.

Сәкен Қалымжанов, Көкшетау көпсалалы аурухананың директоры:

Бізге ауруханаға әкелгенде 40 градус температура, безгегі ұстап, қалтырап тұрды. Алты адам бірақ түсті, одан соң тағы бірнешеуі. Бір сарбаздың жағдайы мүлдем мүшкіл болды. Денесі құрысып, тартылып, тіпті жүрегі тоқтап барып, әйтеуір дәрігерлер жанын сақтап қалды. Әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Нақты толық есін жиды деп айта алмаймын.

Қазір әскери бөлімшеге жан-жақтан мамандар жиналып, жағдайды зерттеп жатыр. Себебі сарбаздардың ауруына не себеп екені белгісіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға