El.kz

Бір жыл ішінде ақылы жолдар қанша табыс әкелді?

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, 2025 жылдың басынан 9 ай ішінде еліміздің ақылы автожолдары арқылы өткен жүргізушілерден 62 миллиард теңге түскен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осы кезеңде жүргізушілер ақылы жолдарды 62 миллион рет пайдаланған. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш қазақстандықтардың сапалы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымына деген сұранысының артқанын байқатады.

Ақылы жолдар жылдам әрі жайлы қозғалыс мүмкіндігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, ел экономикасының дамуына үлес қосып отыр - делінген компанияның ресми хабарламасында.

Ең көп пайдаланылған ақылы жолдар тізімі:

  1. Алматы - Қонаев - 10 млн өтім
  2. Шымкент - Өзбекстан шекарасы - 7,8 млн
  3. Шымкент - Тараз - 5,5 млн
  4. Тараз - Қайнар - 4,6 млн
  5. Шымкент - Қызылорда - 4 млн
  6. Астана - Теміртау - 3,8 млн
  7. Қонаев - Талдықорған - 3,3 млн
  8. Астана - Щучинск - 3,27 млн
  9. Щучинск - Көкшетау - 2,82 млн

Компанияның мәлімдеуінше, мұндай жоғары трафик жол инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге түрткі болмақ. Заманауи және сапалы магистральдар тек көлік қатынасына емес, өңірлік экономиканың өсуіне де оң әсер етеді.