коллаж El.kz

«Бір сағаттық түсірілім – 400 доллар»: қазақстандық видеограф Ұлыбританияны қалай бағындырды?

28.01.2026 18:10

Бүгінде қазақстандық жастар шекара асып, шетелді бағындырып келеді. Солардың бірі – астаналық видеограф әрі колорист Мейіржан Суанбеков. Оның дронмен түсірілген кадрлары ұлыбританиялықтарға жақсы таныс, ал әлеуметтік желіде «Bristoliann» атымен тараған видеолары қаланың күнделікті тынысын өзгеше қырынан көрсетеді. Мыңдаған емес, жүз мыңдаған қаралым жинайтын бұл жұмыстардың артында ұзақ жылдық ізденіс пен техникалық білімге сүйенген кәсіби еңбек жатыр.

Мейіржан алғаш рет Ұлыбританияға оқу мақсатында келіп, «University of the West of England» университетінде «Computer Science» мамандығы бойынша білім алған. Дәл осы кезеңде технология мен шығармашылықтың тоғысатын тұсы оны ерекше қызықтыра бастайды. Бағдарламалау, алгоритм, жүйелік ойлау – кейін оның видеографиядағы стилінің негізіне айналды.

Оқи отырыңыз:

Технология мен өнер бір-біріне қарсы емес, керісінше бірін-бірі толықтырады. Мен камераны тек түсіру құралы емес, есеп пен логикаға бағынатын жүйе ретінде қабылдаймын, – дейді ол.

Видеографияға деген қызығушылық Бристоль қаласында оянған. Алғашында жай ғана хобби ретінде дрон сатып алып, көпірлерді, парктерді, урбанистикалық кеңістікті, күннің батуы мен қаланың тынысын таспалай бастайды. Сол кадрларды әлеуметтік желіге жүктеген сайын көрерменнің қызығушылығы арта түскен. Қала оның объективі арқылы мүлде басқа қырынан көріне бастаған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Bristolian Videographer (@bristoliann)

Басында көп қаралым болады деп ойлаған жоқпын. Бұл мен үшін тәжірибе еді. Әр кадрдың түсі, композициясы, жарығы маңызды болды. Уақыт өте келе түстік өңдеуді терең меңгеріп, LUT пен color science негізінде өзіме тән авторлық түстік коррекция қалыптастырдым, – деп еске алады Мейіржан.

Жұмыстары тарала бастаған соң, Мейіржаннан «қалай түсірдіңіз?», «түсті қалай өңдейсіз?» деген сұрақтар көбейеді. Бұл сұраныс Қазақстаннан да, Ұлыбританиядан да келіп, ол өз білімін бөлісуге көшеді. Соңғы бес жылдан астам уақыт бойы видеография және кинематографиямен кәсіби түрде айналысып келеді.

Әлеуметтік желідегі «Bristoliann» атауы да жай ғана никнейм емес. Бұл – оның Бристольдегі қалыптасу тарихы, сол қалада тапқан кәсіби болмысын білдіреді. Бристоль Мейіржан үшін екінші үйге айналған.

Фото: Мейіржан Суанбеков

Шетелде жұмыс істеудің өз тәртібі бар. Көптеген жобалар NDA және келісімшарт арқылы жүзеге асады. Осы орайда видеограф жұмысының нарықтағы орташа бағасын да жасырмады.

Орта есеппен бір сағаттық түсірілім құны 400 АҚШ долларынан басталады. Бірақ бұл тек түсіру үшін ғана алынатын қаражат. Монтаж бен постпродакшн кейде бірнеше күн, тіпті апта алады, – дейді ол.

2024 жылы Мейіржан үшін маңызды кезеңдердің бірі болды. Ұлыбританиядағы «Motion Events» компаниясымен жұмыс істеп, фестивальге арналған промо-видеолар түсірді. DJ Mag рейтингінде үздік клубтар тізіміне енген, әлемдегі ірі фестиваль ұйымдастырушылардың бірі саналатын компаниямен әріптестік – оның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді.

NDA аясында бір апта бойы фестиваль түсірдік. Промо роликтерді тапсырдым. Олар қатты әсер алды. Сол сәт мен үшін үлкен сенім болды, – дейді видеограф.

Өткен жылы Мейіржан алғаш рет жеке көрмесін ұйымдастырды. Бристоль қаласындағы L’Étoile Studio кеңістігінде өткен «Perception is Everything» атты көрмеде дрон арқылы түсірілген видеолардан алынған кадрлар ұсынылды. Видеоны бастапқы формат ретінде түсіріп, кейін жоғары сапалы still frame-дерге айналдыру – оның авторлық тәсілі. Барлық жұмыстар өз қолымен жасалған түстік коррекциядан өткен.

Фото: Мейіржан Суанбеков
Фото: Мейіржан Суанбеков

Көрмеге келгендер қатарында түрлі елден жиналған қонақтар болды. Сондай-ақ ол «Stokes Croft Peoples Art Fair» атты топтық көрмеге де қатысып, британдық өнер ортасында өз орнын айқындай түсті. Биыл тағы бір жаңа қалада көрме ұйымдастыру жоспарда бар.

Қазір Мейіржан жұбайымен бірге Ұлыбританияда саяхаттап жүр. Жаңа кеңістіктер, жаңа кадрлар, жаңа шабыт. Бұл сапар тек демалыс емес, болашақ жобаларға дайындық десе де болады.

Қазір кино бағытына біртіндеп бет бұрып келемін. Болашақта толықметражды фильмдер түсіру – басты мақсаттарымның бірі. Өзімді Қазақстаннан шыққан, халықаралық, тіпті Голливуд деңгейіндегі киноиндустрияда толықметражды фильмдер түсіретін режиссер ретінде көремін. Сонымен қатар жинаған тәжірибем мен білімімді кейінгі буынмен бөлісу – мен үшін өте маңызды, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін канадалықтар түсірген фильмге көмектескен жетісайлық жігіт жайлы жазған едік.