Бір қол, бір аяқпен Балқашты жүзіп өткен параспортшы кім?
Бір қолы мен бір аяғынан айырылғанына қарамастан, 27 жастағы қазақстандық параспортшы Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлін 13 сағатта жүзіп өтті. Ол 20 шақырымдық ашық су қашықтығын еңсеріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндіктер бар екенін дәлелдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өмір мен өлім арасындағы төрт сағат
Ақназар 2018 жылы теміржол саласында еңбек етіп жүрген. Кезекті түнгі ауысым кезінде, жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан шақта тосыннан келген пойыз жұмысшыларды қағып кеткен. Апат салдарынан Ақназар ауыр жараланып, бір қолы мен бір аяғынан айырылған.
«Денемнен қанның 60-70 пайызы ағып кетті. Ал жедел жәрдем тек 4 сағаттан кейін келді. Сол түнде бәрі өзгерді. Мен өлмедім, бірақ бұрынғы өмірім мәңгіге кетті», – дейді ол.
Мұндай соққыдан кейін көп адам өмірге деген құлшынысын жоғалтары сөзсіз. Бірақ Ақназар берілмеді. Алғашқы кезде ол ұзақ уақыт бойы өзін іздеді, күреспен қош айтысты. Түрлі спорт түрлерін байқап көрді, бірақ дене жарақаты оған көп шектеу қойды. Тек суда ғана ол шын мәнінде еркіндік пен жеңілдікті сезіндім дейді.
«Суға түссем – жаным тынышталады. Су – менің екінші өмірім. Осыны түсінгенде, мен қайтадан туғандай болдым», – дейді Ақназар.
2024 жылы ол кәсіби жүзуді бастап, небәрі бірнеше ай ішінде 400 метр еркін стильде жүзуден Қазақстан чемпионы атанды. Бұл – үлкен жолдың басы ғана еді. Сол жылы ол Бурабай көлін жүзіп өтті. 2,5 шақырым – орта деңгейлі спортшылар үшін де оңай емес қашықтық. Ал Ақназар үшін бұл – дене мүмкіндігінің емес, ерік-жігердің шекарасын көрсету болатын. Сондай-ақ оның басты мақсаты осы жылы Балқашты бағындыру болған. Осы қалауына ол жетіп те үлгерді. 20 шақырым ашық суда, толқынға қарсы, желге қарсы, ойлармен бетпе-бет жүзіп өту оңай емес. Бірақ Ақназар бұл қашықтықты 13 сағатта тоқтаусыз жүзіп өтті.
«Жеңіс – финиш сызығы емес. Жеңіс – өзіңді жеңе білу. Ал Балқаш – менің ішкі қорқыныстарымды жеңген күнім», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір ол осы жетістікті Гиннестің рекордтар кітабына тіркеуге өтінім берді. Ақназар енді халықаралық аренаға шығуға дайын. Оның басты мақсаты – Қазақстанның көк туын Паралимпиадада желбірету.
«Бір қолмен жүзу – оңай емес. Бірақ рухың мықты болса, ештеңе де шектеу бола алмайды. Мен бүгін жүзсем – ертең мыңдаған адам ертеңіне сенуі мүмкін. Мен үшін ең басты жеңіс – осы», – дейді ол.

