© Marc Atkins / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Бір қарғыс, бір тағдыр, бір аңыз – Диегу Жота

Кеше ғана алаңда шабытпен шапқылаған Жота – бүгін арамызда жоқ. «Тірі жүру – ғажап қой! Мен тек өмір сүріп, бақытты болуға тырысамын», – деген еді ол. Алайда тағдырдың өз жоспары бар екен. Күні кеше інісімен бірге Испаниядағы жол апатында қаза тапты... Өзі он күні бұрын үйленген еді, артында үш баласы қалды. Ал футболшылар 5 шілде күні өздерінің туған жері Порту қаласына жақын маңдағы Гондомар қаласында жерленеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Жота – «Ливерпульдің» алаңдағы әртісі, Португалияның тынысы еді. Жасы отызға да толмаған, футболға бергенінен беретіні көп шебер еді. Бірақ футболда бәрі әділетті емес. Өмірде де.

Сұм ажал жасқа да, дарынға да, ақша мен билікке де қарамайды – өзі қалаған сәтінде алады да кетеді.

Жотаның жетістіктерін тізбектеудің өзі артық шығар. Ағылшын Премьер-лигасында «Ливерпуль» сапында чемпион атануы, кіл жұлдыздардан құралған Португалиямен Ұлттар лигасын жеңіп алуы – оның қай деңгейдегі футболшы екенін аңғартса керек. Біздің айтпағымыз – басқа.

Бірнеше жыл бұрын бір түрік жанкүйер ұтылған 100 лирасына күйініп, Жотаны қарғап: «Далаға кеткен қайран 100 лирам, өртеніп өлсін Диегу Жота!» – деген екен.

Сол кезде бұл сөздер күлкілі көрінген еді... Ал бүгін – сол қарғыс кеудені қарып тұрғандай. Бұл – қарғыс па, әлде тағдырдың жазуы ма – білмейміз. Білетініміз – бейсенбі күнгі қаралы хабар футбол әлемін біріктірді. Жотаны тек «Ливерпуль» ғана емес, қарсылас клубтардың жанкүйерлері де жоқтап жатыр. Алайда өлім біріктірді деу неткен ауыр сөз еді. Сондықтан бір-бірімізді тірі жүргенде қадірлейікші.

Жотаның күлімдеген жүзі, алаңдағы шеберлігі, әрбір голы – жанкүйерлер жадында. Оның құрметіне «Ливерпуль» клубы 20 нөмірлі жейдені енді ешкімге бермейтінін жариялады. Бұл – Жота есімінің мәңгі есте қалатынының тағы бір белгісі...