Жаңалықтар

Бір мекенжайға тұрақты тіркелмеген азаматтарға SMS хабарлама жіберіле бастады

Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді
Бір мекенжайға тұрақты тіркелмеген азаматтарға SMS хабарлама жіберіле бастады
Фото: vk.com 21.10.2022 11:31 2027

ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS хабарлама жіберуді бастады, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Eгер сізге осындай SMS хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелгеніңіз туралы мәлімет жоқ деген сөз.

Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты - нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік заңбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту.

Бүгінгі күні тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан астам уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы).

Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі «Электронды үкімет» порталында, сондай-ақ «Halyk Homebank» мобильді қосымшасында қолжетімді.

Сіз өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді порталдағы «жеке кабинетте» (eGov.kz) немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасында тексере аласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға