Жаңалықтар

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Орталық базар мен балаларға арналған киім-кешек сататын дүкенге бас сұғып, бағаларын біліп қайттық.
Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?
Фото: El.kz/ Чурсинов Артем 10.08.2022 17:42 4079

Ата-аналар балаларына бірыңғай мектеп формасын кигізуден бас тартып, шағым білдіргендіктен, оған қойылатын талап өзгеріссіз қалатын болды.

Бірнеше білім басқармасы қамқоршылық кеңеспен бірге облыс бойынша мектеп формасына қою көк түсті таңдау туралы шешім қабылдаған. Енді оқушылар сатып алып қойған мектеп формасын немесе бұрынғы аға-әпкелерінен қалған мектеп киімін оқу орнына еркін киіп келе алады.

Жаңа оқу жылы басталатын күн жақындаған сайын дайындық та қызу жүре бастады. Қажетті киім-кешектер мен оқу құралдарын қай жерден сатып аламын десеңіз де таңдау өзіңізде. Алайда жыл сайын қымбаттап жатқан оқу құралдарының бағасын ата-аналардың қалтасы көтере ала ма? Бір бала мектепке дайын болып бару үшін қанша қаржы қажет?

Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы халық ең көп баратын мектеп жәрмеңкесіне, Орталық базар мен балаларға арналған киім-кешек сататын дүкенге бас сұғып, сатушылардан бағаларын біліп қайттық.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Алдымен мектеп формасынан бастайық. Орталық базарда ақ көйлектің арзаны 5500-ге бағаланса, сапасы жақсылары 10000 теңге. Шалбар 8000 мен 13000 теңге арасы.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Ал белдемше (юбка) 5500 теңге, жемпір 10000 теңге, ұлдарға үшеулік костюм-шалбар 20000 теңге тұрады. Бантиктің 2 данасы – 1000 теңге, шұлық – 400 теңге, колготки – 1800 теңгеден.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Туфлидің бағасына келер болсақ, қыздарға 13000-нан, ұлдарға 12000 теңгеден сатылып жатыр.

Сонда ең арзан мектеп формасын алған күннің өзінде бір бала үшін кем дегенде 35000 теңге кетеді. Бұл базардағы баға. Ал енді сапасы жақсы киім дүкендерімен салыстыратын болсақ, мектеп формасы анағұрлым қымбатқа шығады. Мәселен ол жерлерде ақ көйлек 17990 теңгеден, белдемше (юбка) 25990 теңге, шалбар 20990 теңге, ұлдарға арналған екеулік костюм-шалбар 46990 теңге, бір бантиктің өзі 1090 теңгеден басталады.

Балаларға қажет киім-кешектен бөлек, мектеп жәрмеңкесінен оқу құралдарының бағаларын анықтадық. 12 беттік дәптер 20-37 теңге, қалың 24 беттік дәптер – 180-350 теңге, күнделік – 800 теңге, желім – 350 теңге, өшіргіш – 300 теңге, ұштағыш – 200-400 теңге, қарындаш – 50-150 теңге, қалам – 50-300 теңге, 4 түрлі-түсті қалам – 800 теңге, сазбалшықтың 6 данасы – 700 теңге, сызғыш – 150-ден, рюкзак – 4500 теңгеден басталады. Көрсетілген соммаға сәйкес, ата-ана оқушыға ең қажет деген заттар мен сөмкені алатын болса, кем дегенде 10000 теңгеге жетіп жығылады. Ал сапалы оқу құралдарын алғысы келсе, бір балаға қаншама мың қаржы кететінін жобалай беріңіз.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Сатушылардың айтуынша, тауарлар жылдағыдан қымбат бағамен келген. Десе де базар болғандықтан алушылар үшін жеңілдік жасай алады. Мұның өзі ата-аналарға аз да болсын көмек болары сөзсіз.

«Біз тұрғындарға әрбір тауардан 50 теңдеген жеңілдік жасап бере аламыз. Қатып қалған баға жоқ. Әрбір алушының жағдайына да қараймыз», – дейді мектеп жәрмеңкесінің сатушысы Айзат Құрбанәліқызы.

Осы орайда балаларын мектепке даярлау үшін қанша қаражат жұмсайтынын білу үшін базар жағалап жүрген ата-аналармен де тілдестік.

«Менің 4 балам бар, көпбалалы отбасына жатамыз. Биыл мектепке тұңғышымызды дайындап жатырмыз. Баға қымбат. Сапалы, жақсы киім алуға көп ақша кетеді екен», – деді елордалық Еркебұлан Алманбетов.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Мұндай пікір білдірген ата-ана тек Еркебұлан Алмабетов қана емес.

«Қазір бір балаға көп нәрсе керек. Егер бір балаға сапалы киім мен заттар алатын болсақ, 200000-300000 теңгедей кетеді», – деді ата-ана Нұрманұл Өмірзақова.

Осылайша Нұр-Сұлтан қаласында бір баланы мектепке дайындау үшін кем дегенде 45000 теңге қажет болады. Мұның өзі базардан бағаның ең арзанын таңдап алатын болса ғана.

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

Биыл Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қорына өзгерту енгізді. Оған сәйкес, балалар жылына арнап әлеуметтік жағдайы төмен 400000-нан астам балаға қаржылай көмек беріледі. Осы уақытқа дейін 17000-40000 теңге бөлінсе, енді сомма кемінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен, атап айтқанда 37389 теңгеден төмен болмауы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға