pixabay.com

Бір айға көшіп баруға болатын арзан елдер

Сапалы өмір сүру міндетті түрде қымбат болмауы мүмкін. Бір айға шетелге көшіп, табиғат аясында өмір сүруді, жаңа мәдениетпен танысуды және шығынды азайтуды қалайтындар үшін әлемде арзан әрі жайлы елдер аз емес. Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісі Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Индонезия және Грузия сияқты бюджеттік, қауіпсіз және тұрмысқа қолайлы елдерге шолу жасады.

Таиланд (Чианг Май) – арзан әрі тиімді

Таиландта екі-үш адамнан тұратын отбасының орташа айлық өмір сүру бюджеті шамамен 600 АҚШ долларды құрайды.

Бұл мемлекетте өмір сүруге кететін негізгі шығын – тұрғын үй жалдау. Азық-түлік бағасы ТМД мен Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Сонымен қатар, тай халқы мен туристердің күнделікті рационында жаңа піскен жеміс-жидектер көп, оны өте арзан бағаға сатып алуға болады. Қоғамдық тамақтану орындарында таңғы және түскі ас бағалары қолжетімді, сондықтан мейрамханаларда тамақтану да арзанға түседі.

Елде қоныс аударушылар тұратын аймақтар көп, олардың басым бөлігі Бангкокта шоғырланған. Алайда, үлкен қаланың қарбалас өмірі ұнамайтындар үшін солтүстіктегі тыныш әрі арзан қала – Чиангмайға назар аударуға болады. Чиангмайда бір айға тұрғын үй жалдап тұру құны 150-200 мың теңгені құрайды.

Таиландта өте аз ақшаға да өмір сүруге болады, бірақ бұл елдің барлық артықшылықтарын фрилансерлер немесе қашықтан жұмыс істейтін шетелдік компания қызметкерлері толықтай пайдалана алады.

Вьетнам (Дананг)

Вьетнам – өмір сүруге ең арзан елдердің бірі. Мұнда тұрғын үй жалдау құны өте төмен. Ауылдық елді мекендерде шағын үйді айына небәрі 50-60 АҚШ долларына жалдауға болады.

Вьетнамның арзан және қауіпсіз қаласының бірі Дананг – Вьетнамның орталығында орналасқан, жағажайларымен, инфрақұрылымымен және қолжетімді өмір сүру деңгейімен танымал қала Мұнда бір айға тұрғын үйді жалдап тұру құны 80-120 мың теңгені құрайды. Барлық тұрғын үйлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған.

Вьетнамда азық-түлік бағасы да өте арзан — бір адамға айына 130-300 доллар аралығында тамаққа кетеді. Көптеген шетелдіктер вьетнам ұлттық тағамдарына сақтықпен қарайтындықтан, жергілікті қоғамдық тамақтану орындары еуропалық тағамдарды да мәзірге енгізген, бұл шетелдіктер үшін ыңғайлы әрі тиімді.

Малайзия (Куала Лумпур)

Малайзия, әсіресе астанасы – Куала Лумпур, өмір сүруге ыңғайлы, заманауи әрі арзан қалалардың бірі. Бұл қала Азияның қарқынды дамып жатқан мегаполисі, шетелдіктерге бейімделген және өмір сүру деңгейі жоғары, ал бағалар салыстырмалы түрде қолжетімді.

Бұл елде бір айға тұрғын үйді жалдап тұру құны 180-220 мың теңгені құрайды.

Индонезия (Бали)

Екі-үш адамнан тұратын отбасы үшін өмір сүрудің орташа айлық бюджеті 1500–2500 АҚШ доллары аралығында.

Бали – Таиландтан кейінгі «жердегі жұмақтың» ең танымал орындарының бірі болғанымен, оны әлемдегі ең арзан мекен деп айту қиын. Дегенмен, күнделікті тұрмысқа қажет шығындар бұл елде айтарлықтай төмен

Бали аралының басты артықшылығы – жан тыныштығы мен жақсы атмосферасы. Мұнда қарбалас аз, рухани тыныштық көп.

Балиде бір айға тұрғын үйді жалдап тұру құны 150-200 мың теңгені құрайды. Тыныш, баяу өмір салтын ұнататын адамдарға ыңғайлы және негізгі тұрмыстық шығындарын жаба алатын тұрақты табысы бар адамдар үшін ғана қолайлы.

Грузия (Батуми)

Екі-үш адамнан тұратын отбасы үшін өмір сүрудің орташа айлық бюджеті шамамен 1300 АҚШ доллары.

Грузия әлемдегі ең арзан елдердің қатарына бекер жатқызылмайды. Тбилисиде жаңа 1 бөлмелі пәтерді жалға алудың орташа бағасы 300 доллардан басталады. Ал ескі үйлердегі пәтерлерді 150-200 доллар шамасында жалдауға болады – бұл өте қолжетімді нұсқалар.

Балиде бір айға тұрғын үйді жалдап тұру құны 180-230 мың теңгені құрайды.

Грузия – посткеңестік елдердің азаматтары үшін менталитеті мен мәдениеті ұқсас, бейімделуге оңай мемлекет.

Грузия үкіметі шетелдік азаматтарға арналған түрлі ықтиярхат бағдарламаларын ұсынады. Осы себепті елде тұруға, жұмыс істеуге немесе оқуға ниетті адамдар үшін бұл мемлекет қолайлы таңдау бола алады.