Жаңалықтар

«Бір әннің тарихы»: «Есіңе мені алғайсың» қалай хит болды

9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күні
«Бір әннің тарихы»: «Есіңе мені алғайсың» қалай хит болды
Фото: Коллаж El.kz 09.02.2024 10:45 25812

Бүгін 9 ақпан қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген күні. Қазақ поэзиясында үлкен қолтаңба қалдырған ақынның өлеңдерін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Сонымен қатар ақынның өлеңіне жазылған 86 ән бар екен. Оның ең елеулісінің бірі – «Есіңе мені алғайсың». Ақынның туған күніне орай «Бір әннің тарихы» атты жаңа айдарымызда аталмыш туындының шығу тарихына тоқталмақпыз, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Сонау 1975 жылы композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Мұқағали Мақатаев бірігіп жұмыс істей бастады. Мұқағали бір ай Нұрғисаның үйінде тұрып, 30 күннің ішінде екеуі бірталай ән шығарды. Солардың көбісі елге танымал болды. Ақын бауыр аурымен ұзақ ауырып, 45 жасында дүние салғаннан кейін Нұрғиса Тілендиев қатты күйзеледі.

Сазгер Нұрғиса Тілендиев Мұқағали туралы мына бір әңгімені айтады. 

Мұқағали дүниеден өткен соң, қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң, жұмысқа киетін бешпетімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың хаты екен. Онда ол «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз. Ақын өзі емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың» болатын. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым, – дейді композитор.

Ал халыққа кең тараған әннің нұсқасын әнші-композитор Елена Әбдіхалықова 20 жасында жазған. Кейін бұл ән Мәдина Ералиеваның орындауында бүкіл түркі тілдес халыққа тарады. 

Әнін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова «Есіңе мені алғайсың» әнінің шығу тарихын айтып берді. Автор Мұқағали Мақатевтың шығармасының қуатының және поэзиясының құдіретінің арқасында менің де даңқым біраз жерге барды деп отыр.

Бұл әнді Қытайдағы, Моңғолиядағы, Түркиядағы қазақтар, керек десеңіз, Ташкент, Бішкектегі ағайындар айтатынын байқадым. Қазір «Есіңе мені алғайсың» менің бір төлқұжатым іспетті әнім болып қалды. Кейде осы әнді мен жаздым ба деген ой келеді, – дейді Елена Әбдіхалықова.

Ақын сөз құдіреті, сезім иірімдерін тамыршыдай дөп басып, дарынының арқасында 1990 жылы «Есіңе мені алғайсың» әнін жазып шығады.

Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің 2-курсын тәмамдап, 3-ші курсқа өткенде кезде жазғы демалыста ауылға бардым. Жұмсақ диванға отыра кетсем, оның ернеуінде Мұғақали Мақатевтың, Төлеген Айбергеновтың, жататын керуетімнің бір бұрышында Фариза Оңғарсынованың, шай ішетін асханада Абайдың, Мұхтардың кітабы болмаса отыра алмаймын. Әрқашан қолымда жүреді. Ана бөлмеде бір кітап, мына бөлмеде бір кітап жатады. Әлі күнге дейін солай, – дейді композитор.

«Әлі есімде, Мақатаевтың «Соғады жүрек» деген екі томдық кітабы болған. «Есіңе мені алғайсың» өлеңін сол уақытқа дейін неше мәрте оқыған болуым керек, бірақ дәл сол күні қатты әсер етті. Жылдың төрт мезгілінде де мені есіңе ал... Сол кездегі менің жастық күйіме, ғашық күйіме, пәк күйіме, таза күйіме дөп келгендей. Ақынның құдыреттілігінің өзі сонда. Бірден домбырамды алып, Мұқаңның осы өлеңін өзім ән қылып айта бастадым», деді әнші.

Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» өлеңі табиғаттың төрт мезгілі мен адам өмірін астарлаған ғажап лирика десе болады.

Мен ән жаздым, мінекей деп жүгіріп барып, көрсету деген жоқ. Өзімнің тұрған ортамда, жүрген жерімде, ақындар айтысына қатысқан кезде де айтып жүрдім. 1994 жылы қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиева Қызылордаға келген кезінде мені жолықтырып, екеуіміз отырыста, концертке бірге қатыстық. Сол уақытта Мадина осындай бір әдемі ән естіп жүрмін. Кімнің әні деп жүрсем, өз сіңілімдікі екен ғой дегені бар. Маған рұқсатын сұрап, әнді сұрады. Бір сапарымда сол кінісің үйінде болдым. Өзі сырнайын алып, мен домбырамен таң атқанша бір түннің ішінде осы әнді үйрендік, – дейді Елена Әбдіхалықова.

Кейін Мәдина Ералиеваның орындауында «Есіңе мені алғайсың» әні жарқырап, бүкіл қазақтың және алты Алаштың құлағына сыңғырлап жетті.

Оған дейін бұл әнді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова домбырамен айтып, эфирге шығарып, концерттерінде орындап жүрді. Ән әлі күнге дейін Жүнісованың репертуарында бар. Мәдина марқұм қайтыс болған соң, көпшілік сұрауымен Жұбаныш Жексенұлы екеуіміз қайтадан жаңалап өңдеп, өзіміздің стильге ыңғайлап айтып шықтық. Кейін бейнебаян түсірдік. Мен өзімді ең жоғарғы композитор қатарынан санамаймын. Әншілік қырыммен сол уақытта әлі сахнаға шыға қоймаған кезім болатын. Айтыскерлік, жазба ақындық қырымен осы салада жүрдім. Роза Қуанышқызы маған сен сахнаға әнші блып ерте шығуың керек еді дейтін. Ол жағынан опық жеген кездерім де болды. Өйткені бәрібір адамның даусы жас күніңдегідей сыңғырлап тұрмайды. Жас келе, сахналық формаңда сақтала бермейді. Соның барлығына келген кезде жас кезімде неге консерваторияға түспедім екен деген ойлар болады. Бірақ оған өкінбеймін, – дейді ақын.

Адам өмірінің жаз көктемін, күзі мен қысын суреттеген «Есіңе мені алғайсың» өлеңінің бірнеше нұсқасы бар. Ақынның 1966-1975 жылға дейін жарық көрген жинақтарында бұл өлеңді өңдеп, өзгерткені байқалады. Елена Әбдіхалықова өз жанынан сөз қоспай, сол жинақтарды жиып, ортақ бір нұсқа жасады.

«Есіңе мені алғайсың» өлеңіне бірнеше ән жазылған. Соның ішінде Еленаның әні халықтың әніне айналып кетті деуге болады. Халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған, бұл әнді бүгінде әнші Жұбаныш Жексенұлымен бірге орындап жүр.

«Есіңе мені алғайсың» әннің түпнұсқасы бойынша жазылған сөзі мен әннің бейнебаянын назарларыңызға ұсынамыз.

с. М.Мақатаев

ә. Л.Әбдіхалықова

Нұр жауып тұрған көктемде

Гүл тере барсаң бөктерге

Қоңыраулатқан аспанды

Найзағай шаншып өткенде

Есіңе мені алғайсың

Қоңыраулатқан аспанды

Найзағай шаншып өткенде

Есіңе мені алғайсың

               

Қазбауыр бұлттар маңғанда

Орманға жазда барғанда

Арманда мені арманда

Мен бар деп мына жалғанда

Есіңе мені алғайсың

Арманда мені арманда

Мен бар деп мына жалғанда

Есіңе мені алғайсың

 

Қараша келген шақтарда

Құлазып тұрған бақтарда

Жапырақ жайрап жатқанда

Құрайлар сыңси қаққанда

Есіңе мені алғайсың

Жапырақ жайрап жатқанда

Құрайлар сыңси қаққанда

Есіңе мені алғайсың

 

Ақ ұлпа жерді жапқанда

Ағаштар сырға таққанда

Бозарып атқан ақ таңда

Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғайсың

Жапырақ жайрап жатқанда

Құрайлар сыңси қаққанда

Есіңе мені алғайсың

 

Жапырақ жайрап жатқанда

Құрайлар сыңси қаққанда

Есіңе мені алғайсың

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға