Жаңалықтар

Бинәзира Ғазизқызы: Қыштың құдіретін бағалай алмай отырмыз

Қыштың кереметі
Бинәзира Ғазизқызы: Қыштың құдіретін бағалай алмай отырмыз
17.03.2017 09:13 7151

Астана төрінде өткен кезекті жәрмеңкелердің біріне барғаным сол еді, сазсырнайды сызылта ойнаған сүйкімді ару еріксіз назарымды аударды. Көрмені тамашалауға келген жұрттың көбі әдемі әуен шыққан жаққа беттеді. Көптің арасында мен де бармын. Кенет сызыла шыққан аспаптың үні күрт үзілді.

Көрмеге көрік бітіріп, ғимараттың ішін сыбызғының әсем дауысына бөлеген қаракөз қарындасым саусағынан бал тамған шебер екен. Сауданың көркін қыздырып қана қоймай, ұлттық аспаптың үнін әуелетіп, өнерімен ерекшеленді. 

Алдына жайнатып жайып тастаған алуан түрлі пішіндегі мүсіндер көз тартады. Қызғыш құстың кеудесіндей ғана қыш құмырадағы ою-өрнек шебердің талантын аңғартқандай. Есімі Бинәзира Ғазизқызы. Қолөнер бұйымдары сатылып біткеннен кейін кейіпкерді әңгімеге тартып, ерекше кәсіптің мән-жайын білуге тырыстық.  

– Ұмыт болған кәсіпті қалайша кәдеге жараттыңыз?

– Әкеме еліктеп ерте жастан қол өнерге ден қойдым. Әуел баста ермек болған іс бара-бара табыс көзіне айналар деп ойламадық. Жасаған заттарымыз шеберханада шаң басып тұратын. Арасында таныс-тамырға сыйлайтынбыз. Кейде тапсырыс беретіндер де болатын. Бірақ одан мардымды пайда түспеді. Қарағандыдан Сарыағашқа қоныс ауыстырған соң ісіміз ілгері басты. Себебі кәдесыйға сұраныс саяхатшылар қаласында әрқашанда жоғары ғой. Сөйтіп кәсібіміз кәдесый жасаудан басталды.

– Ал қолөнершілердің еңбегі қазіргі заманда қаншалықты бағаланады?

– Жүрекпен жасалған туынды әр заманда лайықты бағасын алады. Мейлі ол ақынның өлеңі, суретшінің картинасы, мүсіншінің кескіні болсын. Қол өнер шеберлерінің еңбегі де дәл сол сияқты. Қышты қаншалықты көркем иірсе, соншалықты сұранысқа ие. Негізі сән мен талғамның өзін шеберлердің шабыты өзгертеді. Мысалға қазір қазақи стильде жасалған бұйымдарға қызығушылық артып келеді. Біреулер мұны халқымыздың ұлттық болмысын қайта тани бастауымен байланыстырады. Ол да мүмкін. Бірақ бұйымдағы ою-өрнек ептілікпен ойылмаса, оны ешкім бағаламас еді.

– Қыштан кәдесыйдан басқа қандай бұйымдар жасауға болады?

– Қыш – табиғи қасиеттерінің арқасында Менделеев кестесіндегі көптеген элементтерді алмастыра алады. Ол жеңіл әрі берік. Ең бастысы арзан. Кез-келген топырақтың құрамында кездеседі. Әсіресе Орталық Азия аумағындағы балшықтың құрамы өте қанық және таза келеді. Сондықтан болар, ата-бабаларымыз ыдыс-аяқты қыштан жасаған. Мысалға пластмасса, металл және қыш құмыраға сүт құйып қоялық. Қыш ыдыстағы ақ ұзақ уақыт сақталып, ең соңында бұзылады. Бұл оның табиғи тұрғыда зиянсыз екенін дәлелдейді. Металл мен пластмасса сияқты денсаулыққа қауіпті иондарды бөлмейді. Археологиялық қазбалар кезінде шыққан қыш ыдыстардан бидай қалдықтарының табылуы кездейсоқ емес. Оның ерекше қасиетіне қарай өркениеттің болашағына телиді. Ебін тапқан данышпандар қаныққан балшықтан керемет заттар жасап жатыр. Жаңа технологияны жетік меңгерген Израиль одан танк сауытын шығарды. Болаттан берік, қалайыдан жеңіл қыш  әскери конструкторлар үшін таптырмайтын материал болып тұр. Оны медицина саласында іске жарата алғандар да бар. Қарапайым мысал, керамикалық тіс. Бағасы  алтын, күміс сынды асыл металлдардан құйылатын тіс имплантынан арзан емес. Құрылыс материалы ретінде де кәдеге жарайтыны ықылым замандардан белгілі. Қыш кірпіштен соғылған мешіттер мен мазарлардың күмбезі жарқырап әлі күнге дейін тұр. Бабаларымыз балшықты илеуді жетік білген, бірақ біз бұл істе көштен қалып барамыз. Көрші елдер қыштың құдыретін ерте ұғынған. Экономиканың тиімді саласы ретінде назарға алып, қарқынды түрде дамытуда.

Бүгінде зәулім ғимараттарды керамикалық плиткалармен әрлеу сәнге айналған. Ал сұранысты өтейтін отандық кәсіпорындар былай тұрсын, шеберханалардың өзі жоқтың қасы. Сондықтан Қазақстан нарығын Ресей мен Қытайдан келетін керамикалық бұйымдар жаулап алған. Десе де, қолды дөп сермеуге ерте. Тепе-теңдікті қалыптастыруға әлі де кеш емес. Ол үшін қышты игеру ісін ғылыммен ұштастыру керек. Әлемнің озық технологиясын уақытылы әкелудің маңызы өте зор. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында айтылған инвесторларды тарту бастамасын осы салада жүзеге асырса көшке ілесер едік. Шикі зат қорының молдығын ескересек шетелдік компаниялар үшін Қазақстан инвестициялық тұрғыда тартымды болары сөзсіз.

– Мемлекет шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Берілген жеңілдіктер кәсібіңізге септігін тигізді ме?

– Әрине, мемлекеттік деңгейдегі демеудің орны бөлек. Біріншіден психологиялық тұрғыда. Сенімділік пайда болды. Бұл табысты бизнестің қозғаушы күші. Ел тізгінін ұстаған ағалар еңбегіңді бағалап, арқадан қақса шабыт аласың. Бірақ, құрғақ қасық ауыз жыртады – демекші, бос мақтаудың да мәні жоқ. Десе де нақты бір нәтижеге жету үшін жергілікті билік пен бизнес өкілдері арасында диалог орнату маңызды еді. Тараптар бетпе бет жүздесіп, ұсыныс, тілектерін айтты. Біздің сұрағанымыз кәсіпті өрбітуге кедергі болар бюрократиялық бөгеттерді алып тастау еді. Әкімдік өтінішімізді қанағаттандырып, құзырлы органдармен қарым-қатынасты жеңілдетті. Содан соң Қарағанды қаласындағы қолөнершілердің барлығын бір орталыққа біріктірді. Ортақ шеберхана мен көрме залын ашты. Сөйтіп сенім мен серпін алған шеберлердің жұмысы жандана түсті. Орталық болашақта  өндіріс ошағына айналуы ғажап емес. Қазірдің өзінде өңірге атбасын тіреген  туристер бізге соқпай кетпейді. Жергілікті жұртшылықтың да назарына іліккен сияқтымыз. Тапсырыстар көбейіп, бұйымдарымыз жақсы өтетін болды.

– Қазіргі уақытта түзету мекемелерімен жұмыс жүргізіп жатыр екенсіз. Нәтиже бар ма?

– Өмірімде түрмеге кіріп, сотталған азаматтармен бетпе-бет кездесемін деп ойламаппын. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің АК-159/5 мекемесінде 2015 жылдың қыркүйегінен бастап бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл да бизнеске жасалған мемлекеттік көмектің ерекше атап өтер түрі. Ол тек кәсіпкерлерге ғана емес сотталған жандарға да пайдалы. Ал қос тараптың мүддесі қатар өтелсе кез-келген істің берекесі болмай ма. Мақсатым жаппай өндірісті жолға қою еді. Сол үшін бас бостандығынан айрылған адамдарды оқытып, қолымнан келгенше үйретіп жүрмін.

– Ал сотталған азаматтар тарапынан қызығушылық барма?

– Бар, бірақ барлығында бірдей деп айта алмаймын. Қамаудағы адам қанаты қырқылған құспен тең. Әрі қатаң тәртіптегі түрмеде 15-20 жылға бас бостандығынан айрылған азаматтар отырады. Жанарының оты сөнген жанның жігерін ояту оңай емес. Онда біреумен тіл табыса алсаңыз үлкен жетістік. Ол – өз пейіліңе байланысты. Арам пиғылың болса, қара басыңның қамын ойласаң оп-оңай әшкере етеді. Абақтыда ақшадан адамгершілік құндылықтары жоғары бағаланады.

Алғашында үйренуге тілек білдіргендер санаулы болды. Ісім сәтсіз басталса да көңілсіз кейіпімді көрсетпеуге тырыстым. Шешінген судан тайынбас демекші, бір адамды үйретсем де уақытымды босқа кетірмеуді ойладым. Сөйтіп ерік-жігерімді салып, қышты иіру ісін ерлерге әліппе оқытқандай егжей-тегжейлі меңгерте бастадым. Арасында қолы алтын шеберлер де бар екен, бірден іліп әкетті. Ұнаса керек ісіміз ілгері басты. Үйренушілер көбейді. Қазіргі таңда отыз шақты азамат қол өнерге ден қойып, еңбек етіп жүр. Барлығына ризашылығымды жеткізгім келеді. Жылдам әрі сапалы жасайды. Талант табиғаттың сый дейді ғой. Оны  Жаратқан ием әр пендеге бердей бөледі деп ойлаймын. Ал бойдағы қарым-қабілеттің ашылуы еңбегіңнің адалдығына байланысты. Оқып-тоқығаны болмаса да таңдай қақтырар туынды жасап бергенде көзім жетті.

«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатын ойларыңыз бар екен. Сол туралы не айтасыз?

– Болжам бойынша 2 миллионнан астам турист келеді екен. Олардың әр қайсысы Қазақстаннан естелік болар сыйлық іздейтіні анық. Сол саяхатшылардың сұранысын өтей алмасақ біздің елдігімізге үлкен сын. Сондықтан отандық қолөнершілерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Оны абыроймен өтесек әлем нарығына шығатын үлкен мүмкіндік тумақ.  Көрме аумағынан қол өнер шеберлерінің туындылары қойылатын павильионы ашылады. Онда ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен бұйымдар, жиһаздар қойылады. Әрине саудамыз жүріп, пайда түсетіні анық. Бірақ біз, шеберлер қауымы бір күндік пайданы ойламай еліміздің бай тарихы мен мәдениетін таныстыруды басты мақсат етуіміз керек. Сонда ғана әлем қауымдастығы алдында абыройымыз артып, мерейіміз үстем болады. Экспо көрмесі өз алдына, ішкі нарықты басып алған  қытай мен қырғыздардың арзан сувенирлерінен арылу керекпіз. Жаппай өндірісті жолға қоюдағы түпкі мақсаты осында. Бұған халықаралық ЕХРО-2017 көрмесі септігін тигізеріне сеніміз мол.  

– Іске сәт. Сұхбаттыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға