©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Білу міндетті! Мобильді аударымға қатысты жаңа өзгеріс

Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі мобильді ақша аударымдарына қатысты жаңа ережелер енгізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Енді егер клиент телефон арқылы сөйлесіп тұрған сәтте ақша аударуға тырысса, банк қосымшасы операцияны автоматты түрде бұғаттайды. Бұл шара телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу мақсатында қабылданды.

Не өзгерді

Қазақстанда банктер мен микрокаржы ұйымдары үшін ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жаңа талаптар енгізілуде. Тиісті қаулыны агенттік басқармасы бекітті.

Негізгі жаңалықтардың бірі – телефон қоңырауы кезінде ақша аударуға тыйым салу.

Егер клиент аударым жасап жатқан уақытта оның телефонында микрофон белсенді болса, банк қосымшасы қаржы операцияларын автоматты түрде бұғаттайды. Ал егер қосымша құрылғының қашықтан басқарылып жатқанын анықтаса, оның кей функциялары шектеледі немесе толықтай бұғатталады.

Сондай-ақ жаңа ережелер бойынша банктер мен микрокаржы ұйымдары міндеттеледі:

  • жаңа құрылғыдан жүйеге кірген кезде клиенттің биометриялық деректерін пайдаланып тексеру жүргізуге (деректерді сәйкестендіру орталығы немесе банктің құрылғылары арқылы);
  • клиентті жүйеге кіру, пароль өзгерту және байланыс нөмірлерінің ауысуы туралы міндетті түрде хабардар етуге;
  • клиенттің келісімімен ақша операциялары кезінде құрылғының геолокациясын жіберуге;
  • жүйеде маңызды осалдықтар табылған жағдайда қосымшаны мәжбүрлі түрде жаңартуға;
  • үш жылда бір рет ISO/IEC 27001 стандарты бойынша сыртқы аудиттен және жүйенің тұрақтылығын тексеру мақсатындағы тәуелсіз penetration test-тен өтуге.

Қаулыда сондай-ақ банктер мен реттеуші орган арасында кибершабуылдар мен инциденттер туралы ақпарат алмасуды автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асыру қарастырылған. Бұл кибершабуылдарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Құжат алғашқы ресми жарияланғаннан кейін он күн өткен соң күшіне енеді, ал банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты негізгі өзгерістер 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.