Жаңалықтар

Білім саласындағы зерттеулердің әдістік негіздері

Саяси сараптама алғаш рет осыдан екі жарым мың жыл бұрын Ежелгі Грецияда жүргізіле бастады. Ғылым ретінде тек бірнеше ғасырлар бұрын әлемнің түкпір-түкпірінде дами бастады.
15.05.2015 04:25 17426

Саяси сараптама алғаш рет осыдан екі жарым мың жыл бұрын Ежелгі Грецияда жүргізіле бастады. Ғылым ретінде тек бірнеше ғасырлар бұрын әлемнің түкпір-түкпірінде дами бастады.

Саяси ғылым үшін оның әдістік негіздері мен қызметтерін анықтап алу өте маңызды нәрселердің бірі. Ресейлік саясаттанушы, профессор М.А.Василик бойынша: «Ғылымның әдістік негіздері деп осы ғылымның объектісін теориялық тану және тәжірибелік игеру әдістері мен прицниптер жүйесін, негізгі заңдылықтар, олардың ерекшеліктері, іс-әрекет және қолдану механизмін; теориялық-әдістік арсеналды, аргументацияның түрлері мен әдістерін түсіну қажет».

 Кез келген саяси зерттеудің алғашқы қадамы зерттеудің мәселесін таңдау болып табылады, осыдан кейін нормативтік және эмпирикалық әдістерді біріктірудің маңыздылығы бірден көрінеді. Саяси ғылымдар кандидаты К.П.Боришполец бойынша сараптаманың мынадай екі түрі бар: эмпирикалық және нормативті. Біз білімді қалай аламыз және қандай білім аламыз дегенде «эмпирикалық сараптама» терминін қолданамыз, ал өз білімімізді қалай қолданамыз деген кезде «нормативті сараптама» деген терминді қолданамыз.

  • Нормативті әдіс құндылықтармен тікелей байланыста және қоғам туралы этикалық және моральдық тұрғыдан ойлауды талап етеді. Бұл әдіс шеңберінде, акторлардың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, қоғамды оптималды жағдайына жету үшін іс-әрекеттің барлық нұсқалары туралы қорытынды жасалады.
  • Эмпирикалық әдісте саясаткер туралы нақты ой көп көлемді  фактологиялық ақпараттарды жинау және жалпылау арқылы жасалады.

Ресей зерттеушісі В.П.Пугачев бойынша: «Саяси ғылымда қолданылатын әртүрлі әдістер оның пәнінің мәнін терең және жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Олар саясатты зерттеудің амалдары мен тәсілдері болып табылады.

Менің зерттеу жұмысымның басты міндеттерінің бірі - білім саясатының мәнін анықтау мақсатында жоғары білім саласындағы саясаттың дамуы мен қызмет етуінің негізгі заңдылықтары мен тенденцияларын анықтау және осы мәселелердің барлығы дерлік зерртеу кезінде қарастырылады.

Білім саясатын зерттеудің әдістік негізі - жоғарыда қарастырылған концептуалды-теориялық ережелер: қоғамдық құбылыс ретіндегі саясат, саясат пен білім берудің өзара қарым-қатынастары, білім саласындағы процесстерді реттеудегі мемлекеттің рөлі.

Саяси ғылымның негізгі әдістік мәселесі негізгі тенденциялар мен заңдылықтарды анықтау және тану болып табылады. Тенденциялар мен заңдылықтар білімі негізінде білім саясаты мен қызмет нормаларының принциптері жасалады. Осыған сәйкес, қоғамның өзге салалары секілді білім саласындағы саясаттың да өзіне тиесілі белгілі бір заңдылықтары бар. Олар жалпы білім беру, соның ішінде жоғары білімі саласына тән заңдылық ретінде қайталанатын, осы саланың дамуы мен қызмет етуі кезінде іске асатын қажетті байланыс түрлерін көрсетеді және сипаттайды.

Қызмет ету саласына байланысты білім саласындағы үш негізгі заңдылықты көрсетуге болады:

  1. Білім саласының қоғамдық өмірдің өзге саласымен өзара қарым-қатынасы мен байланысын білдіретін заңдылықтар.
  2. Жоғары білім саласының ішіндегі құрылымдық элементтердің өзара қарым-қатынасындағы тұрақты және шынайы байланыстарды көрсететін  заңдылықтар.
  3. Әртүрлі типтегі саяси жүйелерге тән, жоғары білім саласындағы жекелеген құбылыстардың шынайы және тұрақты байланыстары мен тенденцияларын көрсететін заңдылықтар.

Жоғары білім саласындағы саясат саясаттануда қолданылатын әртүрлі саяси сараптамалардың қолданылуы арқылы қарастырылады. Саяси ғылымда, зерттеулерде ең көп қолданылатын әдістер: әлеуметтік әдіс, бихевиористік әдіс, салыстырмалы әдіс, жүйелік әдіс, жоғары білім саласындағы зерттеудің эмпирикалық әдісі, және де стратегиялық менеджмент әдісі. Жоғары білім саласындағы зерттеудің міндетіне бұл секілді сараптаманың бәрін қарастыру кірмейді. Дегенмен солардың бірнешеуіне тоқтауға болады. 

1. Құрылымдық-функционалдық сараптама.

 Мұнда  саясат өзінің күрделі құрылымы, элементтері бар бір бүтін нәрсе ретінде қарастырылады. Әрбір элементтің белгілі бір мақсаты бар және олар жүйенің қажеттіліг қанағаттандыруға бағытталған арнайы қызметті (рөлді) атқарады.   Құрылымдық сараптама көбінесе білім жүйесі элементтерінің бір-біріне қатысты көлемі мен орналасуымен байланысты. Жүйедегі биліктің орналасуы да осы құрылымдық сипаттамаға жатады. Бұл процестің мысалы ретінде орталықтандыру мен орталықсыздандыру сұрағын қарастыруға болады: Аймақтық және республикалық жоғарғы оқу орындарына қарағанда жергілікті жоғарғы оқу орындарында жасалатын шешімге қандай бақылау деңгейі болуы керек? Өзге құрылымдық сұрақ ЖОО-лық бөлімдердің вертикалды тізбектерін қарастырады: білім алуды бакалавриат, магистратура, аспирантура, докторантура деп бөлу және төрт жылдық немесе бес жылдық деп бөлу қаншалықты заңды?

Функционалды сараптама саясатты білім беруге, немесе саяси шешімнің білім беруге әсерінің функцияларын анықтауға мүмкіндік береді. Аналогиялық түрде білімнің саясатқа әсерін анықтауға болады. Шартты түрде саяси топтардың білім жүйесіне әсерінің үш негізгі функциясы бар:

  1. Білімді қолдау және оған қолжетімділікті бақылау. Бұл жағдайда кім білім алатынын, қандай түрде және ол білімнің қандай сапада екенін анықтау қажет.
  2. Білім берудің мазмұны мен процедураларын бақылау. Мұндағы анықталуы қажет басты сұрақ: кім сабақ береді, қандай әдістермен, қалай береді?
  3. Жоғары оқу орындары субъектілерінің әлеуметтік және саяси іс-әрекетінің масштабын бақылау. Бұл жерде мына сұраққа жауап беру өте маңызды: профессорлық-оқытушылық және студенттік жастардың  қаншалықты уақыттары бос емес, олар қандай саяси немесе әлеуметтік басымдықты таңдады?.

2. Факторлық сараптама

Бұл сараптамада жоғары білім саласындағы саясат негізгі параметрлер (факторлар) негізінде зерттеледі. Оларға саясат пен білім берудің қарым-қатынас сипатын, дамыған және дамушы елдердегі білім саласына бөлінетін ЖІӨ көлемі, жоғары білім саласын қаржыландыру деңгейі саяси мәдение және әлеуметтену деңгейі, жоғары білім саласын реформалау және модернизацялау процестері жатады.

   Бұл жағдайда ең маңызды мәселе білім жүйесінің дамуына әсер ететін ең маңызды, ең анықтаушы факторларды көрсету болып табылады. Білім жүйесіне әсер ететін факторлар өте көп және олар өзара тығыз қарым-қатынаста болғаны сонша, кейде оларды анықтап көрсету аса қиын болып кетеді. Осы көптеген факторлардың ішінен дифференциация принципі бойынша ең маңыздыларын көрсету – осы жұмыстың басты мақсаты.

3. Салыстырмалы саясаттанулық талдау.

Салыстырмалы (немесе компаративистика, ағылшынша «compare» -салыстыру деген мағынаны білдіреді) саясаттанулық талдау саясатты зерттеудегі ең маңызды және ең шешуші ғылыми әдіс болып табылады. Өйткені бұл өмірде бәрі салыстырмалы және кез келген нәрсені тек салыстыру арқылы бағалауға болады. Мәселен, біздің елдегі білім саласы қаншалықты керемет болсын немесе қаншалықты дамымаған болсын, біз оны өзге елдердің білім жүйесімен салыстырып қана өз бағасын бере аламыз. Бұл талдауды қолдану зерттеушінің білім саласындағы білімін тереңдетеді және өзге елдер мен халықтардың тәжірибесін қолдануға мүмкіндік береді, өзге елдердің қателіктерінен сабақ алуға үйретеді.  

Бұл ғылыми әдіс қарастырылатын процестер мен құбылыстардың негізгі тенденциялары, жалпы заңдылықтары, спецификалық ерекшеліктерін көрсетеді. Салыстырмалы талдау саясат пен саяси басқаруды зерттеу кезінде ерекше статусқа ие болды.

Жоғары білім саласындағы саясаттағы салыстырмалы саяси талдаудың пәні білім жүйесін және жоғары білім саласында болып жатқан процестерді зерттеу, негізгі тенденцияларды анықтау, қарама-қайшылықтар мен мәселелерді анықтау, білім саясатын іске асыру механизмін жасап шығару болып табылады.

Жоғары білім саласындағы зерттеу әртүрлі саяси жүйелер арасындағы білім саясатын, білім жүйесінің құрылымын және функцияларын, сонымен қатар білім саласында болып жатқан процестерді салыстыруға негізделеді.

Салыстырмалы саяси талдау вертикалды және горизонталды болуы мүмкін. Вертикалды талдауда әртүрлі деңгейдегі, бірақ бірыңғай саяси құрылымдар (жалпы мемлекеттік немесе жергілікті деңгейдегі билік) салыстырылады. Бірақ та қорытынды жасау үшін мұнда зерттеулер жеткіліксіз. Осыған байланысты бұл зерттеуде көбінесе горизанталды салыстырмалы талдау, себебі ол бірыңғай құрылымдарды, білім жүйелерін, білім жүйесін басқаратын орталық және жергілікті басқару органдары, әртүрлі жүйелердегі білім процестері зерттеуге мүмкіндік береді. 

Жоғары білім саласындағы салыстырмалы саяси талдау әлеуметтік-экономикалық және саяси даму деңгейі жағынан әр алуан мемлекеттердің, мейлі ол батыс болсын, мейлі шығыс болсын, білім саясатын салыстыруға мүмкіндік береді, мысалы, АҚШ, Германия, Жапония және т.б.

Көптеген зерттеушілер саясат пен мемлекеттік басқаруға салыстырмалы талдау жүргізгенде осы екі ұғымның айырмашылығын көрсетпейді. Менің ойымша, осы екі түсінікті әрдайым біріктіру дұрыс емес, себебі саясат белгілі бір территориясы және өзінің үкіметі бар мемлекетпен әрқашан байланысты бола бермейді. Мемлекеттік басқару теориясын зерттеуші, профессор И.А.Василенко бойынша, «Мемлекеттік-әкімшілік басқарудың объектісі мемлекеттік-әкімшілік қызметі, ал қызмет деп отырғанымыз орындаушы, сот және заң шығарушы органдарының қызметі.»

Мынадай жағдайды нақты көрсету керек: саяси қызмет барлық жағдайда мемлекеттік бола алмайды, ол, яғни мемлекеттік басқару әлеуметтік (қоғамдық) сипатта болуы мүмкін. Екінші жағынан, мемлекеттік қызмет барлық жағдайда саяси қызмет бола бермейді, себебі оның жекелеген салалары, ал ондай салалары өте көп, жай ғана әкімшілік қызметті ғана атқарады. Осылайша, саясат пен мемлекеттік басқару тек ерекше жағдайларда ғана бір-бірімен байланысқа түседі, мысалы, бүкіл қоғам үшін стратегиялық бағытты анықтау кезінде.

Жоғары дамыған елдер мен жаңа дамушы елдердің білім саясатындағы айырмашылықтар өте көп, сол үшін олардың жекелеген ерекшеліктерін, тенденцияларын, қарама-қайшылықтары мен мәселелерін зерттеу салыстырмалы талдау жасауға, ортақ заңдылықтар мен ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Өтпелі кезең мемлекеттерінің салыстырмалы талдауы көрсеткендей, олардың бәрі бірыңғай түрдегі мәселеге соқтығысып отыр және оның басты белгісі ұзаққа созылған терең дағдарыс жағдайы. Дегенмен, сол елдердің кейбіреулері, әсіресе Орталық және Шығыс Еуропа елдері аталған дағдарыстан шыға білді, ал посткеңестік мемлекеттердегі білім жүйелері әлі күнге дейін бұл белгісіздік жағдайынан шыға алмай отыр, себебі бұл жүйелерде жасалған реформалар толықтай жемісін беріп үлгерген жоқ. 

4. Жүйелік сараптама.

Белгілі американдық ғалымдар Т.Парсонс пен Д.Истон негізін қалаған бұл зерттеу әдісінің мәні саясатты өз-өзін реттейтін механизмі бар, қоршаған ортамен тұрақты байланыста болатын күрделі ағза ретінде қарастыру. Жүйелік сараптама нақты бір мемлекеттің тек білім жүйесін зерттеумен байланысты және сол білім білім жүйесі қаншалықты нәтижелі жұмыс істейтіндігін көрсетеді.

«Мемлекет – саяси жүйе ядрос, оның іштей ұйымдасқан элементі» деген тезистен мынадай қорытынды жасауға болады, саяси жүйенің білім жүйесіне әсер етуі үшін ең алдымен мемлекеттік білім саясаты керек.

Жүйелік сараптама білім жүйесін бүтіндей қарастыруға мүмкіндік береді. Саяси жүйенің білім жүйесіне әсер ету нәтижесінде мемлекеттік білім саясаты қалыптасады. Қоғамның оған әсері білім саласындағы қоғамдық саясатқа алып келеді.

5. Контент-анализ.

Бұл жұмыста контент-анализ білім жүйесін терең зерттеуге мүмкіндік береді. Себебі ол құжаттар, заңдар, жоғары білім саласындағы үкіметтің шешімдерін сараптауға негізделеді. Бұл сараптама арқылы білім жүйесінің мемлекет өміріндегі рөлін, биліктің білім саласына деген ниетін, көңілін білуге болады, себебі контент-анализ текстпен жұмыс істейді.

6. SWOT-анализ негізінде білім жүйесінде стратегиялық менеджмент әдісін қолдану.

Жүйенің дамуының басты мақсатын және оған жету стратегиясы үшін анықтау үшін стратгеиялық менеджмент әдісі қажет. Қазақстандағы  қазіргі нарықтық қатынас заманында білім жүйесіндегі реформалау өте актуалды мәселе болып тұр. Осы істі сәтті іске асыру үшін демократиялық негіздерді жасау, плюрализм және қоғамдағы жаңа экономикалық қатынастар процесіндегі қазақстандық білім саясатындағы тенденциялар мен ситуацияларға сараптама жасау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, негізгі мәселе – білім беру мен нарықты тиімді біріктіру. Экономикалық дамудың негізгі факторы болып табылатын білім берудің рөлі батыс елдерінде өткен ғасырдың 60-жылдарының өзінде-ақ байқала басталды. Сол кезден бастап білім жүйесін реформалау мен қазіргі нарықтық қатынастар жағдайындағы нәтижелілігін жоғарылату саласында жоғары дамыған мемлекеттерде үлкен тәжірибе жинақталды.

Бюджеттің қаржының тапшылығы, бюрократиялық реттеуді әлсірету мен бостандыққа ұмтылу университеттерді нарықтағы бәсекелестік жағдайында ғана өз мақсатына жетуге ұмтылатын жекеменшік әлеміне еріксіз алып келеді. Бүгінде университеттер жекеменшік фирмалар секілді нарық жағдайында сұранысқа сай ұсыныс жасау, яғни тапсырыс берушіге тартымды өнім ұсынуға ұмтылуда. Өнім деп отырғанымыз студент, үкіметтік агенттіктер, университеттің сапалы базасы және т.б. Олардың бәсекелестері – өзге университеттер, мектептер және институттар, және де білім нарығына уақыт өткен сайын белсенді араласып жүрген жекеменшік фирмалар.

Қоғамда мойындалған пікірге сәйкес, университеттердің тек пайда үшін жұмыс істейтін коммерциялық фирмалардан айырмашылығы көп, себебі олардың әлеуметтік мақсаттары жоғары және үлкен жауапкершілікке ие. Бірақ та нарықтық қатынастың, менеджменттің негізгі екі принципін қабылдау университеттер үшін тек пайда алып келеді, олар:өнімділік және нәтижелілік. Өнімділік принципі шығынның аз болуымен байланысты болса, нәтижелілік жоғары білім жүйесі мен ғылыми зертеулердің сәтті дамуына өте қажет.

Стратегиялық менеджмент әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Солардың ішіндегі ең танымалдысы SWOT-анализбен тығыз байланысты. SWOT аббревиатурасы көрініп тұрғандай төрт негізгі сөздің бас әріптерінен тұрады: Strength – ішкі мықты жақтары, Weaknesses – ұйымдастырудың әлсіз тұстары, Opportunities – мүмкіндіктер, Threats – қауіптер. Осы төрт сөзден құралған әдістің мәні -әртүрлі, әртараптанған ақпараттарды реттеу және жинақтау болып табылады. Бұл ұғымдарды визуалды түрде былайша топтауға:

Ішкі орта: Strength (мықты жақтары) және Weaknesses (әлсіз жақтары).

Сыртқы орта: Opportunities (мүмкіндіктері) және Threats (қауіптер).

Айта кететін жайт, маңызды стратегиялық тенденциялар міндетті түрде кестелер мен графиктермен байланысты болуы керек деген қате түсініктен аулақ болу керек.

Стратегиялық менеджмент әдісін кез келген ашық жүйелерге, соның ішінде білім жүйесін зерттеуге қолдануға болады.

7. PEST-анализ.

PEST-анализ (кейде STEP деп аталады) – білм жүйесіне әсер ететін сыртқы ортаның саяси (Political), экономикалық (Economical), әлеуметтік (Social) және технологиялық (Tecnological) аспектілерін анықтауға арналған маркетингтік инструмент. Бұл сараптама шын мәнісінде экономикалық әдіс болып табылады, сол себепті бизнес компаниялардың жұмысына арналған болатын. Бірақ мен осы тәсілді білім жүйесіне, соның ішінде жоғары білім жүйесіне пайдаланамын, себебі білім беру нарық қатынастарына сай өзгеріп келеді және университеттер бизнес компаниялар секілді нарық заманында жұмыс істейді, сұраныс пен ұсыныс ЖОО-ларға да өте маңызды. Студенттерді барынша көп тартып, олардан сапалы маман шығару үшін университетке осы сараптаманы жүргізу қажет.

Біз саясатты зерттейміз, өйткені ол билікті реттейді, ал билік өз кезегінде білім беру ортасын және оның өмір сүруі үшін қажетті ресурстарды анықтайды. Жоғары білімнің экономикалық жағын қарастырудың негізгі себебі – университеттердің қызмет етуінің негізгі алғышарты болып табылатын, ресуртардың республикалық деңгейдегі бөлінісінің бейнесін жасау. Тұтынушылардың қалауы мен сұранысы да аз маңызға ие емес және PEST-анализдің әлеуметтік компоненті арқылы анықталады. Соңғы фактор ретінде технологиялық компонентті атап көрсетуге болады. Технологиялық компоненттің негізгі мақсаты – нарықтағы өзгерістер мен шығындардың басты себептерінің бірі болатын технологиялық даму тенденцияларын көрсету. Кәсіпкерлік саласында технологиялық компонент жаңа тұтынылатын немесе халыққа пайдасын тигізетін белгілі бір тауарларды қамтитын болса, білім саласында технологиялық жаңалық деп білім берудің жаңа технологиялары, студенттердің өміріндегі жаңалықтар мен жеңілдіктер, университеттердің базасындағы сапалы өзгерістер және сол секілді жаңалықтарды атауға болады.

Аталған жеті әдістің барлығы дерлік зерттеуде өз қолданысын табады. Бұл сараптамалар - осы дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты болып табылатын білім жүйесіне жүйе түрде баға бері, жаңа ұсыныстар жасаудың басты әдіс-тәсілдері. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға