Жаңалықтар

Білім саласындағы өзгерістер мәселені шеше алды ма?

Білім саласындағы өзгерістер мәселені шеше алды ма?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 19.06.2023 13:02 1404

Соңғы жылдары қазақстандық білім саласында көптеген өзгерістер мен жаңалықтар орын алды. Дегенмен бұл өзгеріс оқушыларға және ұстаздар мен мемлекетке қандай да бір жемісін беріп жатыр ма деген сұрақ туындайды. Осы мәселеге қатысты білім сарапшыларының пікірін білген едік.

Былтырғы оқу жылында бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов  оқу жылын ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген дамыған елдерінде бар екені де айтылды. Бұл өзгеріске ата-аналар біраз қарсылық білдірді. Дегенмен білім саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге септігін тигізді. Атап айтқанда, 6 күндік білім ордалары 5 күндікке ауысты. Сонымен қатар, 3 ауысымдық мектептер 2 ауысымға көшуге мүмкіндік пайда болған.

Астана қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы бұл өзгерістерді толық құптайтынын айтады.

Әлемдегі дамыған елдерде оқу жылы 226-230 күн аралығын құрайды. Ал біздің еліміздегі оқу жылы 148-151 күнді құраған еді. Кейін 6 күндік мектептердің 5 күндікке ауысуы біраз өзгерістерге әкелді. Оқу жылындағы 34 күндік бағдарлама қысқарды. Бұның барлығы білім стандартына белгілі бір деңгейде жүк артты. Дегенмен оқу жылының 34 аптадан 36 аптаға созылуы бірқатар мәселенің шешімін табуға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе бізде ғана емес, әлемдегі көптеген елдерде бар стандарт. Сондықтан бұл өзгерісті құптаймын және оқу жылының ұзаруы балаларға жүк түсіреді дегенге келіспеймін, - дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Ол білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі үш ауысымды мектептердің жағдайына тоқталып өтті.  

Елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар. Дегенмен мектептегі мәселелерді шешу әлі де қиын болып жатыр. Еліміздегі барлық мектепті бір ауысымға көшіруіміз керек. Бұл біздің 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселеміз. Бес күндікке көшу үшін үш ауысымды мектептер мен үш ауысымға жақындаған мектептердің барлығын жою керек. Бізде мойындалған үш ауысымды мектептер бар және мойындалмаған үш ауысымды мектептер бар. Яғни, 1200 балаға арналған мектептерде 2800-ден астам балалар бірнеше ауысым бойынша оқып жатыр.  Сондықтан мектеп мәселесі күрделі, - деді ол.

Ал білім саласының сарапшысы, мұғалім Өмір Шыныбекұлы бұл өзгерістерді аса құптай бермейтінін түсіндірді.

Өткен жылы осы мәселе көтерілгенде-ақ 25 мамырдағы соңғы қоңырауға дағдыланып қалған психологиялық проблемадан өзге, физиологиялық проблема да болатыны туралы айтатын жерлерде айтқанбыз. Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында 10-15 мамырдан кейін-ақ ауа температурасы 30ºС-н жоғарылап, сынып бөлмелерінде оқушылар түгілі, мұғалімдердің отыруы қиындап қалады.  Мұндайда білім сапасы туралы айту мүмкін бе? Ал еліміздегі мектеп оқушыларының ең үлкен бөлігі аталған өңірлерде екенін ескерсек, оқу жылын 1-маусымға дейін созу әурешілік болды, - деді сарапшы.

Сондай-ақ, оқу жылы созылғанымен мектептердегі жағдай аса өзгермеген айтып отыр. 

«Кейбір мектепте кітаптарды ертерек жинап алғанын естідік. Мен ол мектептердің басшыларын кінәлай алмаймын. Ертең балалар кітапты өткізбей жан-жаққа тарап кетсе, қыркүйекте оқулық дауы басталады. Олар содан сақтанды», - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Осыған орай әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, еліміздің оқушылары үшін 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға