Жаңалықтар

Білім саласы кезек күтпейді

Елордада 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық шеңбер аясында, 85 мыңнан астам оқушыны қамтамасыз ететін 24 білім ордасы пайдалануға беріледі
Білім саласы кезек күтпейді
Фото: El.kz 10.11.2022 16:27 3694

Білім беру саласындағы қордаланған мәселенің бірі – орын тапшылығы. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған мектеп салынып, пайдалануға берілсе де, демографиялық өсімнің жоғары болуынан және ішкі иммиграцияның салдарынан мектеп жетіспеушілігі байқалуда.

Әр оқу жылының басында білім бағдарламасы бойынша сабақ кестесін бекітіп, оқушыны нормативке сай сыныпқа бөлу маңызды. Ресми статистиканың мәліметінше, елде үш ауысымда білім беретін мектептің басым бөлігі Алматы облысында шоғырланған. Былтырғы оқу жылында 38 мекеменің оқушыларына үш ауысымда білім алуға тура келді. Бұл мәселе жөнінде жоғары билік өкілдері де хабардар.

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында халық саны көбейіп келеді. Бүгінде 50 мыңнан аса тұрғыны бар. Елордадан пәтер сатып алу қиын. Қандастар мен ауыл-аймақтан келген ағайын Қосшы мен Қояндыны таңдайды. Қояндыда екі мектеп, Қосшыда екі мектеп. Тұрғын санына шаққанда мектеп саны аздық ететіні анық. Осындай орын тапшылығы бойынша апатты жағдайдың бірінде тұрған Қосшы қаласының №2 орта мектебінің тынысымен танысып қайттық. 2013 жылы ашылған 1200 орындық мектепте төрт мыңнан аса оқушы білім алуда. Жыл басында 4689 оқушы білім алса, тоқсан аяғына дейін бұл көрсеткіш 50-ге көбейді. Бір сыныпта 27-28 оқушы сабақ оқиды.

Үш ауысымда оқитын білім ордасынын қызметкерлері ешқандай қиындық жоқ дейді. Білім беру стандарттары бойынша үлгерім мен нәтиже көңіл қуантарлық. Дегенмен ұстаздың мойнында үлкен жауапкершілік тұрғаны сөзсіз. Бас қаланың маңында орналасқан қаланы айтпағанның өзінде, елордада мектеп жетіспеушілігі сезіледі. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, Астанада 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық шеңбер аясында, 85 мыңнан астам оқушыны қамтамасыз ететін 24 білім ордасы пайдалануға беріледі.

Қазіргі таңда Қосшыда екі мектеп құрылысы жүріп жатыр. Біреуі үшінші тоқсанда ашылады деп жоспарланса, екіншісі келер оқуы жылында есігін ашады. Бұл сәтті өңірдің білім алушылары ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар асыға күтуде.

«Екі ауысымда оқыту мәселесі екі-үш ай көлемінде шешіледі деп жоспарлануда. Біз мемлекетпен бекітілген білім бағдарламасының 365-ші бұйрығы бойынша білім береміз. Оқушыларды ауысымға бөлгенде сағат санын қарастыра отыра топтаймыз. Барлығын толықтай қамту үшін 7-11 сынып оқушыларына алты күндік оқыту жүйесімен білім беріледі. Қосымша сабақтар, үйірмелер барлығы жұмыс істейді. Оқушының шығармашылық-интелектуалдық қабілетін дамыту бағытында жетістікке жетіп жатырмыз», – дейді, мектеп директорының орынбасары Мұрат Хасенов.

Қосшыдағы мектепте жаңа технология, робототехника құралдарымен жабдықталған. Өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбилелеудің түрлі функциясы бойынша психологиялық тренингте өтеді. Мектепте 61 кабинет бар, 320 педагог жұмыс істейді. Қызметкерлердің айтуынша, білім беру уақыты жеткілікті, қандай да бір  ауыртпашылық тудырмайды, сынып ерекшелігіне қарай қажетті деңгейде білім беріледі.

Білім деңгейі жақсы екенінің бірден-бір дәлелі былтырғы оқу жылының түлектері мектепті 4 «Алтын», 6 «Үздік  аттестатқа» бітірді. Интелектуалды, мәдени және спорттық бағыттағы республикалық, облыстық додада жүлделі орын алып жүрген білімпаздар бар. Көкшетау қаласында өткен дебатқа қатысып, пікірталас алаңында өз білімін дәлелдеп, бірнеше облыстан келген командалар ішінде үшінші орын алды.

Сая Серікбай мен Айжан Жанбирова да мектептің ғана емес, Қосшы қаласының атағын облыстық, республикалық деңгейде танытып жүрген жас шешендер.

Сая Серікбай: «Республикалық тоғызыншы «Ақберен» байқауының шешендік және білгірлік бөлімі бойынша қалалық кезеңнен бірінші орын алып, облыстық кезеңде бақ сынадым. Іріктеуде 108 қатысушының ішінде топ 6 оқушының қатарында болдым», – десе, Айжан Жанбирова «Ер Едіге» жырын оқу жарысында 18 облыстың қатысушыларының арасында топ жарып, бас жүлде алғанын мақтан тұтады.

«Қаныш Сәтпаевтың «Ер Едіге» жырының нұсқасын кез келген жерден оқу жарысына қатыстым. Мұнда ұстазым Әсел Ибрагиқызының үлесі арасан зор», – дейді ол.

Фото: El.kz

Алайда, кешкі ауысымда оқу бірқатар проблемаларды алып келетіні белгілі. Ол әрине, қауіпсіздік пен денсаулық мәселесі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аталмыш мектепте тасымалдау көлігі қарастырылған, бірақ балалар дәрігерінің айтуынша, кешкі уақытта сабақ оқу биологиялық ритмге қайшы.

«Кешкі уақытта сабақ оқу денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Біріншіден ол уақытта адамның зеректігі жоғалады, ынтасы төмендейді. Екіншіден, мидағы қан айналымына қысым түседі. Мидың жұмыс істеу қабілетінің пайыздық тұрғыда ұйқыға дайындық бастап кететін уақытта білімді қабылдау қиынға соғады. Бастауыш сыныптағы баланың жұмыс қабілеті 5-6 сағат, ал төртінші, бесінші сыныптан кейін 6-7 сағат болады. Бұл ретте жұмысқа қабілеттілік уақыты таңнан бастап есептелінеді. Яғни таңғы тоғыздан бастап түскі екіге дейін баланың ағзасы жұмысқа қабілетті, қалған уақытта демалуы қажет»,– дейді дәрігер Майра Жұмабекова.

Білім беру және ғылымды дамытуда 2020-2025 жылға арналған ұлттық бағдарлама жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция тарту есебінен елде 650 мың орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Болжам бойынша 2025 жылға қарай орындар тапшылығы шамамен 500 мың орынды құрайтын болады.

Қоғамда тағы бір пікірталас тудырған мәселе – қазақ және орыс тілінде білім беретін мектептер. Қоғам белсенділері аралас мектеп ұлттық болмысымызға қауіп төндіретін құбылыс екенін көтеріп, қызу талқылады. Бұл сұраққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында:

«Ұрпақ бірнеше тілді меңгерсе ғана, келешекке нық сеніммен алға жылжиды. Бұл ұрпақ мүддесі үшін маңызды. Біз қазақ және орыс тілін де жақсы білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек», – деп нүктесін қойды.

Республика бойынша аралас мектеп санын төмендегі кестеден көре аласыздар.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға