Айгүл Сәтбергенованың жеке мұрағатынан

Білім мен тәрбие – егіз ұғым

10.10.2025 22:40

Қай қоғамның болсын ең басты күші – оның жастары. Ел ертеңіне сенімді болуымыз үшін бүгінгі ұл-қыздарымыз білім мен тәрбие егіз ұғым екенін ұғынып өсуі тиіс. Осы орайда біз Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Айгүл Мақсымқызы Сәтбергеновамен жастар тәрбиесінің бүгінгі бағыттары мен жаңашыл бастамалар туралы сұхбаттасқан едік.

– Алдымен өзіңіз жайлы және білім беру саласына келу жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Ұстаздық жол – менің саналы таңдауымнан бұрын, анамның арманының жалғасы десем артық емес. Бала күнімде нақты мамандық таңдай алмай жүргенімде анамның ақылы мен сеніміне сүйендім. «Адамның жанына жарық сыйлау – ұстаздың ең үлкен бақыты» деген сөз сол кезден-ақ көкейіме ұялады. Содан бері педагогика саласында он бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін.

– Колледждегі оқу-тәрбие жұмыстарының бағыты мен ұстанымы туралы айтсаңыз.

– Біз студенттеріміздің азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық сезімін қалыптастыруды басты мақсат деп білеміз. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу – біздің жұмысымыздың өзегі. Әр буынның дүниетанымы әртүрлі. Бүгінгі жастар – ақпараттық қоғамның өкілдері. Олардың қызығушылығы да, мінезі де, көзқарасы да басқа. Ең бастысы – ата-аналармен өзара түсіністік орнату. Кейде баланың қателігін мойындаудан қашқақтайтын ата-аналар бар. Мұндайда мәселені ашық талқылап, баланың да, ата-ананың да тілін табуға тырысамыз.

– Студенттермен қарым-қатынасыңыздың басты қағидасы қандай?

– Мен үшін педагог пен студент арасындағы байланыс сенім мен сыйластыққа негізделуі тиіс. Баламен достық қарым-қатынаста болу арқылы ғана оның ішкі жан дүниесін түсінуге болады. Қаталдық қажет жерде талап қоямын, бірақ қатігездікке жол бермеймін.

– Колледжде қазіргі уақытта іске асып жатқан қандай жобалар бар?

– Біздің колледжде білім алушылардың басым бөлігі – ер балалар. Сондықтан зиянды әдеттердің алдын алуға баса мән береміз. Осы бағытта 2023 жылдан бері «Құндылыққа толы қоңырау» жобасын жүзеге асырып келеміз. Үзіліс уақытында студенттердің бос жүруіне жол бермей, «Күй тартып, сыйлық ал», «Бір мақал – бір қалам», «Бауырсақ-дойбы» сияқты ойындар өткіземіз.
Тағы бір ерекше жоба – «Тапсырмадан –
театрға». Апта сайын бір кітап таңдалып, сол бойынша тапсырмалар беріледі. Жеңімпаз студент пен оның қонағына облыстық драма театрына билет табыстаймыз. Осылайша жастардың кітап пен өнерге деген қызығушылығын қатар арттырып келеміз.
Былтырдан бастап демеушілердің қолдауымен «Кітап оқып, велосипед ұтып ал!» байқауын да ұйымдастырдық. Бұл тек оқу мотивациясы емес, салауатты өмір салтын да насихаттау тәсілі.
Биыл жаңа оқу жылын экологиялық бастамамен қарсы алдық. Колледжде пластик бөтелкелерді сұрыптап жинайтын жәшіктер орнатып, түскен қаражатқа гүл сатып алуды қолға алдық. Мұның барлығы – экологиялық мәдениетті тәрбиелеудің тиімді жолы.

– Студенттердің тұлғалық дамуына ықпал ету үшін қолға алынған шаралар бар ма?

– Колледжде Студенттік парламент белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Қамқор» еріктілер ұйымы мен шешендік өнерге баулитын дебат клубымыз бар. Әр студенттің бойындағы талант пен қабілетті ашуға тырысамыз. Бірі өлең оқыса, бірі домбыра тартады, енді бірі ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі.

– Сіздіңше, жақсы ұстаз қандай болуы керек?

– Жақсы ұстаз – уақытпен санаспайтын, өзгенің жетістігіне қуана білетін, мамандығын шынайы сүйетін адам. Өз ісін сүйген адам үшін еңбектің қиындығы да қуанышқа айналады. Біздің миссиямыз – өз ісінің қыр-сырын жетік білетін, заман талабына бейім, жаңаша ойлайтын маман тәрбиелеу. Тек кәсіби біліммен шектелмей, рухани бай, адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыру – басты мақсатымыз.

– Болашаққа қандай идеялар мен жоспарларыңыз бар?

– Менің арманым – колледж қабырғасында «Жетістіктер мен рухани құндылықтар» атты кешенді бағдарлама әзірлеу. Бұл бағдарлама жастардың рухани әлеуетін арттыруға, ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастыруға бағытталады. Сонымен қатар, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ерекше мән беремін.
Инновациялық әдістер мен заманауи технологияларды енгізу арқылы білім мен тәрбиенің сапасын арттыр
а білуіміз керек. Бастысы, әр студент өзін қоғамға пайдалы, өзіне сенімді тұлға ретінде сезінсе, біздің еңбегіміздің нәтижесі де сол болмақ.

Әңгімеңізге рахмет.