Жаңалықтар

Білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды – Тоқаев

Білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды – Тоқаев
Фото: Ақорда 29.05.2023 18:07 1429

Қасым-Жомарт Тоқаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Университетте 6 мыңнан астам студент оқиды.

Университет базасында жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылған. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжірибелер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағдай жасалған.

Президент ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына арналған лабораторияны аралап көрді. Онда студенттер ГИС-технология арқылы жерді қашықтан зондтау деректеріне талдау жасауды үйренеді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа конфигурациясы күрделі детальдар алу жөніндегі инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағдылар орталықтары көрсетілді.

Президент университетті аралап көру барысында оқытушылармен және студенттермен әңгімелесті.
Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Аталған мәселелердің бәріне басымдық береміз. Себебі білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Жақында біз Ғылым академиясына реформа жүргіздік, өте танымал әрі практик ғалымды президент етіп тағайындадық. Ғылым жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткіздім. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға