«Білім көкжиегі» атты кітап апталығы басталды
Бүгін Достық үйінің алаңында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына, авторлық құқық және халықаралық кітап күніне орай, «Білім көкжиегі» атты жасөспірімдерге және кітап апталығының ашылуына арналған іс-шара өтті.
Акцияға Назарбаев Зияткерлік мектебінің, №23 орта мектебінің, №102 мектеп-гимназиясының, №101 мектеп-лицейінің, №5 орта мектебінің оқушылары қатысты.
Іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай кітаптың маңыздылығына тоқталып:
«Ізгіліктің күні де, ізі де кітапта. Ендеше кітапппен ұрпақ бірге болсын, XXI ғасыр кітап ғасырына жалғассын», – деген өзекжарды пікірін білдірді.
Шара барысында кітапхана қорындағы Астана қаласының 20 жылдығына және «Бір ел – бір кітап 2018» республикалық акциясы бойынша таңдап алынған Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптарына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, № 21 мектептің кадеттерінің «Астана-Бәйтерек», «Тәуелсіз Республикам менің» атты әндер орындалып, «Айналдым елім» атты бейнебаян көрсетілді.