Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі ІІМ-нің бақылауында
Акжан Ибрагимова Тілші
Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Білім беру ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігі барлық органдардың басты міндеті. Сол себепті бұл мәселе – Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Бұрын терроризмге осал объектілер қатарына 200 адамнан тұратын оқу орындары кіретін. 2021 жылы бұл өлшем – 100 оқушыға дейін өзгертілді. Нәтижесінде, мұндай білім беру объектілері 6,5 мыңнан 10 мыңға дейін өсті», – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар министр Терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілгенін атап өтті.
«Енді адам саны 300-ге дейінгі мекемелерде бейнебақылау мен жариялау жүйелері болу керек. Ал, 700 адамға дейінгі объектілер бейнекамераларды Жедел басқару орталықтарына қосып, дабыл түймелерін орнатуы тиіс. Адам саны 700-ден асса, бұл ұйымдарда және облыстық орталықтағы мектептерде турникеттер және лицензиясы бар күзетпен жасақталған келісімшарт болуы қажет. Бүгінгі таңда аталған талаптарға сәйкес, әкімдіктер білім беру ұйымдарының тізімін жаңартып жатыр», – деді министр.

