©El.kz

«Біліксіздік пен немқұрайлық». Тоқаев туризмнің дамуына кедергі болатын факторларды атады

05.01.2026 09:14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыс қажет екенін ашық айтты. 

Президенттің сөзінше, Қазақстанның табиғи әлеуеті зор болғанымен, туристерді жаппай қабылдауға дайындық деңгейі көңіл көншітпейді.

Былтыр әлемдік деңгейдегі кейбір ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосты. Дегенмен, еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың жаппай қонақ күтуге дайындығына күмәннің туындауы заңды, – деді мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз:

Президент Үкіметке тиісті ескерту жасағаннан кейін салада ілгерілеу байқалғанын, алайда туризмнің күрделі әрі көпқырлы бағыт екенін атап өтті.

Туризм – экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнестің тоғысқан тұсы. Бұл салада өз ісіне жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризмде жалқаулыққа, немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке орын жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік туристер легі артқанын, ішкі туризмнің де қарқын ала бастағанын оң үрдіс ретінде бағалады. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін мемлекет табу қиын. Бірақ жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығы салдарынан бұл әлеует әлі толық іске аспай отыр. Әзірге бәрі таныстыру жұмыстарынан аса алмай келеді, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған кейбір жалған «эко-белсенділердің» әрекетін де сынға алды.

Тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы шығатындар бар. Олардың көпшілігінің табиғатқа қатысы жоқ, бар мақсаты – танымал болу, қоғамды дүрліктіру. Кейде мұндай әрекеттерге бәсекеден қорқатын кәсіпкерлер де мүдделі болып отырады, – деді мемлекет басшысы.

Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдайға да ерекше тоқталған Президент «Шымбұлақ» курортының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

Шымбұлақ – Алматының іргесінде орналасқан, табиғаты бірегей демалыс орны. Әлемде мұндай курорттар санаулы. Алайда ұзақ жылдар бойы нақты жаңғырту жүргізілмегендіктен, оның тартымдылығы төмендеп барады. Бұл аумақты дамыту үшін тың тәсілдер қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматы тау кластерінің мүмкіндігі орасан екенін, туристік инфрақұрылым барлық әлеуметтік топқа қолжетімді болуы тиіс екенін де атап өтті.

Сонымен қатар, кадр мәселесі туризм саласындағы басты түйткілдердің бірі болып отырғанын айтты. Осы мақсатта Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылғанымен, бұл жеткіліксіз екенін жеткізді.

Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға болмайды. Әлемдік таблоидтар Қазақстанды саяхаттауға ұсынып жатса, біз екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек, – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қала әкімдігіне Алматыны тәулік бойы тіршілігі қайнаған, туристер үзілмейтін мегаполиске айналдыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді.

Президент еліміздің Еуразияның көлік айлағына айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Сонымен қатар Шымбұлақтағы бір күн қанша тұратыны туралы жазғанбыз.