Жаңалықтар

Билік пен халық  ортасында жүретін мамандық иелері

Журналистер мерекесі қарсаңында белгілі жүргізушілермен сұхбат
Билік пен халық  ортасында жүретін мамандық иелері
28.06.2019 14:55 7423

Елімізде жыл сайын журналистер күні маусым айының соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді. Алайда биылдан бастап үкімет қаулысымен 28 маусым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі болып бекітілді. Барша халықтың мұң-мұқтажын, әл-ауқатын, руханияты мен мәдениетінен үздіксіз хабар таратып жүрген, билік пен киліктің ортасында жүретін қазіргі кезде  Шерхан Мұртазаның тілімен айтсақ, «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» мамандық иелерінің кәсіби төл мейрамы да келіп қалыпты. Бүгін олардың төккен терінің, атқарған еңбектерінің жемісін көретін, мерейлері асқақтап, сый-құрметке бөленетін күні. Осындай айтулы мереке қарсаңында еліміздегі майталман журналистер Әбдірәлі Бөлебай, Зейін Әлібек және бүгінгі таңда «Qazaqstan» ұлттық теларнасы жаңалықтарының танымал жүргізушісі Гүлназ Әлімгереймен сұхбаттасып, миллиондаған оқырманды толғандырып жүрген сауалдарға жауап алған болатынбыз.

El.kz: Бүгінгі журналистикаға қандай баға берер едіңіз?

Әбдірәлі Бөлебай: Менің ойымша, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде журналист мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары көбейіп кетті. Оның ішінде жекешеленіп кеткені қаншама. Бұрын журналистерді қай оқу орындары дайындаған еді? Бұл Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және одан кейін ашылған академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғана болған. Оған республиканың түкпір-түкпірінен қаншама адам оқуға түсуге талпынатын. Сол кездері оқу орындарының басшылары талапкерлерді іріктеп алуға тырысатын еді. Ал қазір еліміздің әр облысы журналист мамандығын дайындайды. Кейде өзім солардың саны тым көбейіп кеткен секілді деп ойлап қоямын. Әлбетте, ең бастысы сапасы болса олардың саны артқаны жақсы, меніңше, қазіргі таңда санының артуы сапасына кері әсерін беріп жатқан сияқты. Себебі, сапа кеткеннен соң ақылы бөлімге оқуға түскен талапкерлердің арасында тиіп қашып оқитындар да табылып жатады.  Етпен сүйектен жаратылған адам болған соң, олардың санасында «мен ақшамды төледім ғой» деген ой  болуы мүмкін. Соның салдарынан оқуға деген құлшыныс азайып, босаңсып, білім деңгейі түсіп кетуі мүмкін ғой... Меніңше, осы  мәселелер жағынан аздап есе жіберіп жатқан секілдіміз. Кезінде жалғыз Алматыдағы әл-Фараби атындағы жоғары оқу орны ғана журналистерді дайындады. Мұнда Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов сынды білімді де білікті  ағаларымыз сабақ берді. Ал шәкірттері ұстаз аға-апаларының берген білімін құлағына құйып алуға тырысты. Ол уақыттары қазіргідей радио мен телеарналар да көп болмаған. Студенттерге тәжірибе жүзінде дайындалатын студиялар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 90-жылдардың аяғында, ал елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде кейіннен яғни 2000 жылдары ашыла бастады. Бірақ еліміз тәуелсіздік алғаннан бері осындай олқылықтарды дұрыстауды қолға алынып, нақты шаруалар атқарып келеді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған журналистердің бәрін нашар деп айтуға ауыз бармайды. Олардың арасында да небір таланттар, жақсы жазатындар, ақындық өнерге бейімдері де бар болуы мүмкін...

Фотода: Әбдірәлі Бөлебай

Зейін Әлібек: Бүгінгі журналистика мемлекеттің сұранысына толығымен сай келеді. Қазір мынадай бір қызық құбылысты аңғаруға болады: 2000 жылға дейін газет не теледидарда айтылған сынға тез арада жауап берілетін. Қазір мемлекеттік органдар мен мекемелер дәстүрлі БАҚ-тан гөрі әлеуметтік желіде сын немесе шағым жазылса, соған жаны қалмай жалма-жан жауап қайтарады.​ Тағы бір таңқалдыратыны - бізде екі түрлі журналистика бар: қазақ және орыс тілінде. Екеуі екі түрлі әлемде өмір сүріп келеді. Әрқайсысы өз қазанында қайнап жатыр. Себебі, олардың көтеретін тақырыптары әрқилы, яғни, бас ауыртар мәселелері мүлдем бөлек. Қазір бәрінен де әлеуметтік желі ұтып тұр. Есеміз тіл білмеуден кетіп жатыр. Барлық журналист ағылшын тілін меңгерсе, бұл  біздің ақпаратты түпнұсқадан оқуымызға жол ашады деп ойлаймын.

Гүлназ Әлімгерей: Қазіргі журналистикаға көңілім толады. Өйткені ақпарат таратушылар арасында ең бастысы – үлкен бәсекелестік бар. Ал олардың арасы  уақыт өте сұрыпталып, сараланып соңында тек мықтылары қалады деп есептеймін. Себебі халық өз бағасын береді. Біздің қоғамда әрбір адам қазір сауаттылыққа, білім құмарлыққа ұмтылып келеді.

El.kz: Бүгінгі таңда қазақ журналистикасының қай тұсына көңіліңіз толмайды?

Әбдірәлі Бөлебай: Өзім осы салада 40 жылдан аса қызмет етіп келе жатырмын. Кезінде оқуды аяқтап, радиоға кейін телеарнаға жұмысқа бардым. Сол уақытта бізге әуелі шағын хабарландырулар оқытқызып, біз соған машықтандық. Сол кездері қазақ радиолары дикторларының  бастығы болған Мәми Сержанов деген ағамыз болды. Үйіндегі әр бөлмеде радио тұрушы еді. Тіпті әжетханада да тыңдап отырады. Сол кісі редакцияға бізге арнап орысша-қазақша сөздік әкеліп қояды. Сөздікте жер су, елді мекендердің атауы, дұрыс оқылуы бар. Сол кездері радиодан хабар айтып отырып, байқаусызда  бір қаланың атын дұрыс атамаған едім. Содан хабарды естіп болған соң,  бірден үйінен жұмысқа хабарласып, маған былай деді:  «Әбдірәлі, сен өзіңнің фамилияңды Бөлебай-ов деп айтсаң, қайтеді?» деді. Яғни, ағамыз эфир уақытында сөзге екпінді дұрыс қоймағанымды меңзеп тұр. Содан күнделікті шағын жаңалықтар оқыған сайын міндетті түрде сөздікке қарап отыратын болдық. Әсіресе шетел жаңалықтарына мұқият болатынбыз. Жалпы біздің кезімізде осындай қадағаулар көп болды. Қызметтік жолымызда мықты мектептерден өттік. Қазіргі кезде де кей уақыттары осындай қателіктерге жол беріп жатамыз. Жалпы осы жағына кішкене мән берсе деп ойлаймын. Радиоға, теледидарға келген жас мамандарды тәжірибесі мол адамға бекітіп қойса, бәрінің қадірі арта ма дейсің... Өйткені бұл бүкіл халыққа рухани, мәдени жаңалықтарды таратын орын екенін кейде есімізден шығарып жатамыз.

Зейін Әлібек: Қазіргі кезде біз теледидардың тәрбие құралы екенін естен шығардық. Соған аздап көңілім толмай жататыны бар. Өйткені теледидар - тұтас бір ұлтты тәрбиелейді. Теледидардан бүгін нені дәріптесең, ұлт ертең сол болып шығады. Бір әулеттегі ​ бітпес дау-жанжалдан басқа көрерменге пайдалы ешнәрсе бере алмайтын​ сағыздай созылған​ сериалдар мен елде жоқ салт бастап, қалыңдық немесе күйеу іздеп​ жұрттың алдына келіп көр-жерді әңгіме ететін теле бағдарламаларды көріп өскен адам мұны қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Теледидардың бұрынғы бекзат қалпын сақтайықшы. Әлдекім "Ондай дүниелерді бәрібір интернеттен-ақ көріп алады" дер едім. Бағымызға қарай, әлі де интернет бармаған жерлер бар екен. Ең болмаса сол жердегі көрерменнің санасын уланудан сақтап қалайық.​

Фотода: Зейін Әлібек

Гүлназ Әлімгерей: Байқасаңыз, бүгінде екінің бірі журналист болып кетті. Менің ойымша, журналист болу үшін алдымен білім қажет.  Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің ұтар  тұсымыз – ақпараттың өте жедел тарап жатқандығы болса, ұтылып жатқан тұсымыз жеделдіктің  арасында әрі бір-бірімізбен бәсекелес боламыз деп жалған ақпаратқа жол беріп жатырмыз. Сонымен қоса, тағы бір айта кететін жәйт – тілшілеріміздің жазу стилі. Бәрімізге белгілі, бүгінде барлығы өзінің стилін қалыптастыруға тырысып жатыр. Бір жағынан бұл жаман емес те болар. Бірақ  өзгеге ұқсамайтын жазу мәнерімен жазам деушілер тіл саласының белгілі бір заңдылықтарын да қатар ұстанып отырулары қажет деп есептеймін. Осы ретте біз өте көп қателіктерге жол беріп жатамыз.

El.kz: Сіздің ойыңызша, бүгінгі нарық заманында журналистер қандай болу қажет?

Әбдірәлі Бөлебай: Ең бастысы журналист жалпақ жұртқа шынайы, дұрыс әрі түсінікті ақпарат таратып отырулары  тиіс.

Зейін Әлібек:  Қай заманда болмасын журналист сауатты, білімді, білікті, еңбекқор болуы қажет.

Гүлназ Әлімгерей: Қалам мен қағазды серік еткендер әрқашан ширақ, ізденімпаз болғаны дұрыс деп есептеймін.

El.kz:   Елдегі БАҚ-тар дүние жүзіндегі дамыған елдер журналистикасының қандай жетістіктерінен үлгі алулары керек?​

Әбдірәлі Бөлебай: Шетелдік арналардың, әсіресе аналитикалық бағдарламаларын  жүргізетін дикторларға көңіл бөлсе деймін. Мәселе еліктеуде де емес, оларды көшіріп, еліміздің эфиріне шығару да міндет емес. Маған қазіргі кезде «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында  «Парасат майданы» бағдарламасын жүргізетін Дархан деген бауырымның  ойын әдемілеп айтқаны ұнайды.

Зейін Әлібек:  Шығармашылық тұрғыда еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары ешбір елден кем емес. Шетел БАҚ-ның технологиялық жетістіктерінен үлгі алуымыз керек. Жаңа технологияларды неғұрлым тезірек енгізіп, меңгерсек соғұрлым жақсы.​

Гүлназ Әлімгерей: Біздің БАҚ дүниежүзінің  озық елдерінің журналисттік зерттеу жүргізу саласынан үлгі алулары қажет. Әсіресе экономикалық сараптау жағына бетбұру керек сияқты. Себебі біздің елде бұл тақырыпқа материалдар жазатын журналистер некен-саяқ болып тұр.

Фотода: Гүлназ Әлімгерей

El.kz: Сізге еліктейтін әрі үлгі тұтатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Әбдірәлі Бөлебай: Меніңше, әр журналистің өзіндік қалыптасқан дара жолы болады. Бастысы, жауапкершілікті сезінулері қажет.

Зейін Әлібек: Жалпы, қай-қайсысы болмасын жас маманның шынайылық, әділдік, арлылық секілді қасиеттерден арылмауын сұрар едім.

Гүлназ Әлімгерей: Бос уақыттарын құр жібермеуге кеңес берем. Себебі ертеңгі күні жұмысқа орналасып, отбасын құрған шақта оқуға уақыт болмайды. Сондықтан қазірден бастап көбірек ізденіп, көбірек кітап оқу қажет. Бір сәттік жеңіл дүниеге әуес болмай, кез келген мағлұматты шынайы ақпарат көзінен алуға машықтанғандары жөн.

El.kz: Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

Әбдірәлі Бөлебай: Үйде гүл өсіремін. Немерелеріммен бірге қыдырамын.

Зейін Әлібек: Сол бос уақыт деген болмай тұр. Бола қалса кітап оқуға тырысамын, спортқа көңіл бөлемін, отбасыммен ел-жер аралағанды ұнатамын.​

Гүлназ Әлімгерей: Бос уақытымды отбасыма арнаймын. Аналық міндетімді атқарамын. Балаларға көңіл бөліп, бірге қыдырамыз. Кейде өзіме де уақыт бөлуге тырысамын. Және денсаулыққа да қарауды ұмыт қалдырмаймыз. Үйімізге қонақ шақырамыз. Себебі үйге қонақ келсе, береке, ырыс-несібесімен келеді. Жалпы достарымызбен, туған-туыстарымызбен бірге уақытты қызықты өткізуге тырысамыз. Қаланың  күнделікті күйбең-тіршілігімен  жүріп, үлкен кісілерімізге де уақыт табамыз.

El.kz: Сұхбаттарыңызға рақмет. Кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен  құттықтаймыз.

P.S. Қай заманда болмасын қалам мен қағазды серік еткендердің  жүгі ауыр болған. Әркез жаңалықтың жаршысы саналатын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ойлары ұшқыр, жазарлары көп, қаламдары үшкір, сөздері өтімді болсын.  Күн сайын түрлі тақырыптарға қалам тербеп, халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан  әмбебап барлық әріптестерімізге шабыт пен шығармашылық мол табыстар тілейміз.

(Суреттер   сұхбат берушілердің жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға