Жаңалықтар

Бибігүл Жексенбай төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды

Бибігүл Жексенбай төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 16.05.2024 12:40 690

Биыл тасқын судан 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй зардап шекті.  Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа тәсілдерін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апат қаупі жоғары аймақтарға жатады. Бұл табиғи апаттан сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеді. 

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, табиғи және техногендік апат аймағы бар елдерде ықтимал ауқымды шығындарға байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы арнайы сақтандыру қорлары мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Шығындарды жабу үшін мемлекеттік қорлар құрылады, жетекші халықаралық қайта сақтандырушылардың міндетті қайта сақтандыру есебінен қаржының жинақталуы сақталып тұрады, - деп атап өтті сенатор.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан  төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек  өтеледі. 

Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған, - деді ол. 

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды. Төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Төтенше жағдай қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру керек.

Одан бөлек, халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуі тиіс және онда қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу мен сақтандыру ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға