Жаңалықтар

Бибігүл Керімова: Дикторлар - көрінбейтін майдан жауынгерлері

Бибігүл Керімова: Дикторлар - көрінбейтін майдан жауынгерлері
Фото: коллаж El.kz 13.11.2024 17:08 2993

Ел арасында бүгінгі кейіпкеріміздің өзін көрмесе де, дауысын естімегені аз шығар. Әуежайда рейсіңізді күтіп отырғанда, теміржол вокзалына жолаушыны шығарып салуға келгенде, жол білмей телефоныңыздың картасын қосқанда, көлік таңдап жүргенде, досыңызға қоңырау шалып, телефоны өшірілу тұрса да сіз еститін дауыс – бір.  Ол дауыс – радиожүргізуші Бибігүл Керімованың дауысы. Бибігүл Керімова – Мәдениет және өнер саласының үздігі. Дауысы брендке айналған диктор. Шым қала тумасы. Екі ұл өсіріп отырған аяулы ана. Анасының арқасүйер жанашыры. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі диктор, коуч, радиожүргізуші Бибігүл Керімовамен сұқбаттасып, диктор мамандығының қызығы мен шыжығы жайлы сұрап-біліп қайтты.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Дикторлық қызметке қалай келдіңіз? Мамандыққа деген қызығушылық қалай пайда болды? Алғашқы қадамдарыңыз жайлы баяндасаңыз?

Бибігүл Керімова: Сәлеметсіз бе?! Дикторлыққа қызығушылығым кішкентайымнан бар-тын. Анамның дауысының жағымдылығына елтіп өстім. Ол Мұхтар Шахановтың шығармаларын жатқа айтатын еді. Университетке түскенде концерт жүргізу, басқа да іс-шараларға белсенді атсалыстым. Бір күні радиода кастинг болып жатқаны туралы танымал топ әрі бренд-войс Ержан Мұқаштан естідім. Ол ұстазым Бегман ағайдан «дауысы әдемі қыз керек» деп сұраған көрінеді. Ұстазым мені ұсыныпты. Осылайша, жергілікті Шымкент қаласындағы Umax FM-ның кастингісіне барып, сол жерде қалдым. Кейін 31 арнада жұмыс істедім. Алматыдағы «Хабар» арнасы ұйымдастырған кастингтен өттім. Содан саладағы еңбек жолым басталып кетті. «Классика» радиосы, Nostalgie радиосы, «Той Думан», «Гәкку», «Дача» радиосында жұмыс істедім. Қазіргі таңда еліміздегі ірі ойын-сауық орталығының ресми даусы болып табыламын. Бүгінде  фриланс диктормын. Радиоға 17 жасымда келдім. Бастапқыда тағылымдамадан өтіп, кейін жұмысқа орналастым. Мәскеуде оқыдым. Танымал голливуд жұлдызы Анджелина Джолиді дыбыстаған Ольга Зубкова, Аль Пачиноны дыбыстаған Владимир Ереминнің дәрісін тыңдап, білімімді ұштадым. Жарнамалаудың қыр-сырын меңгеріп шықтым. Бүгінде көрген-білегінімді көпшілікке үйретіп келемін.

El.kz: Дауысыңыз брендке айналды. Білуімше, көптеген байланыс операторы, әуе компаниялары, банктер және де өзге де жарнама берушілермен етене жұмыс істейсіз. Осы компаниялармен жұмыс қашан және қалай бастауын алды? Қандай қызықты сәттерді еске ала аласыз?

Бибігүл Керімова: Иә, көптеген алдыңғы қатарлы компаниялардың дауысымын. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде анамның ұялы телефонындағы бірліктер таусылып қалып, телефонның арғы жағынан «шотыңызды толтырыңыз» деген дауысты естиді. Дауысымды танып қалған анам түсінбей, «Бибігүл, айналайын, 200 тг шотыма сала салшы» деп айтпасы бар ма? Есімізге түссе, әлі күнге дейін бір күліп аламыз. Банктерді дыбыстаймын. Енді бірде банкке барып кезегімді күтіп отырған едім. Кезегім келер емес. Жанымда құрбым бар. «5 номерлі талон 8-терезе келіңіз» деп әзілдедім. Кезектегілер түсінбей, абдырап қалғаны бар. Кейде достарым хабарласқанда «Бибігүл қызмет аясынан тыс жерде, кейінірек хабарласыңыз» деп жауап беремін. Рас, арасында осылай қалжындап тұрғанды ұнатамын.

El.kz: Көшеде дауысыңыздан танып, хал-жағдай сұрасатын жандар бар ма?

Бибігүл Керімова: Көшеде дауысымды танығандар көп деп айта алмаймын. Ондай жағдай бірді-екілі болды. Бірде әуежайда әуе компаниясының хабарландыруы шыққан сәтте жанымдағы бейтаныс қыз бұрылып, «сіздің дауысыңызға ұқсайды екен, сіз емес пе?!» деп сұрады. Енді бірде дауыстап сөйлеп жатқанымда «дауысыңызды таныдым» деген адам болды. Есіме түсіп тұрғаны осы ғана. Әйтпесе, біз - көрінбейтін майдан жауынгеріміз.

El.kz: Мәтін оқығанда қандай ерекше техникаларды қолданасыз? Дауысты қалай дұрыс қою керек?

Бибігүл Керімова: Дауысты қою күнделікті тәжірибені қажет етеді. Негізі ауыз қуысы, ерін – етті мүше. Бет бұлшық еті - ең еріншегі. Күнделікті жаттығып тұрмаса, қалыпты жағдайына түседі. Сол себепті артикуляциялық жаттығуларды жасап отыру керек. Регистрді ауыстыру арқылы көптеген жарнаманы, ойындарды дыбыстауға болады. Дауыс гигиенасын сақтау керек. Бұл жазылым алдында тәттілерді, қант қосылған кофе, шайды ішпеу керек дегенге саяды.

El.kz: Әртүрлі кейіпкерді дыбыстау кезінде эмоцияларды дұрыс жеткізудің құпиялары болады ма? Толығырақ айта кетсеңіз.

Бибігүл Керімова:Қиялмен жұмыс жасау қажет. Сол кезде ғана эмоцияны дұрыс жеткізе аласыз. Мәселен, қарт әжейді дыбыстағанда, сол кісінің кейіпіне ене білу керек. Ойыңызда бір адамның образы болғаны маңызды. Мен бірден апамды елестетіп, «апам қалай сөйлеуші еді?» деп ойланамын. Бірде мотоцикл айдап келе жатқан қызды дыбыстадым. Сол сәтте есіме бірден «Лара Крофт» фильміндегі басты кейіпкер түсті. Осылайша, сөйлеу мәнерін қайталап, образға кіріп, дыбыстап шықтым. Бұл - қиялмен жұмыс жасау керек деген сөз. Онсыз дыбыстау мүмкін емес. Сондай-ақ, «интонирование» деген термин бар. Интонацияға мән беруді талап етеді. Дауыс ырғағын құбылтып, айқайлап, ұрысып, жұбата отырып эмоция беру керек. Актерлік шеберлік қажет.

El.kz: Фильмдерді, мультфильмдерді және аудиокітаптарды дыбыстап көрдіңіз бе? Айырмашылықтар бар ма? Болса, қандай?

Бибігүл Керімова: Үндінің «Ханшайым» деген киносы бар. Сол фильмдегі қыздың дауысы - менікі. Сондай-ақ, көбіне киноның трейлерін дыбыстаймын. Аудиокітаптарды дыбыстау да ойда бар. Бірақ уақыт тапшы.  Болашақта қолға алу – басты мақсат. Бүгінде ірі компаниямен келісім-шарт жасасатым. Шарт бойынша қазірге ештеңе оқи алмаймын. Айырмашылықтар жайлы айтатын болсақ, әрине бар дер едім.  Бізде жарнама, дубляж, еске алу, love story-ді жиі оқытады. Ал оларды дыбыстаудың айырмашығы - жер мен көктей. Ақпараттың ұсынылуына да байланысты. Мәселен, еске алуды көтеріңкі көңіл-күймен оқып, love story-ді қайғырып оқыған орынсыз. Соның ара-жігін ажырата білу керек.

El.kz: Қателеспесем, сөйлеу техникасы мектебінің негізін қалаушысыз. Бұл мектепті ашуға не түрткі болды? Идея қалай туындады? Қандай мақсатты көздедіңіз?

Бибігүл Керімова: Мәскеудегі оқуымды бітіріп келген соң, сұраныстар арта түсті. Ресейден тапсырыс берушілер хабарласып, «қажетті» дауыс тауып беруге қолқалады. Сол кезде кімді ұсынарымды білмей, біраз шақшадай басым шарадай болғаны бар. Дикторлар әлемінен ұсынатын бір-екеуі ғана болды. Осылайша, ойыма арнайы мектеп алу идеясы келді. Өзімнің сөйлеу техникасын үйрететін мектебім бар. Биыл есігіміздің айқара ашылғанына – 3 жыл. Асхат Садырбайұлымен бірлесіп академия да аштық. Ол  телевизия саласының майталманы болса, мен радиодағы адаммын. Бүгінде академиямызға 1 жыл толады. Академияда ең әуелі психологиялық тұрғыда жұмыс істейміз. Адамдардың бойында түрлі қысылулар (зажим) болады. Оны балалық шақта алған жан жарасымен шатастырмаған жөн. Мектепке бойында қысылулары бар ересек азаматтар келіп жатады. Көпшілігі - тұйық мінезді. Диафрагмамен жұмыс кезінде қарқылдап күлу маңызды. Ер азаматтарды осылай күлдіру қиынға соғады. Өйткені оларда «плечевой зажим», «горловой зажим» деген болады. Солардың бәрін босатуға тырысамыз. Сөйлеу техникасының мектебі мен медиа академияның айырмашылықтары бар. Мектепте Вокал сабағы міндетті түрде болады. Диафрагмамен жұмыс істейміз. Жасанды қорқыныш тудырамыз. Мысалы қорқынышты трейлерді дубляждап жатсақ, жасанды қорқынышты тудыру қажет. Кей кездері эмоцияны шығару мақсатында атпен серуендеуге немесе таэквандо, каратэ сияқты спорт түрлеріне қатысуға кеңес береміз. Мектептің бір артықшылығы ретінде курс аяқталған соң, чатқа қосатынымызды айта аламын. Мәскеуден түскен тапсырыстарды қабылдап, шәкірттерімнің арасынан үздіктерін ұсынып отырамын. Мектеп жетістігі ретінде 5-6 шәкіртімнің радиоға шақырту алып, қызметке кірісіп кеткенін айта аламын. Арасында жарнамалар оқитындары бар. Ресейдегі алпауыт банкті екі ай дыбыстап, қомақты қаражат алған оқушыларым бар. Мерейтойымды елеп-ескеріп, алтынмен аптап, күміспен қаптап жатқандары жүрек жылытады.

El.kz: Көпшілік алдына шығып, сөз сөйлегісі келетіні бар, бірақ жүрексініп, өз дауысын ұнатпайтындарға қандай кеңес берер едіңіз?

Бибігүл Керімова: Көпшілік алдына шыққанда қолдануға болатын керемет техника бар. Сахнаға шыққан бойда өзіңізге ұнайтын үш адамды таңдап алу керек. Үшеуі үш жақта болғаны дұрыс. Киім үлгісі, күлкісі жағымды адамдарды таңдап, көзбен іліп алу қажет. Сахнаға шыққанда ортаңғы адамнан бастайсыз. Сосын сол қапталдағы адаммен «көз түйістіріп», кейін оң жақтағы адамға назар аударасыз. Осы әдіс – ең тиімдісі.

El.kz: Дауысыңызбен қалай жұмыс жасайсыз? Күнделікті жаттығулар орындайсыз ба?

Бибігүл Керімова: Кәдімгі шарап тығынын қолданып сөйлеймін. Үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерін босаңсытамын.

El.kz: Дауысты синтездеу технологиясы мен жасанды интеллект дәуірінде дикторлық және дыбыстау шеберлігінің болашағын қалай көресіз?

Бибігүл Керімова: Дауысты синтездеуге арналған ақпаратты көп оқыдым. Болашақта жасанды интеллект мен техниканың дамуы көптеген мамандықты ысырып тастау қаупі бар екенін түсінемін. Десе де, жанды дауысқа жететіні жоқ деп ойлаймын. Көппен бірге көрерміз деген ой ғой.

El.kz: Шешендік өнер немесе дыбыстау әлеміндегі жаңа трендтер туралы ойыңыз қандай?

Бибігүл Керімова: Шымкент қаласында шешендік сыныпты бітірген едім. Осындай дәрежеге жетуіме де үлесі зор болды. Көп оқу керек. Дикцияны қалыптастырып, дауысты қоюдың басты қағидасы - кез келген мәтінді көзбен емес, дауыстап оқу.

 El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға