Жаңалықтар

Беймаза түн

Жарқынбек Жұмаділұлы
09.08.2016 03:55 3651

Бүкіл қаланы қараңғылық құшағына орап алып, аспан мүлгіп тұр. Күндізгі қаланың тынымсыз тірлігі тоқтап қалмаса да, аздап саябырлағандай, анда-санда арлы-берлі  жүйткіп өткен темір тұлпарлардың гүрілі  жолға жақын орналасқан  сегіз қабатты ескі ғимараттың тұрғындарына анық естіледі. Осы ғимараттың терезесі жол жаққа қарап салынған кішілеу бөлмесіне көшенің  жарқырап ілінген сансыз шырақтарының жарығы ма, әлде, жаңа ғана туып келе жатқан жарты айдың  сәулесі ме кім білсін, бір жарық қайдан келсе де,  әйнегі ашық терезеден түсіп, аядай бөлме ішін жарықтандырып, заттарды анық көрсетіп тұр.

Алдымен көзге түсетіні - бір бұрышта орналасқан жалғыз адамдық төсек. Оның қасына сәл орын тастап жалғыз орындықты кішкене үстел орналасқан. Ыдыс - аяқпен тамақ қоятын сөре мен киім салатын  шағын шкаф екі қабырғада қарама - қарсы қатып қалыпты. Бөлме іші жұпыны болса да, мұнтаздай тап-таза, бұдан үй иесінің соншама ұқыпты, пысық, еті тірі жан екенін аңғарасың.

Заңғар осы пәтерді жалдап тұрып жатқанына бақандай екі жылдың жүзі болды. Дәл бүгінгідей қиналып, мазасы кетіп жан азабына түспеген еді. Кеуде тұсынан бір нәрсе жабысып алғандай тырмалайды,  кеудесі сыздап ұзақ-ұзақ күрсінді. Төсекте арлы - берлі  аунап түсті,  ақыры болмаған соң шалқасынан жатты да, ұзақ ойға кетті. « Махаббат деген қосылсаң қуаныш, қосылмасаң қайғы-қасірет екен ғой» деп ойлады ол. «Онымен неге таныстым? Оған неге сендім? Әйел затының бәрі осындай ма?» Қойшы, әйтеуір, Заңғар ойын осылай жауабы жоқ сұрақтар мазалады.

  Оның көз алдына мырт үйірілген кешкі ала көлеңкеде  университеттен қайтар жолдағы саябақта  Айсұлудың  өзінен сәл ұзындау жігітпен құшақтасып тұрған бейнесі тағы да жалт етті. «Арсыз!» - деді ашуы алқымына тығылған Заңғар. Даусының тым қатты шығып кеткенін де сезбей қалды. «Қыздар сияқты көрген жерден  теріс айланып қаша жөнелгенше, неге  барып жігіттің жағасынан ала кетпедім. Бірақ, солай істегенде де, Айсұлу маған мен мына жігітті сүйем, сені тастадым десе қайтем?  Қой, топтық ортада шу шығармағаным жөн болған» деп ойлады .

Ол енді шынтағын жастық қылып бір қырынан жатты. Әлі де көз алдында құшақтасқан бейне кетпей тұрып алды.

   Өмірлік серігім деп  санаған  бақыт құсының көз алдында ұшып шығып, басқа біреудің ыстық құшағына еніп бара жатқанын ойлағанда, жүрегін біреу қанжармен тіліп жібергендей бүкіл денесі шым етті. «Қыздардың бәрі опасыз», - деді ол. Осы ойын дәлелдегендей, Айсұлудан бұрынғы қызы Жанармен  қалай махаббаттасып, қалай айрылысқаны есіне келді. Өткен күн тізбегі көз алдынан қаздай тізіліп өтіп жатты.

                                                        **                                                           

   Заңғар өз ауылында орта мектепті бітірген соң, арман қуып осы қалаға жол тартты. Балалық шағын ауылына қалдырып, қайғысы мен қуанышы қатар жүретін нұрлы болашағын қаладан іздеуге аттанды. Ол қалаға келгеннен кейін қаладағы маңдайалды жоғарғы оқу орынына, филология факультетіне оқуға тапсырды. Бірақ амал қанша, басқалар  оқуға түскендер тізімінен өздерінің есімін тауып алып, бөркін аспанға ата айқайлап қуанып тойлап жатқанда, бұл неше рет қайталап қараса да, Қасенбай Заңғар деген есімді таба алмай салы суға кете сүлкіні түсіп қайтты.

Оның  барар жер, басар тауы қалмағандай көше аялдамасында ұзақ отырды, ауылға қайтқысы келді , бірақ қайтуға батылы бармады. Өзінен зор үміт күткен әке-шешесінің, туыс-туғанның жүзін көруден ұялды. Не істерін білмей қатты қиналды. Шіркін, дәл осы сәтті ұмыттыратын бір нәрсе болса ғой. Кенет есіне бірдеңе түсті де, қайғысына ортақ көңілсіздігіне дауа болатын нәрсені тапқандай болды.

Заңғар орыннан сүйретіле түрды да , жақын маңнан дәмхана іздеп жүріп кетті. Бір көше айналған соң маңдайшасында «Жұлдыз» деп жазылған шағын дәмхананы кезіктірді.

Ол есіктен кірген бойда дәмхана ішін бір шолып қарады да, адамдар сирек болған соң бұрыштағы төрт адамдық үстелге барып жайғасты.

─ Сәлеметсіз бе?! Сіз қандай тағамдарға тапсырыс бересіз? Бұйыра беріңіз!- деп, даяшы  қыз Заңғардың жанына келді де, тамақ тізімін қолына ұстатты. Заңғар тізімді көріп шықты да:

─ Қазірше маған екі шөлмек сыра әкеліңіз, тамақты соңынан бұйырармын, - деді.

Даяшы қыз басын изеп,  сызыла басып кетіп қалды да, екі  шөлмек сыра әкеліп үстелге қойып, ерекше бір шапшаңдықпен шөлмектің аузын тырс-тырс еткізіп ашты да, стаканға толтыра құйып кетіп қалды. Әдетте ішімдікке онша әуестігі жоқ Заңғардың бүгін тәбеті ашылғандай, тіпті бәрін ұмытып сылқия мас болғысы келді. Көңілдегі қайғыны сырамен жуып шаймақшы.

 Заңғар бірінші құмыраны түгетіп, енді екіншісіне түскенде:

─ О, бәрекелді батыр, ішкеніңе жол болсын! - деген жұмсақ, әрі өзіне таныс жылы дауысты естіп жалт қарады. Қасында өзіне күлімсірей қарап ауылдасы Жанар тұр. Заңғар өз ойының жетегінде отырып, оның қасына қашан келгенін байқамаған екен.

─ Не күн туды басыңа сонша ішімдікке беріліп қайғыратындай? - деп Жанар сөйлей жүріп сырт киімдерін шешіп, Заңғардың қарсы алдына отырды.

Заңғар енді байқады, Жанар үстіне не болса соны іліп алып, шаңдатып жүре беретін баяғы қарапайым ауыл қызы емес, қала мәдениетін бойына сіңіріп қалалықтарша  сәнденген тартымды да, сүйкімді болып көрінді.

─ Жалғыз ішкен жаман екен, серіктесіп бірге ішейік! - деп қалжыңдады Заңғар. Айтуын айтып алса да, Жанар не дер екен деп қипақтады. Бірақ Жанар да тартынған жоқ:

─  Мынауың екі адамға аздық етеді, ішкесін құмардан шыға сіміру керек қой, - деп сықылықтай күлді. Даяшыны шақырып алды да , тағы төрт шөлмек сыра алдырды.

Заңғар Жанардың қалжың болса да,  талабын тойтармағанына қуанса да,  қалаға келгелі екі жыл болмай жатып осыншама өзгергеніне іштей аздап ренжулі. Жанар бұрынғы сабырлы қарапайым мінезінен айырылып, жасандылыққа бой ұрыпты.

Екеуі бұл жерде ұзақ отырды. Арада көп әңгіме де айтылды, Жанар ауылдан кеткеннен кейінгі екі жылдан бері не көріп, не білгенін, талай жұмыстың басын шалып көріп, болмаған соң қазір бір дәмханада түнгі жұмыста екенін - бәрін жіпке тізгендей етіп баяндап шықты. Заңғар да өзінің   университетке  түспей қалғанын, енді ауылына қайтқысы келмейтінін мұңая отырып айтып берді.

    Қос мұңлық бұл жерде түн жарымына дейін отырып, оншақты құмыраның түбін сарықты да, қызара бөртіп дәмханадан шықты. Жол бойы бір таксиды тоқтатты да, соған отырып Жанардың пәтеріне қарай тартып кетті.

Сол түні Жанардың пәтеріне түнеп шыққан Заңғардың түнде нендей іс болғаны жайында Жанар екеуінен басқа ешкім білмейді. Белгілісі, сол күннен бастап Жанар екеуінің достықтары махаббатқа ұласып бір отбасы адамындай бірге тұрып жатты.

                                                                  ***

Әлдебір жазушының: «Ақылсыздықпен басталған махаббат абыройсыздықпен  аяқталады», - деген ойлы сөзі есіне түсті де, сол сөздің шындығына көзі жеткендей болды. Заңғардың Жанармен қалай айырылысқаны есіне келді.

     Заңғар бір зводтың түнгі күзет жұмысына орналасқан, ал Жанар  бір дәмханада күндізгі жұмыс істейтін. Демалыс күндері болмаса екеуінің ұзақ уақыт бірге болған күндері болған емес. Күндіз Заңғар үйде болса, Жанар жоқ, түнде Жанар үйде болса, Заңғар жоқ, әйтеуір тынымсыз тірліктің күйбеңі, жалтақ өмірдегі жанбағыстың жанталасы,  екеуінің бірге отырып тамақ ішуіне де мұрса берген емес.

Бір күні Заңғар күндегі әдеті бойынша жұмысқа барған еді, бір сағат болмай жатып басы қатты ауырып, қызуы көтерілді. Отырған орнынан тұрса болды, басы айналып халі құрып болмаған соң, бастығынан рұқсат алып, түн жарымында үйіне қайтты. Есігінің алдына келіп есік қақпақшы болды да, жұмыстан шаршап келген Жанарды оятып алмайын деген оймен қалтасынан өз кілтін алып ақырын есікті ашты, баяу қозғалып аяқ киімдерімен сырт киімдерін шешіп босаға жаққа іліп қойды. Сосын ептеп басып қалыңдығы жатқан бөлмеге кірді. Заңғар кірген бойда аларып тұрып қалды. Оның көзіне терезеден түскен болымсыз жарықтың ала көлеңкесінде Жанармен бірге жатқан бөгде адам көрінді. Заңғардың аяқ қолдары дірілдеп, қаны басына шықты. Электр шамын жақпақшы болып, жаққышын іздеп бұрышты бір талай сипалады, алақанымен тамды ары-бері сыйпалап,  қолға ілінген мезетте басып қалды. Күшті электр шамның қуатымен   үй іші күндізгіден бетер жарқырады. Заңғар енді анық көрді. Төсекте Жанар бейтаныс еркектің мойынына оратылған күйі тәтті ұйқы құшағында жатыр.

  Одан ары не болғаны Заңғардың есінде жоқ. Жүгіріп төсекке жетті де, шырт ұйқыда жатқан жігіттің үстіне міне кетті, басын көрпемен тұншықтырып жалаңаш қолымен төпештей берді. Жанар шошығанынан төсектен домалап түсіп, бұрышқа барып бүрсиіп отырып қалды, әлі ештеңе түсінер емес, қорыққанынан қалш-қалш етеді. Заңғар болса әлі төпештеп жатыр. Бейшара жігіт не түсі, не өңі екені белгісіз, ұйқылы ояу қатты тиген жұдырықтан әрең ыңырсиды.

Жанар есін жиып, төсекте Заңғарды көргенде ұятпен үрей желкеден басып жерге кіргізіп бара жатты. Енді біраз аялдаса, ана жігіттің тұншығып өлетінін біліп, бажылдап жүріп арашаға түсті. Сонда барып Заңғар есін жиғандай болды, жігітті ұруын тоқтатып, Жанарға қарай ұмтылды.

Құлақшекеден тиген ауыр жігіттің шойын жұдырығынан Жанар еденге құлап түсті де, сұлық жатып қалды. Сәл де болса ашуы басылған Заңғар талып қалған Жанар мен жігітке қарап біраз тұрды, сосын бөлмедегі өзіне қарасты заттарды жинап сөмкесіне салды.   Есік терезені бекітіп, үйдегі тамақ пісіргенде пайдаланып жүрген газ ошақтың газын шығарып, жын - шайтанның ойнағына айналған, арамдықтың алаңы осы тар бөлмені өртеп кеткісі келді.  Дәл сол кезде періштесі қақты, ақылы келіп сабырға шақырды.

Заңғар өзінің ашу деген терең тұңғиық құзға түсіп бара жатқанын сезді. Сезді де, сол ашудың түбіне жетсе, өзінің де түбіне жететінін, қайтып шыға алмайтынын білді. Адал қолын арсыздардың арам қанымен былғағысы келмеді. Сонда да ашуы тарқамай,  үйде тұрған ыдыс-аяқтың бәрін қиратып шақты да, сөмкесін көтеріп жұмыс орынына тайып тұрды.

  «Ей, дүние-ай!» Заңғар терең күрсінді. Содан бері талай уақыт өтті. «Уақыт бәрін ұмыттырады, уақыт емші» демеуші ме еді?! Рас-ау, уақыт бәрін ұмыттырады, бірақ  жүрекке түскен жараны емдеп сауықтырғанмен, жараның орынында қалған тыртықты қанша уақыт өтсе де өшіре алмайды екен.

 Осылай санаға түскен сансыз ойлармен арпалысып, өткен өмір суреттерін  көңіл көзінен қайта өткізіп жатып, бірде қуаныш, бірде қайғысымен  қатар жүретін егіз өмірдің адам атты пендесі тағдырдың дегеніне көнбесе шара жоқ екенін білді. Заңғардың жүрегіне түскен ащы дерті еселеп өршімесе, әлі басылар емес.

Көп ойдың ұшқыны мен қиялдың жетегінде жатып, тамыздың ұзақ таңының әлдеқайда асығып ағарып атып келе жатқанын сезбей қалыпты.  Заңғар бір аунап түсті де, терезе жаққа қарап жатты.  Аппақ таңның алғашқы сәулесі, қайғының қара тұманы басқан қараңғы көңіліне үміт нұрын сеуіп, аз да болса жадыратқандай болды. Міне, осылай кеш кіріп күн батады, ағарып таң атады бір ауыр соққымен адам өмірі тоқтап қалмақ емес, әрине, тірі болса, тағы да тіршілік жалғасады.

Заңғар төсектен тұрғысы келді. Бірақ түнімен ұйықтамағандікі ме,  басы зіл батпан болып көтертпеген соң, орынынан қозғалмай жата берді.

Пешенесіне жазды, пендесі көнді. Ешкім де құдіретті күшті жазмыштың сызған сызығынан ауытқыған емес, ауытқи алмайды да.  Заңғар ауырған басын маңдайынан бастап желкесіне дейін қос алақанының  саусақтарын  қайратты қара шаштарының арасымен аралатып, бір сипап шықты да терең күрсінді. Сөйтті де, өзіне өзі: « Бір қыз үшін сонша егілетіндей, өмірден түңілетіндей не жетті маған?! Қайғыруға тура келсе мен емес, ол қайғырсын! Өзін аялайтын, қадірлейтін, шын жүрегімен құлай сүйген, өмірлік ыстық махаббатын  арнаған адал жүректі жігіттен айырылғаны үшін қайғырсын. Ал мен несіне азаптанам, өзімді сүймейтін, өзіме сатқындық  жасаған алдамшы адамнан құтылғаныма қуанбаймын ба?! Сол қайдағы қыз үшін екі жыл маңдай терім сорғалап жүріп еңбектеніп, аңсап жүріп түскен оқуым да қалды жайына!». Заңғар сабаққа барғысы келіп орыннан тұруға оқталды да, «сабақ басталғаннан бүгінге дейін бір ретте қалып көрмедім ғой, бүгін қалсам ештеңе етпес»,- деп қайта жатты. Сол жатқаннан қалжырап шаршағандікі ме, көзі ілініп ұйқыға кетті.

                                                                        ***

Айсұлу Заңғарды тұр-тұрлап жұлқып оятты. Заңғар Айсұлудың дауысынан ұйқыдан оянса да, басын көрпемен бүркеп жатып алды.

─  Үйге қалай кірдің? - деді басын көрпеден шығармастан.

─ Есік бос жабылыпты, итеріп аштым да кірдім. Неге кілттеп жүрмейсің? Бұзақылар кіріп кетсе қайтесің? Жалғыз жатқаныңа алаңдаймын, - деді Айсұлу. «Сайқал», - деді Заңғар ішінен.- Істерін істеп алып, түк білмегендей келіп тұрғанын қарашы, екі жігітпен қатар жүргісі келеді екен өзінің.  Мен оған көнбеспін».

─ Кет сені көргім келмейді! - деді Заңғар төтесінен . Айсұлу күлді. Онымен қоса тағы бір қыздың күлкісі естілді.

─ Жарастыруға құрбыңды ерте келгенсің бе? Керек емес. Оныңнан түк шықпайды. Менің ашуыма тимей тұрғанда, кетіп қал шу шығармай,- деді Заңғар әлі де көрпеден басын шығармаған күйі.

─ Жарайды, кет десең кетейін. Бірақ сөзімді тыңда алдымен, - деді Айсұлу күлкісін тиып. Таңертең сабақта отырсам, басқа университетте оқитын сіңілім Күнсүлу келді маған. Ол сені сырттай таниды, суретіңді көрсеткенмін. Кеше кешкісін жігітімен құшақтасып тұрғанда, сенің сырттарынан қарап тұрып, бұрылып жүгіріп кетіп қалғаныңды көріпті. Сосын мені саған жағдайыңды білейік деп  ертіп келді, ал сенің түрің мынау, бізді қарсы алғанның орынына «кет» деп қуасың.

 Заңғар ойланып қалды: - Сонда кешегі сен емес пе?

─ Ол менің сыңарым, қарасаңшы көрпеден басыңды шығарып, әжесіне өкпелеген балаға ұқсамай! Екі қыз қатар күлді.

Заңғар көрпеден басын жұлып алды да,  аңырып қарап қалды: бір-бірінен аумайтын екі қыз тұр алдында. Не дерін білмеген Заңғар таңырқап отырып :

-Неге ертерек айтпайсың? - деді Айсұлуға қарап. Жүзінен қуаныштың лебі еседі. Айсұлу күлді:

─ Осындай  бір қызықтың шығатынын күтіп жүрдім ғой.

Заңғар күліп жіберді. Арсалаңдап кеп Айсұлуды құшақтай алды:

─Ақымағым сол! Кешір мені! Сенен мәңгі айырылмаймын! - деп булығып барып, көзден бір тамшы жастың қалай ыршып шыққанын сезбей қалды. Әрине қабаққа жиналған бір түнгі қайғы қасіреттің барлығы бір минутта бір тамшы жас болып жанардан үзіліп түсті.

─Айсұлу, Заңғар жаңа екеумізді қуды ғой, неге жабысып тұрсың кетейік, - деп жымиды Күнсұлу.

─Жоқ, жаным, кешір мені! Айсұлуды ешқайда жібермеймін! Сен де келші құшағыма! Менің ып-ыстық махаббатымның көшірмесі! – деп  Заңғар Күнсұлуды да қоса құшағына басты.


18.11.2013 жыл

Жарқынбек Жұмаділұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға