Жаңалықтар

"Бейітіне бармаймын". Асқар Жұмаділдаев әйелі Құралай Молдағалиеваны еске алып, көз жасына ерік берді

"Бейітіне бармаймын". Асқар Жұмаділдаев әйелі Құралай Молдағалиеваны еске алып, көз жасына ерік берді
Фото: Видеодан кадр 20.11.2023 11:47 47549

Академик Асқар Жұмаділдаев алғашқы махаббаты, бірінші әйелі Құралай Тұманбайқызы Молдағалиева туралы естеліктерін айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құралай Молдағалиева ақын Тұманбай Молдағалиевтың тұла бойы тұңғыш баласы болған. Ақын қызына арнап «Құралайым», «Құралай және оның бауырлары» деген жинақтарын шығарған. Құралай да өте дарынды болыпты. Алыс Мәскеудегі физикалық инженерия институтына өзі барып, қабылданған. Бес емтихан тапсырып, сүрінбей өткен. Мәскеуде жүріп академик Асқар Жұмаділдаевпен танысады.

Алғашқы махаббаты Құралай деген қыз еді. Ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыздың қызы еді. Құралай науқасқа ұшырап, ерте кетті. Құралайға да арнаған өлеңдері бар. 50 жылдығында өзінің "Құралайым, менің көзілідірік кигенімді көріп ең, 50-ге толғанымды көре алмадың ғой" деп өлеңін оқыды, - дейді ғалымның досы Қуандық Түменбай.

Ал Асқар Жұмаділдаевтың бажасы Құралайдың институтта оқып жүргенде аяғы ауыр болғанын айтты.

Мәскеуде танысқан. Екеуі де ғылымды, білімді қуып барған жастар. Мінездері ұқсас, бір-бірін қатты жақсы көрді. Құралай оқып жүргенде аяғы ауыр болған. Ядролық-физика факультетінде оқыған соң лабораторияда жүреді. Содан Арман деген баласы жүре алмай, 14 жасқа дейін өмір сүрді, - дейді академиктің бажасы Ержан Белғозиев.

Асқар Жұмаділдаев алғашқы махаббаты Құралай Тұманбайқызын еске алып, көзіне жас алды.

Менің алғашқы ұлым қатты ауырды. Өте ауыр оқиға. Алғашқы жарым Құралайға бір дұрыс гүл бере алмадым. Мүмкіндік болды, бірақ балалық қой, не болатынын білмедік. Қазір жеңгелерің де бар, бәрі бар. Бірақ жалпы ешкімге гүл бермеймін. Той да тойламаймын, ешқайда бармаймын. Қайғыратын болсаң - өзің қайғыр, онда ешкімнің шаруасы жоқ, қағидам осы. Қазақ "әркім өз қатырын өзі қасуы керек" дейді. Бұл менің мәңгілік жүрегімде қалатын нәрсе ғой. Шын айтсам, әйелімнің басына бармаймын. Бұл - ауыр, -  деді ғалым.

Үлкен ұлы қайтқан соң ғалым өлең жазып, шерін солай шығарған.

Ұлым Арман 13 жасында қайтты ғой. Үш айдай қатты қиналдым. Біраз уақыттан кейін шабыт келді де, біршама өлең жазып тастадым. Жазған ең үлкен шығармашылығым осы. Содан кейін жазғаным жоқ. Өлеңге бір кіріп кетсең, шыға алмай қалады екенсің. Сол үшін өлең жазуды тоқтаттым. Абайдың "қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме" деген сөзін түсіндім, - деді ол.

Айта кетейік, академиктің ата-анасы мен бауырлары Асқар Жұмаділдаевтың бала күнінен білімге құштар болып өскенін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға