Жаңалықтар

«Бейбітшілік пен мейрімділік елшісі»: волонтерлерге қандай қолдау көрсетіледі

«Бейбітшілік пен мейрімділік елшісі»: волонтерлерге қандай қолдау көрсетіледі
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 21.06.2023 14:00 1369

Елордада 21-21 маусымда Халықаралық волонтерлер форумы өтті. Оған 34 елден 40-тан астам спикер қатыссті. Форумның екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Волонтерлер форумлда талқыланған маңызды бастамалар мен ұсыныстарды тізіп беруді жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Форумның алғашқы күні ерікті болып әртүрлі салада қызмет еткен волонтерлер өз тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, режиссер Тимур Бекмамбетов цифрлық трансформация кезеінде өмір сүріп жатқанымызды айтты.

Біз қазір әлемдік цифрлық трансформация кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл біздің жұмысымызға, болашақты жоспарлауымызға да қатысты. Бұл трансформацияға жедел бейімделіп жатқан сала - экономика. Көп жыл бойы шығармашылық болып саналған қызмет бүгін басты экономикалық драйверге айналып отыр. Контент жасау мұнай өндіруден маңызды болып барады. Оны қазіргі контент жасайтын компаниялар мен әлеуметтік желілердің қаражатынан байқауға болады. Олар мұнай, металлургия және машина жасау компанияларынан қымбат әрі құзырлы,-деді Бекмамбетов.

Сарапшылар халықаралық волонтерліктің белсенді дамуын атап өтті.

Мәселен, БҰҰ даму бағдарламасымен жұмыс аясында 7 қазақстандық волонтер Иордания, Кения, Тайланд пен Түркиядағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жұмыс істеді. Жүргізілген жұмыс біздің елге волонтерлік қызмет саласында әлемдік оң тәжірибені енгізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен Волонтерлік кеңестің халықаралық ынтымақтастығы дамуда. 

Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы бірлесіп Қазақстанда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде айтылған «Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын» жариялау туралы бастамасын ілгерілету бойынша Жол картасының жобасы әзірленді.

Бұл бастама түрлі халықаралық диалог алаңдарында, атап айтқанда Ресей, Тайланд, Қытай мен Түркияда өткізілген іс-шаралар аясында талқыланды.

Қазақстанда 2020 жылы Волонтерлер жылы болды. Осы жылы еріктілерді қолдайтын бірқатар іс-шара мен бастамалар жүзеге асырылды.

Өткен жылы мемлекет басшысы «Волонтерлік қызмет жөніндегі» заңға қол қойды. Ол заңда волонтерлік қызметтің елімізде қолайлы жұмыс жасауына жағдайлар жасалған. Негізі еріктілердің оқуға түсу кезінде, жұмысқа орналасу барысында басымдық беріледі. Қазір волонтерлік ұйымдарға қоймалар керек. Сол қоймаларды жергілікті атқарушы органдар арзан бағамен не болмаса тегін беруге заңды тетіктер берілген.

Екібастұз қаласындағы ТЖ кезінде 300-ден астам волонтер гуманитарлық көмекті қабылдау және сұрыптау пунктерін ұйымдастырды.Түркиядағы табиғи апат кезінде елге 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 150 киіз үй жіберілді, AFAD қорына 10 миллион доллардан астам қаражат бөлінді.

Абай облысындағы орман өрттері кезінде волонтерлер гуманитарлық жүктерді жөнелтумен айналысады. 3 штабта көмек көрсетеді, күн сайын өрттің жанында 300-ден астам ерікті жұмыс істейді.

«Біргеміз» республикалық фронт-офисі 120 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 24 мыңнан астам іс-шара өткізді.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің қолдауымен 7 қазақстандық Кения, Иордания, Түркия және Таиландта БҰҰ құрылымдарында волонтер болып қызмет етеді. Әлем бойынша 16 мемлекеттің волонтерінде ғана осындай мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керегін айтты.

Бұл ретте мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды.  Волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет.  Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет, - деді ол.

Президенттің айтуынша, еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды.


Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын. Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста, мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады, - деді ол.

Волонтер болу бұл, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет;

Мемлекет басшысы халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямағаннын жеткізді.

Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз. Өткен аптада Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеттім. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады, - деді ол.

«Бейбітшілік пен мейрімділік елшісі»: волонтерлерге қандай қолдау көрсетіледі

Мемлекет басшысы ретінде ол «адамдар арасындағы дипломатия» қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары деп санайтынын айтты.

Сонымен қатар ғұмырын басқаларға жәрдемдесуге арнаған жандар, әсіресе шетелдік қоғамдастық өкілдері, қандай да құрметке лайық және адамзаттың асылы деген атқа сай деп ойлаймын. Шын мәнінде, сіздер бейбітшілік пен мейрімділік елшісі ретінде халықтардың арасын жақындатып, түрлі мәдениет пен өркениет арасындағы диалогқа дәнекер болып жүрсіздер. Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайды. Осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз. Астанада өтіп жатқан бүгінгі форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Форум жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің ізгі миссияларыңызға табыс тілеймін, - деді Президент форум барысында.

Сондай-ақ форумға шетелдік лауазымды тұлғалар да қатысты.

Атап айтатын болсақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің форум қатысушыларына үндеуін ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори оқып берді.

Сондай-ақ жиында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да спикерлер сөз сөйледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға