Жаңалықтар

Бейбітшілік бесігін тербеткен ел

Бейбітшілік бесігін тербеткен ел
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 12.10.2024 11:29 507

Қазақстанда Рухани келісім күні 1992 жылдан бері аталып өтіп келеді. Дәл сол жылы Алматыда Бірінші Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресі өтіп, оған қатысушы дін өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялаған. Содан бері бұл күн бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 120-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдерінің ортақ мерекесіне айналды.

Тәуелсіздік жылдарында Астанада әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары бірнеше мәрте бас қосып, жаһандық мәселелерді талқылағаны баршаға мәлім. Бұл орайда Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау тұрғысындағы саясатын бүкіл әлем мойындайды әрі жоғары бағалайды. Бағалап ғана қоймай, бейбітсүйгіш елдің бірегей моделін өздеріне үлгі етіп алғаны жасырын емес.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 12 конфессияның өкілдерін біріктірген 152 діни бірлестік бар. Сондай-ақ 148 діни ғимарат пен діни ғимараттардан тыс жерде орналасқан 20 құлшылық орны бар.

Бейбітшілік бесігін тербеткен ел

Өңірдегі дін ұстанушыларының дені ислам, православ, католик, протестант, иудаизм сынды әлемдік діндерді ұстанады. Облыс аумағындағы барша діни бірлестік өкілдері елдегі тұрақтылықты нығайтуға, адамдар арасындағы достық пен бауырмалдықты арттыруға, ізгілік пен мейрімді насихаттауға барынша үлес қосып келеді. Мұсылман қауымының қасиетті мейрамы – Құрбан айт пен Ораза айтта, православтардың Рождествосында, сондай-ақ өзге де айтулы мерекелерде түрлі конфессиялардың өкілдері бірін-бірі құттықтап, қайырымдылық акцияларына белсене атсалысып, ізгі істерге ұйытқы болуда. Атап айтсақ, биыл көктемде өңірдегі діни бірлестіктердің жетекшілері Ұлан ауданының Таврия ауылындағы емдеу мекемесіне барып, қайырымдылық шарасын өткізді. Ол жерде тұрақты тұрып жатқан адамдарға сый-сияпат көрсетілді, – деді Шығыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанат Мекеева.

 Басқарма басшысының айтуынша, қайырымдылық акциясына «Свет миру» Толық ізгі хабарлы евангелиялық христиан шіркеуінің жетекшісі Е.Дю, Өскемен қаласының «Источник жизни» христиан евангелиялық елуінші күн шіркеуінің жетекшісі Н.Зубенко, «Спасение» евангелиялық христиан баптисттері шіркеуінің жетекшісі С.Зверев, Шығыс Қазақстан евангелиялық-лютерандық шіркеуінің жетекшісі В.Коншу, Өскемен Кришна сана қоғамының жетекшісі Е.Бауэр, «Халифа Алтай» мешітінің өкілі Б.Кәдірұлы және басқалары қатысқан.

Бүгінде елімізде жүзден астам ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында, ауызбіршілікте, татулықта өмір сүріп жатыр. Өңірдегі конфессиялар арасында өзара достық қарым-қатынас берік қалыптасқан. Соның нақты дәлелі ретінде Құрбан айтты, Рождествоны, Сабантойды, Пасханы және өзге де мейрамдарды бірге атап өтеміз. Өзге дін өкілдері бізге келеді, біз оларға барамыз, үстел басында отырып дінаралық татулық жайын кеңесеміз. Діни бірлестіктермен ашық есік күндері өтіп тұрады. Облыстық дін істері басқармасының жанынан өңірдегі діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы құрылған. Бұл клубтың конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтуда рөлі зор. Мінеи, өңірдегі конфессияаралық татулық осындай нақты істермен көрініс тауып жатыр, – деген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай кез келген мемлекеттің дамуы мен болашағы елдегі тұрақтылық пен татулыққа байланысты екенін атап өтті.

Облыстың дін өкілдері қайырымдылық шараларынан да шет қалмай, өз үлестерін қосуда. Айталық, биылғы Ораза айт мерекесінде «Халифа Алтай» мешіті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен, өңірлік Достық үйімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыннан зардап шеккен Солтүстік өңірдегі ағайындарға гуманитарлық көмек жіберді. Тасқыннан зардап шеккен аймақтар үшін көмек қолын созуға бүкіл облыс тұрғындары белсене қатысып, еріктілерден құралған фронт-офистің штабы негізінде 19 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ал облыстық «Халифа Алтай» мешіті жеке өзі 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Сонымен қатар діни бірлестіктердің жетекшілері тарихқа тағзым етіп, рухани құндылықтармен сусындауға да уақыт тауып жүр. Алаштың астанасы болған Семейге сапар шегіп, қаладағы өткен дәуірлерден сыр шерткен мұражай үйлерін аралады. Оның ішінде Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде, Абай ұлттық музейінде, Ф.Достоевскийдің музей-үйінде болып, құнды жәдігерлермен танысты.

Өскемен және Семей эпархиясының архиэпископы Амфилохий  қоғамға ізгіліктің дәнін сеуіп, адамдардың бойына бауырмалдық, мейірімділік, жақыныңа жәрдемдесу сияқты қасиеттерді ұялататын Рухани келісім күні мерекесінің көпұлтты Қазақстан үшін рөлі жоғары екенін айтады.

Рухани келісім күні – ұлтына, діни сеніміне, тілі мен діліне қарамастан баршамызды біріктіретін мерейлі мереке. Біз үнемі халықты береке-бірлікке шақыратын ортақ істерге ұмтылуымыз керек. Мысалы, біз православ храмдарында құлшылық жасағанда әрқашан халықтың амандығын, елдің бірлігін тілеп, адамдар барлық ауыртпалықтар мен қиыншылықтарды жеңсін деп дұға етеміз. Рухымыз құламасын, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрейік деп тілейміз. Жаратушы біздің қаланың, облыстың, еліміздің тұрғындарына тек жақсылық нәсіп етсін, әрқайсымызға сабырлық пен ынтымақ берсін деп дұға қыламыз. Әр адамның жүрегінде Құдайға деген махаббат, жақындарына деген сүйіспеншілік, жалпы адамзат баласына деген мейірім болсын. Сонда бүкіл әлем бейбітшілікті, достық пен татулықта өмір сүреді, дамиды, – деді Амфилохий.

Шығыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының мұрындық болуымен тоқсан сайын діни бірлестіктер жетекшілері клубының отырысы өткізіліп келеді. Бұл жиында рухани мәселелер қаузалып, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, ізгілік пен татулықты дәріптеу, түрлі ұлттардың мәдениеті мен дәстүр-салтын насихаттау, жас ұрпақты жат әдеттерден сақтандыру және олардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру сияқты өзекті тақырыптар қаузалады.

Клуб отырысында жұмыс жоспарына сәйкес түрлі тақырыптар талқыланады. Оның ішінде атап айтсақ, интернеттегі алаяқтық, жасөспірімдер арасындағы суицид, отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты мәселелер әңгіме арқауына айналады. Жиынға діни бірлестіктер жетекшілерімен бірге құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары да тұрақты қатысады. Айталық, биылғы отырысқа облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қатысып, отбасындағы жанжалдан туындайтын қылмыстық әрекеттер, интернеттегі алаяқтық туралы маңызды ақпарат ұсынды. Мұндай маңызды жиындар алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Еркін Қожасейітов.

Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім нығая түсті. Елдегі тұрақтылық пен достықтың арқасында мемлекетіміз өсіп-өркендеп, экономикамыз дамып келеді.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға